Мақсат не сонда?

Өз ойым /
Кеше досымның досы қайтыс болды. Адам баласына жазығы жоқ, өзімен өзі жүрген момын жігіт еді. Сабақты өте жақсы оқитын. Басы да мықты жасайды, түрінен-ақ көрініп тұр. Көпшілік одан үлкен үміт күтетін. Амал не, жазмыштан озмыш жоқ, жас кетті. Өзімен қатарлас жігіт оны 6 жерден пышақтады. Соның бірі жүрек тұсына тисе керек…

Танымайтын кісіге бұл хабар — жай күнделікті үйреншікті жағдай сияқты. «Статистика бойынша жер шарында секундына 1 адам өледі» деген хабар секілді «ааа, обал болған екен» деп қоя саламыз. Расында, оның орнында кез келген адам болуы мүмкін ғой. Соны ойлап ұйқым келмей қойды. Бір жағынан ата-анасын ойлаймын. Құлыншағын жоғалтқан ана жүрегі қарс айрылды-ау. Жалғыз ұлын қорғай алмаған әке қалай өзін кешірсін… Ол болса қазір көрде. Көгерген денесі әлдебір материалға мықтап оратылған. Ауа жоқ, тар қапаста қараңғы, тыныш әрі салқын. Бірақ, мұның бәрін ол сезбейді. Бұл өмірге ендігі түкіргені бар.

Оның орнында мен болғанда қайтер едім? Үбірлі-шүбірлі отбасы боп, пенсияға шықпақ түгіл, бүгін жатып ертең сау оянуыңа ешкім кепілдік бермейді. Егер бүгін өліп кетер болсам, қай бетіммен Алланың алдына бармақпын? Кітабым тола күнәлар, тырнаққа ілінер-ілінбес қана сауапты істермен — жұмаққа кіретін шығармын деп ойлап қоямын тағы. Өз-өзімізді жақсы көргеніміз соншалық, ешқашан өлмейтін секілдіміз, өлгеннің өзінде еш қиналмай өз өлімімізбен өліп, оп-оңай жұмаққа кіре салатындаймыз. Тозаққа түспейміз деп шешіп қойғандықтан, ол туралы ойламаймыз да. Бар ойымыз осы өмірде. «Бүгін мынаны істесем, ертең ананы істеймін, келер айда былай жасасам, осы бірнеше жыл ақырындап, енді бір бес жылдан соң осылай жасаймын» деген ойлар әрқайсымызда болды. Әлі де оған сенеміз. Бүгін мен 60-70 жастың ар жағына дейін бір үздіксіз сызық сызып қойдық. Бірақ, сол сызығымыз кез келген нүктесінде үзіліп кетпесіне кім кепіл? Вагондарын тастап кеткен тепловоз секілді, маршрутты білеміз, бірақ, мақсатты ұмыт қалдырдық. Вагон-вагон жүктерді апаруымыз керек еді, біз уақыт өте сол жүктерді тастай бердік. Тепловоздың жақсы жүруіне кедергі болады-мыс. Кейде сондай жағдайлар болады, осы өмірдің қызығы-рахаты үшін, арам нәрсені жасай саласың. Қарапайым дәрігерден анықтама керек еді, уақыт құртқың келмеді де, сатып ала қойдың. Бәрі риза, сен де, ол да. Бірақ, Алла разы ма? Жұмақ тұрғанда бұл дүниенің қызығы не қажет? Тозақ азабынан күшті қасірет болар ма? Неліктен осы дүниенің болмашы қызығына алданып, тозақтың зор азабын татқанша, осы дүниенің болмашы қиыншылығына сабыр етіп, жұмақтың шексіз рахатына ие болмасқа???

P.S: Өткен ғасырдың кісілері иманы неліктен біздікінен әлдеқайда жоғары болды деген сұраққа, ақыл-санасының төмендігінен болар деп ойлайтын едім. Одан емес, қиын-қыстау заманда қасірет қайғы, өлім-жітімді көп көргеннен шамасы. Әдетте, құдайға тек бар амалымыз құрығанда ғана жүгінбейтін бе едік?

