Қисықтың хикаялары

Өз ойым /
Балалық шаққа саяхат
«Балалық шаққа саяхат». Әйгілі шығарманы білмейтін жан, оның авторы Бердібек Соқпақбаетың аты аталса да құлағы елеңдемейтін адам кемде кем. «Не жазды екен? Қандай қызық бар екен?» деп, оқырманды өзіне баурап алатын тақырып екені де сөзсіз. Құрметтім бірақ әңгіме мүлде бұл турасында емес.
Қаладағы облыстық интернатта оқығандықтан мен бір сенбі нағашымның үйіне, бір сенбі ауылға баратынмын. Қыстың іші болатын. Нақты қай сыныбымда екенін ұмытыппын. Е, алғаш бесінші сыныбымда болған кеште ауылдас Бекжан деген оныншы сыныптың баласына күзге арнатып өлең жаздырып алып, сахнаға шыққанда өзімнің атымнан оқып жібергенмін. Содан бері мені сыныптастарым ақын деп танитын. Әуелі бір жолы мектебімізге басқа қаланың мұғілімі сабақ беруге келіп, соңғы ұйқастарын тақтаға жазып, бір шумақ өлең құраңдар дегенде жұрттың бәрі Бағалай құрасын деп, маған аудара салған. Мен бір қызарып, бір бозарып әрең отырғанда Қисық деген бала құрап мені құтқарып кеткен. Содан бастап сыныптағылар менің ақын екеніме күмәндана бастаған. Мен болсам намысыма тырысып, ақын атымды қорғап алмақ боп жүрдім. Сөйтіп, бір нәрселерді жазам, жыртам. Арасында өзіме ұнағандарды қойып қоям. Нағашымның үйіне барғанда да, жазу үстеліне отырып бір параққа өлең жазып, әдейі тастап кетем. Ондағым нағашым оқыса екен деген ой. Бұл әрекетім талай рет іске аспай жүрген, бір жолы түпкі бөлмеде ұйықтап жатып, нағашымның кіріп шыққан жүрісінен оянып кеттім. Жазу үстелі тұрған бөлмеге кірді. Оп, ойладым: қазір өлеңімді оқыса екен деп. Есік жабық болған. Мен өтірік ұйықтаған боп жатырмын. Бір кезде менің жазғанымды нағашекем де дауыстап оқи бастады. Осыған дейінгі қаншама тастап кеткен шатпақтарымды көріп, менің ішкі тілегімді түсінген нағашым да әдейі «оқыдым жазғаныңды» дегендей маған естірте оқыған шығар мүмкін. Мен де сол күні «менің ақын екенімді білдіңдер ғой» дегендей танауымды көтеріп жүрген шығармын. Кім білсін…
Сол интернатта қандай қызықтар бастан өтпеді дейсің. Қыс бітіп, жаныңды жадыратар көктемнің орта тұсы болатын. Мақтамен сіресе бікетілеген мектеп терезелер де қаһарлы аяздан құталғандарына мәз болғандай айқара ашылатын. Біздің сынып бірінші қабатта еді. Беске жауап берсең төрт, төртке жауап берсең үш қоятын, бірақ ана тіліміздің грамматикасын миымызға ғана емес, қанымызға сіңдіріп, бойымызға біте қайнатып жіберген Жанат апайдың сабағы болатын. Әлгі баяғыда мені құтқарған Қисық тынымсыз бала болып шықты. Сабақты жақсы оқығанымен, мінезінің қиқарлығы одан асып түседі. Апайымыз жаңа сабақ өтіп жатқан. Бірінші қатардың соңғы партасына отырып алған Қисық апай жұмыстарымен айнала бастаған кезде терезеден сыртқа секіріп шығады да, көшеден айналып сырт жақтан кеп тұрады. Ештеме аңғармаған апаймыз «Қыңырбаев, жаңа отыр едің ғой. Кір тез.» деп, сабағын одан ары өте береді. Орнына жайғасқан Қиекең мұғалім тағы бір шаруаларымен тақтаға айнала бергенде, терезеден қарғып түсіп, айналып кеп тұрады. Аңқау апаймыз: «сен жаңа кіріп едің, тез отыр» деп, ештемеге мән берер емес. «Ашыққаннан құныққан жаман» дегендей, апайдың бұнысына әбден дәндеген Қисық үшінші рет терезеден шығып, кетіп бара жатқан кезде байқап қалған апайымыз бұлқан-талқан ашуланып, бірден екі екісін қойып, екі қолын бүйрегіне таянып, «апай, кіруге бола ма?» деп, есік қағатын Қыңырбаевты рұқсат cұратпай-ақ кіргізіп алып, айқайдың астына алды. Оған мәз болған біздің айызымыз қанып отыр. Онсыз да әрең отырған сабақ жайына қалды. Өзі ұрыс естісе де, Қисық бізге осылай бір жақсылық жасады.
Сол Қисық тағы бірде, тағы сол Жанат апайдың сабағында тағы «пазор» болды. Бұл жолы қазақ тілі емес, әдебиет пәні болатын. Үйге Мұқағалидің бір өлеңі жаттауға берілген еді. Үнемі сабаққа дайындықпен келетін Қисықтан апай жаттауды сұрамай, өзгелерімізден бастаған. Қисық қайта-қайта «апай, апайлап» өзі бірінші қатардың соңында отырса да, қолын шошаңдатып тақтаның алдына дейін барады. Апайымыздың «сенен бүгін сұрамаймын, бағаң жетеді» деген сөзіне бой берер Қисық жоқ. Бір уақытта мұғалімнің өзі де шаршады ма, әйтеуір қолын тік көтерген бойда тақтаның алдына келген Қиекеңе «ал, айтшы» деді. Бағанадан бері апайлаған жігітімізде үн жоқ. Сөйтсек, өзінің жаттамай келгенін жасыру үшін апайлаған екен. Ақыры бой бермеген өзі тағы апайды алдағаны үшін екі екісін алды. Өзі ісіне қайғарып тұрса да, бізде күлкінің астана қалдырған Қисықтың бұ да «біткен ісі болды».
Кейін жоғары сыныпқа көшкенде де Қисықтың артынан ерген сөздер азайған емес.Интернат болған соң бір-бірінің киімін кию деген салт болды. Таңертең сабаққа асыққан Қисық үйден келген Ерғанат деген өзінен бір сынап төмен оқитын баланың аяқ киімін шешіп, өзі киіп апты. Сабаққа бармай, бөлмесінде отырған Ерғанат тексеруге келген сынып жетекшісіне ұсталып қалған. Сынып жетекшілері отырсаң опақ, тұрсаң сопақ қылатын Роза деген апай еді. Оқушысының не себепті сабаққа бармай отырғанын жанын қоймай біліп алады. Біз әдебиет сабағында отырғанбыз. Роза апайдың айғайлаған дауысы дәлізді жарып барады. Тура сол екпінмен біздің сыныпқы кірді. Қыңырбаевты өз сыныбының алдына дедектетіп апарып, бүкіл оқушылардың көзінше аяқ киімін өз иесіне қайтартып, жалаң аяқ қуып жіберіпті. Бұл әрекетіне кейін өзі ұялып жүрсе де, біздің біраз отырысымызға тақырып тауып берген еді.
Қазір үлкен жігіт болдық. Алдымызға қарап мақсат қойып, артымызға қарап ойланатын болдық. Балалық шағымды ойлап, Қисықты ойлап мен өткен күндерімді сағынам. Баяғы зерек, ақылды, есесіне тентек Қисық қайда жүр екен…
Бағашар Тұрсынбайұлы

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.