Ұстазым туралы

Өз ойым /
Пейіліммен сыйлаған
Әкемдей болған өзіңсің…
( Ұстазым туралы сыр )
«… Айдаса қойдың көсемі
Сөйлесе қызыл тілдің шешені » деп, Қазтуғанша толғап кетсем бе? Ұстазымды ойлағанда кешегі бабаларымдай орынды сөз сөйлеу арманым боп кетеді. Ағайыма құрмет көрсету үшін алдына барып:
« Алп, алп басқан, алп басқан
Арабы торым өзіңсің,
Жазылы, алтын, қол кескен
Алдаспаным өзіңсің » деп, Шалкиіз бабама тартып толғап кетсем бе екен?!

« Тардай болып кіріп, таудай болып шыққан » алтын ұя мектебімді бітіргелі де үш жылдың жүзі болыпты. Әрине, көп емес. Бірақ кеше ғана бұлаң шаш қыздардың бұрымын тартып ойнаған оқушы едім ғой. Байлауға көнбейтін уақыт – ай! Бір күні Алла есендік берсе, ата боп қалғанымызды да байқамай қалармыз – ау! Қазір студентпін. Ұлттық университеттің филология факультетінде оқимын. Жә, өзім туралы айтып бара жатырмын ғой. Одан да осы факультетке түсуіме себепкер болған ұстазым туралы айтайын. Әуелдегі ниетім де сол еді.
Ол кісі қазақ әдебиетінің ірі өкілі, ұлы ұстаздың ұлы шәкірті атанған З. Қабдоловтың « ұстаз болу өзінің уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау » деген сөзін жиі айтатын. Бүгінде әйтеуір қалам ұстап, азды – кемді дүниені шимақтап үйренген соң, әдебиеттің ауасымен тыныстап, ауылында жүргендіктен, өлең – сөздің қадірін түсінуді үйреткен ұстазым туралы толғануды жөн көрдім. Тіпті, міндет санаймын.
Төртінші сыныпты бітірген соң әкем жетектеп әкеп, домбырасы желкесіне шығып алатын ақын Иса Байзақов пен көзсіз батыр, сөзсіз ғалым Мәлік Ғабдуллин көшелернің қиылысындағы әлемдегі шешілмеген жеті теңдеудің бірін шешіп, қазақтың бағын аспанға бір – ақ атқан академик Ш. Смағұлов атындағы облыстық мектеп – интернатқа берді. Ол жерде мен қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын сыныпқа жіберілдім. Сонда жатып, сонда оқимыз. Облыстың түкпір – түкпірінен жиналған қара домалақ балалармыз. Сегізінші сыныпты бітірген жылы « келесі жылдан бастап әдебиеттен зауч береді екен » деп, бәрінен бұрын хабардар болатын қыздар жақ шу ете қалды. Сенер — сенбесімізді білмейміз. Ол кісі жиналыс ашқан кезде ұшқан шыбынның ызыңын ғана естіп қайтасыз. Тіпті ұстаздардың өзі басы артық сөз айтпайды. Бүкіл мектеп тік тұрып тыңдайды. Енді осыдай ұстаз сабақ береді дегенде абдырмай көріңіз. Жаз өтті. Күз келді. Әдебиеттің алғашқы сабағы. Үзіліс болғалы бес минуттай өтті. Ағай жоқ. Бір кезде « так » деп кіріп келді. Бәріміз атып тұрдық. Аман – саулықтан соң ағайымыз: « Балалар, бүгіннен бастап дос болайық. Мен жаман баға қоймауға тырысамын. Сендер жаман баға алмауға тырысыңдар. » деді. Осылай өзімізше « достығымыз » басталып кетті. Күндер өтіп жатты. Сабақ оқымай барған күндері бізден « бейшара » адам болмаушы еді. Қандай күйге түсетінімізді айтпай –ақ қояйын. Тек « бейшара » боп қалмау үшін үнемі дайындықпен баруға тырысатынбыз. Жаңа сабақ өткенде екі сағат қатарынан лекция оқиды. Кәдімгі университеттегідей. Әдебитет дәптеріміз ұйқы диаграммасына айналушы еді. Арасынды « әй, балалар » деп қойып, бізге бір қызығын айтып сергітіп ап, таудан құлаған көшкіндей саулаған лекциясын жалғастыра жөнелетін. Екі сағат бойы дауысын бір жоғары, бір төмен ғып, тоқтамай лекция оқитын ағайымызға біз таңдана қарап қала беретін ек.