15 пікір

MSHERIMBEK
Ал, менің бір досым сол «пышақ сұққыштардан» қорғанам деп 8 жылға сотталып кетті…
qyrmyzy
Жыладым, ойландым, толғандым, шешім шығардым! Рахмет! Мынадан кейін менің де көзіме ұйқы келер емес…
Yasin
Біз Алланікіміз,әлбетте оған қайтушымыз
Мұсылман болып өтейік,өмір бар екен өлім оған көлеңке, өмірге келу өлімге қойылған алғашқы қадам, Аллаһ ата анасына сабыр берсін
kema
Шынымен, нәпсінің жетегінде кетпейік. О дүниенің де барын ұмытпаған абзал. Біз ертенгі күнге үміттеніп, өткенді саралап, қазіргімен тіршішлік етіп, тек бір Аллаға шүкіршілік етуіміз керек. Үмітсіз шайтан ғана ғой. Бірақ тек бір үмітке ғана сенім артпай, соның орындалуына себепші болайық, Аллахтан дұға тілейік, иман келтіріп намаз оқиық. Бәрі Аллахтын қолында, ал біз тек себепшіміз.
dimash
Досыңыздың жақсылығын берсін… Қайғыңызға ортақпыз…
Ойланарлық… Кейбір жаман аурумен ауыратын адамдар /мысалы қатерлі ісік/ өлетінін біле тұра өмір сүруге құлшыныс артады, ал кейбіреулер дені сау бола тұра суицидке барып жатады…
Соғыстың жақсы жағы адамдардың аяушылық сезімін арттырса керек, өз жерінде мүлдем соғыс болмаған АҚШ елі қазір азғындап кеткен жоқ па…
Бұл тақытыпты сөз қозғасақ таусылып болмайды ғой… Менің ойлайтыным, бұл өмірге жаман/залым адамдар да керек… «жаман» деген сөз болмаса «жақсы» деген де болмас еді, мәселе сөзде емес, //Жаман адамдар — жақсыларды ажырату үшін керек//…
Shugyla
бірақ өмірде жаман дейтін адам жоқ қой. әр адамның өз жақсылығы болмаушы ме еді?
сізге жаман болған адам мен үшін жақсы болар, мен жаман дейтін адам сіздің сүйікті адамыңыз болар. солай емес пе?
beko
Димаштың пікірін оқып қосқан жауабым.

Өмірдегі баланс(теңдік) — жақсы-жаман, дұрыс-қате, білімділер-білімсіздердің бұл өмірдегі қалдыратын ізі, тағы сол сияқты сан алуан мысалдар(табиғат, техника, адам іс әрекеті т.б.)…
Бір жаққа қатты басылып кетпей, теңдіктің сақталынуы дұрыс ау осы әә?

Шектеу — өмірде көп кездесетін, маңызды нәрсе, алланың жаратқаны ол шектеу. Бір мысал: Адам өмірі шексіз болса не болар еді бұл өмірде? Өмірдің қадыры кетер еді иа? Тек адам жасының шектеуі ғана емес, барлық тағы да түрлі шектеулер…

ereke_enu
Жамандық әрқашан кері тартады. Жақсылыққа қарай баса берген дұрыс. Сол кезде прогресс болады, жаңа норма пайда болады. Мысалға, қала қазақтары көпшілігі қазақ тілінде сөйлессе, өзге ұлттар да біздің тілді үйреніп алар еді. Проблема тілде емес, бізде болып тұр ғой. Сол секілді, халық арасында иман келтіргендер, діни сауатты кісілер көбейсе, еліміздің ырысып артып, қазіргіден де берекелі заман орнаушы еді.
ereke_enu
Рахмет! Әмин.
ereke_enu
Әрбір адам өзі үшін жақсы адам болуға тырысуы керек сияқты. Жамандыққа қуат берсек, бүкіл әлем азып кетеді. Себебі, жақсылыққа қарағанда жамандықты үйрену әлдеқайда оңай.
Moldir_96
Дұрыс айтасыз… Жаман болу бір-ақ мезет, ал жақсы болу — қиынның қиыны!
Moldir_96
Иә… Естідім… ЕНУ-дың 3 курс студенті екен… Естіген кезде бір түрлі болдым… Иманды болсын!
Әр сәт біздің соңғы секундымыз болуы мүмкін… Сондықтан не істеймін деп ЕМЕС, не істеп жатырмын деп ойланып, қамшының сабындай қысқа ғана өмірді сәнді де, мәнді қылып өткізіп, Алланың ризашылығын алу үшін өмір сүрейік..!
assetova
Арты қайырлы болсын!
Шынында да… Бізге біреу ақылға кел, амал қыл десе, әлі жаспыз ғой дейміз. Бұл жағдай маған дай ой салды. Кешігіп жүрмейікші…
m170785
әйй обалын ай жігіттің.Әсте жақсы кісі болған екен айтып отырсыз. Екі дүние жақсылығын берсін ата анасына, арты қайырлы, жаны жұмақта болсын.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.