Сөзіміз осы болсын...

Өз ойым /
Республикалық «Дала мен қала» газетінде Назерке Жұмабай деген замандасым істейді. Журфакта төртінші курс. Жазатындарын махаббатсыз жаза алмайды. Соған жазған хатымды жариялай алмай жүргем. Ақыры жазылған соң, айтаберліктер оқыса, пікірін айтса, риза болар ем.
Сөзіміз осы болсын…
( Назеркеге хат)
Айналайын, Назерке. Сенің «Қазақ әдебиеті» газетінің №49 санында жарық көрген, «Амандосов аманатына адалдық немесе жанрды жоқтау» деген мақалаңды оқып, мен де қатты толқыдым. Өткен күнге бүгінгінің қырқа белінен терең білім, қырағы көзбен қараған құрдасымның жоқтауы «не деген адалдық» деп ойладым. Ұялдым. Сенен ұялдым, Назеркеш. Сенімен қатар жүріп, сенімен бірге соны іздемегеніме, іздеспегеніме ұялдым. Тіпті, өзімнің ара-тұра жарық көретін дүниелерім де «қағазды былғау емес пе екен» деп ойладым. «Жазсаң осылай жаз» дейтін Шерағаң зейнетте болса да, артындағы інілері әлі бейнетті белшесінен кешіп жүрген жоқ па?! Солардың бірін «пәлі» дегізе алмай жүргеніме ұялдым. Әйтпесе, маған да өзің айтып отырған очерк, памфлет, рецензия, фельетондардың жазылуын меңгеріп, бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарын жетімсіретпеуіме болатын еді ғой. Үшінші курсында-ақ өткір сын мақалаларымен көзге түскен бүгінгі қазақ әдебиетінің абыз-ақсақалына айналған Әбіш Кекілбаевтың дарындылығын қиялдап кеттім. Сенің мақалаңды оқығаннан соң, алғаш ойлағаным да осы болды.
Білесің бе, мен қазір не ойлап отырмын? Ұлы жазушымыздың өзі поэзиясының «Еуропалық әшекейіне сүйсінген» Мағжан жастарға сенді. Ол бізді айбатты деді, қайратты деді. Біз осы бағаға лайықпыз ба? Айналамызға жақсылап зер салайықшы. Қазір өзіміз жас болғаннан кейін, кіл жастардың ортасында жүрміз ғой. Соларды сөз етейікші. Сен қыз баласың ғой. Жаның нәзік. Сендердің жандарыңның нәзік болғанын, қиылып тұрған жанарлырыңның мөлдір болғанын, пәк болғанын біздер де қалаймыз. Бірақ, аузына келгенін айтып, қазақ қызына тән биязылықтан ада, даусынан аспандағы қарғалар үркіп кететіндей қарқ-қарқ күлетін, айтсаң ата жауынан ары көретін, соған титтей де намыстанбайтын қыздарды көргенде қалай ашуланбайсың? Оны қойшы, еркелігі шығар, түзелер деп, «үмітсіз шайтанның» ісін істемейікші деп жылт еткен сенімнің артынан жүрейін десең, көшеге шығып ап, «мені көрдің бе?» дегендей, аяқтарын айқастырып, жарыса «паравоз» ойнап тұрғандарын көргенде одан әрмен налисың? Кімді кінәларыңды білмейсің. Абай: «… кімде кім жаман болса, замандасының бәрі виноват» деді. Бәріміз кінәлі екенбіз. Онда неге бәріміз жабылып түземейміз? Мен қарындасымдай, әпкелерімдей болатын қыздарды мінейін деп тұрғаным жоқ. Ұлдар да солай. Төр бесеуінің басы қосылса, «Льдинка», «Ё моё» деген шайтанның суымен толтырылған кафелерге барып, арақтан аталары өлгендей сілтейді. Сол жерде отырып, айналасындағылармен шатысып, төбелеске дейін барады. Бір бірінің көзін шығарып, басын жарып, тіпті пышақ та жұмсап, аяғында полицияның жемтігіне айналып, темір тордың ар жағынан бір-ақ шығады. Ішпесе де, көшеде жүру деген осы екен деп, кетіп бара жатқан адамды соққыға жығып, ақшасы мен соткасы үшін адамдықты аттап кетіп жатқандары қаншама? Оны мен айтпасам да өзің жақса білесің. Ауылда қара сиырдың танасын сатып, сүтіне қарап отырған әке мен ананы кім ойлайды? Ұлым ер жетсе, қызым бой жетсе, құдай жарылқар деп отырған әкенің, солар өссе, қолымды ыстық суға малып қойып отырам ғой дейтін ананың ақысын кім өтейді? Ал, «жазам, ақын болам» деп жүрген жастардың да дерті — ащы су. Алдынғы ағалармен араласу үшін де ішу керек екен. Бір бірін дауға қиса да, жауға қимайтын елдің баласа едік қой. Бұл кеселге қалай өзіміз барып арандап жүрміз. Тілсіз жауға бір бірімізді өзіміздің қолымызбен апарып байлап беріп жатырмыз. Оны бір мақтаныш көреміз. «Кеше