Оныншы сыныпта Абайды өттік. « Қалың елі, қазағының… » қамы үшін өмір сүрген ақынның өмір тарихы мен өлең тарихын түгел түсіндіріп берген ағай « қара бастың қамы үшін емес, адамзаттың қарызы үшін еңбек етіп », « атаның емес, адамның баласы бол » дейтін. Абай өлеңдері мен қара сөздеріндегі әр сөзге жете мән беріп, « ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі бірдей ұстап », « ғылым таппай мақтанба » дейтін. Жаратқан сынақ етіп берген санаулы ғұмырын саналы түрде « ұстаздық етіп, балаға үйретуден жалықпайтын » жолға арнаған ұстазым « қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болып » сәулесін шашуды аңсаған Сұлтанмахмұтты өткенде, өзінің аз өмірінде көп нәрсе істеп кеткенін үлгі етіп, « нақақ көздің жасына қалмаңдар » дейтін.
Кейде ағайымызға еркелеп, бір жаққа сұрансақ, яки бір шараға ұрықсат сұрасақ, « Бопты. Адал қазанның басынан шошқаның басы шықпасын » деген сөзден арыға бармайтын. Біз де ұстазымыздың алдында ұятты болмас үшін, барымызды салатын ек. Бірде ағай сыныпқа терең ойға шомып кірді. Біраз үнсіздіктен соң: « ертең бәрің де есейіп кетесіңдер. Сендерге Шыңғысханның бір сөзін айтайын: « Бір топ жолбарысты бір ит басқарса, күндердің күнінде бір топ жолбарыс итке айналады. Бір топ итті бір жолбарыс басқарса, күндердің күнінде бір топ ит жолбарысқа айналады ». сендер жолбарыс болуға тырысыңдар » деді. Бәріміздің көкейімізде бір үміт, бір арман жылт ете қалды. Өйткені отырған отызымыздың да арманымыз « жолбарыс » болу еді.
Мектеп бітіретін жылы жиналыстар көп болатын. Алдымызда үлкен асу – оқуға түсу. Ағайымыз ылғи: « әке – шешелерің сендерге сеніп отыр. Егер оқуға түсіп кетсеңдер, төбелері көкке бір елі жетпей, жүрген жерлерінде айта жүреді. Оларды жерге қаратпаңдар. » деп, бізді жігерлендіріп отыратын. Алла нәсіп етіп, мектеп бітіріп, мойынға тағатын көк лента бізге де бұйырды. Қалыптасқан дәстүр бойынша сол лентаға тілектер төгіледі. Ағайым бір ғұламаның « ақын болу міндет емес, азамат болу парыз » деген сөзін жазып берді. Осының бәрін ұлағатты ұстаздың өнегесі деп білдім.
Д. И. Менделеевтің мынандай бір сөзі бар екен: « мұғалімнің бүкіл мақтаны – шәкірттерінде… » осы уақытқа дейін талай шәкіртті алдынан өткізген ұстазымның алған асулары да аз емес. Оқушыларының шыққан белестері де көп. Солардың әрқайсысы « ұстазым » деп айтар – айтпас, бірақ ұстазы олармен мақтанады. Мен ұстазыммен мақтанам. Сіздерге ағайымды таныстырмаппын ғой. Әділов Бақытнұр Тәліпұлы – менің ұстазым.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.