бәлен жерде отырып, пәленшемен іштік» деген атақ үшін, сондай жерді иіскеп жүріп тауып алатын болдық. Бізге ешкімге де еліктеудің қажеті жоқ. Ел жардан құласа, біз де соңынан секірейік пе? Іс-әрекетте де, жазуда да еліктемеу керек. Батыс былай жазады екен деп, жапа-тармағай солай жаза бастасақ біздікі қазақ әдебиеті емес, ағылшынның, я француздың көшірмесі болады. Олар ешқашан қазақша ойламайды, біз де оларша ойлаймыз. Біз өзімізге етене жақын тілмен, таныммен, ортақ түсінікпен жазуымыз керек. Аспандағына іздеудің түк пайдасы жоқ. Есесіне шын мінінде болмысымыз қандай, соны еш боямасыз жазсақ. Ауылды, тауды жырласақ, сонда жеңіс біздікі. Қазір жазатын жастар бұлыңғыр жол тауып алды. Өздері де білмейді не екенін. Жалаң сенімге соқыр ілесіп бара жатыр. Тамырлары қазақтың топырағында жатқанмен, бастары қисайып, басқа жаққа ағып барады. Өйткені жаңалық ашқысы келеді. Елді таңғалдырғылары келеді. Жеріміздің ашылмаған байлығы секілді сөзіміздің де ашылмаған қырлары әлі жетеді. Бәрін уақыт өз орынына қояды ғой. Кеше дүрілдеп өткен байлардың, жарнамамен, көтермелеумен өткен ақындардың қайсысы халықтың жадында. Ал ешкім елемеген өнер иелері, есесіне мәңгілікке еніп кетті. Бақытты басқадан іздегенді қойсақ екен.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзді жадымыздан шығармайық. Ертеңгі күні өзіміз де аға, әпке болғанда, «үлкен» деп кеп тұрған жастарға ақылымызды айтып, жолдың дұрысы мынау деп айта аламасақ біге сын. Мына бір тартысқа толы қоғам үшін табалдырығын енді ғана аттаған біз әлі баламыз. Алданып қалмайық.
«Әр заманның өз сұрқылтайы бар», Назерке. Өткен ғасырдың еншісінде қалған жаңалыққа, қызыққа толы күндер ағаларымыздың тағдырдан алған сыбағасы екен. Сол сыбағалары — бізге сабақ. Әркім өзіне керегін алады. Мынау не деп кетті деме. Саған хат жазған соң, ойымдағымен бөліспек болған ниетім. Қазақтың жаны даланы кезіп кетпесе екен. Егер қазіргі кезде сол жанрлардың елесі ғана редакцияларды кезіп жүрсе, бүгінгі журналист аға, әпкелерімізге олар қызық болмаған шығар. Оларға «неге былай жазбайсыңдар» деп біз қалай кінә артамыз, айтшы. Сөйлеспек түгілі арасында сөз айтады-ау деп те қарамайтын үлкендеріміз бар ғой. Бір досым айтып еді: «бәрімізге бас қосып, алдымыздағы қамалдарды талқандауымыз керек» деп. Мен соған қосылам, қалқам. Ендігі ол жанрлардың жоқшысы бізбіз. Мен, сен және ойы мен қыры, соқпағы мен тоқпағы қатар жүретін қаламгерлік жолға бет алған біздің құрдастарымыз. Біздің мойынымызда тек қана Амандосовтың аманаты емес, күллі адамшылықтың аманаты тұр. Бұдан кейін, егер шыныменде аманатқа қиянат жасамайтын жандар болсақ, газет беттерінде жоқтауларымыз емес,қазақы жанмен, қазақы мінезбен жазылған очерктарымыз өріп жүрсін. Соған бел байлайық.
Ал ендігі келер ұрпаққа адаспайтындай жол көрсетуіміз үшін біз қандай болу керекпіз?
Бағашар Тұрсынбайұлы

5 пікір

pari
сайысқа қатысу уақытыңыз үш күн болсада поэзиялық посттарыңызды көбейте түсіп жақсы өлеңдеріңізбен бөлісіп келесіз, сізге ризамын.!!!Маған әнге сөз жазып бересіз бе?
Bagashar
рахмет, пейіліңе үлкен. кешір әнге сөз жазбайм мен.
pari
мәә қызық екен,,,,, ақын жаза беруші еді,,,,,,,,
qyrmyzy
Қазір жазатын жастар бұлыңғыр жол тауып алды. Өздері де білмейді не екенін. Жалаң сенімге соқыр ілесіп бара жатыр.
Толық келісемін!
Шынымен, қазір қазақ газеттерінен оқитын ештеңе таппайсың, әсіресе аудандық газеттер. Журналист не жазып отырғанын өзі де білмейтін сияқты көрінеді кейде.

Аға буын кіші буынға өнеге көрсете алмайды сосын, тәжірибеге барып, көріп жүрміз. Ештеңе үйреткісі келмейді. Артындағыларды бәсеке санайды ма түсінбеймін.

Меніңше, әркім өз басынан бастауы тиіс, отбасынан, бала бақшадан…
Bagashar
ендеше сөзіміз осы болсын
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.