Ауылдың әңгімелері.

Өз ойым /
Бала кезім. Ол кезде тек қана ойыннан бас алмайтын кезіміз ғой, шіркін. Таң атқаннан малды өріске айдап жібересің, қайтып келем дегенше дастарқан дайын тұрады. Бас салып, нанға майды жағып ауызға тығып жіберіп, артынан айранмен итеріп жібересің. Әкең жұмысына кетем дегенше, сағатпен айтқанда, тоғызға дейін өлтіріп тұрып жұмыс істейсің, қалай кетеді, солай неше түрлі идеялар туындай бастайды. Балыққа барасың, доп тебесің, алысасың-шабысасың… Анда-санда таяқ та жеп тұрасың, кейде жұмыс істемегенің үшін, кейде бірдеңе бүлдіргенің үшін, кейде «недоразумение» боп қалад дегендей.
Сол күндердің бірінде екі көрші бала келді үй жаққа. Әр нәрсені бір шұқылап, екі қолға бір ермек таппай жүр едік. Солардың біреуі сол маңайдағы баққа ұрлыққа түсейік деді. Бақтың егесі егде тарқтан шал еді. "Құрсын, қажеті жоқ, үйде де бар ғой" — десем, қасымдағылар "ұрлық үшін емес, қызық үшін", «давай-давайдың» астына алды келіп. "Қорқасың ба не? Ей, сол шалдан қорқасың ба не?"-деп намысыма да тиіп қояды. "Ұсталып қалсақ не болады?"-десем: "Өй, ол шал момын ғой, ұстап алса да ештеңе істемейді, әшейін, ұрсып-ұрсып қоя салар"-дейді. Енді артқа шегінейін десем, қорқақ болып қалармын деп, келісе салдым.
Бұқпантайлап, тың тыңдап жүріп, келіп те қалдық. Бақшасының арт жағында ыңғайлы жері бар екен, соған келдік. Әрі қарай басуға жүрегім дауаламай, қорқып, қаттым да қалдым. Жүрегім қатты дүрсілдеп барады. Сірә, үрейімді көздерім білдіріп қойса керек, қасымдағы майталмандарым бетіме қарап күліп жіберді. «Жарайды, осында қал, біреулер келе жатса ысқыр!»-деп, қарауылға қалдырып кетті. Қарғып-қарғып бақтың ішіне түсті де түрлі-түрлі жеміс ағаштары өскен қатарды бойлап, керегін көзбен таңдап қыдырып жүр. Мыңқ етер емес, өз жерінде жүргендей. Қанша уақыт қыдырғандарын қайдам, бір кезде дәл алдарынан әлгі момын шалымыз атып шықты. Боқтап-боралап қуып келеді, қолында таяғы бар. Бәрібір еш көмектесерім болмағасын, құрығанда өзімді құтқарайын деп қаша жөнелдім. Артыма қарап алып безіп келемін. Сорлымын ғой, алдыма да қарап қойсам не болар еді. Екі көзім шарасынан шығардай болып, артыма жалтақтап келе жатып жаңадан қазылған әжетханаға дайындап қойған ор шұңқырға құлап түстім. Соңғы сәтте қана алдыма қарадым, аттап асып түсуге тым кеш екен. Бір аяғым ордың бергі ұшын басса, екіншісі ауа қапты. Қолдарыммен де еш жайғдайды түзете алмадым. Бар екпініммен барып, жүрек тұсыммен қадалдым да, есімді жоғалтып алыппын.
Мең-зең болып, не болып жатқанын түсіне алмай отырмын. Құлақтарым шыңылдап, қасымдағылардың іс-қимылына судың астынан қарап бақылап тұрғандай, көз алдымдағы суреттер де біресе оңға, біресе солға қисайып тұр. Сөздері де тұңғиықтан шығып жатты. Біраз уақыт өткеннен кейін ғана жаным кіре бастады-ау, ақыры. Ең бірінші сезгенім, кеудем қысылып, құсқым келіп, дұрыс демала алмай отыр екенмін. Бір кісілер шұңқырдан шығарып алыпты. Бетіме су бүркіп, белден жоғарымды сыпырып тастап, кеудемді жалаңаштап қойыпты. «Ананы шақыр, мынаны шақыр, үйт-бүйт» деп аласұрып жатыр екен. Қайтсін, арлы азаматтың борышы ғой. Ес жиғанша еш қиналмаған едім, қалай өзіме келдім, солай көзімнен жас парлап аға бастады. Бірақ, еш үн қатпай жыладым. Сәл-пәл санамды игере бастағасын, мына кісілердің тап келгені қандай жақсы болды, Аллаға шүкір дедім іштей қуанып. Бетіме төніп тұрған кісі «Не болды? Есіңді жидың ба? Бәрі жақсы ма?» -деп сұрады. Енді рахметімді айтып тұрып кете берейін дегенімде, төбе жағымнан «Ойбай, тұра тұр. Жаман қатты құлады орға. Үйіне апарып тастау керек шығар» деді біреу. Дереу тани кеттім. Танымағанда ше, жаңа ғана бағынан алма-өрік ұрламақ болдық қой. Қазір есімді жинап алғанымды көрсе, таяқ жегізер ұрлыққа қатысөаным үшін деп ойладым да қклыққа бастым. Өтірік қиналған түр көрсеттім. Шынайыдан әсері аз болмаған сыңайлы, алдымдағы көке «ммм… жақсы...үйіңе өзің бар алмайсың-ау, апарып тастайық па?» деді. Амалсыз, басымды әлсіз ғана изей салдым. Ап деп алдына көтеріп алды да көшенің ортасымен сызды дейсің, ерлік жасағанын паш етуге тырысып. Үйге дейін екі көше. Қырсыққанда, бүкіл көрші-көлем көздерін қадап, шарбақтарын жағалай қаз-қатар тізіле қалыпты, басқа шаруалары жоқтай. Таяқ жемес үшін бұған да көніп, әртістігімді жалғастыра беруге келістім. Әкем сабырлы үнмен не болғанын сұрастырып жатты, ақыры, таяқ жейтінімді білсем де кешірекке қалсын деп, сәкіге жатқызған күйінде ұйықтап жата бердім. Әкем әлгілермен алысырақта тұрып жөн сұрасқан еді. Анық не сөйлескендерін ести алмадым. Бір ұйықтап тұрып алып, әкемнің ашуына дайындалып жүрсем, әкем ұрысар түрі жоқ. Пайымдауымша, әлгі момын шал ұрлыққа қатысқанымды айтпаған сияқты. Момын ғой, сонысын мықты бағалайтын болдым. Келесіде ұрлыққа түспек түгілі, сол шалдың бағын тегін қарауылдағым келіп кетті. Күлмеңіздер, әкемнің ашуын білгенде әлгіндей істі жасырып қалғаны үшін менің орнымда болсаңыздар ат сыйлар едіңіздер.

Бұл оқиға менің емес, үйімде уақтша тұрып жатқан бір ауылдың желаяғының әңгімесі. Аты — Еркін. Жақында Алматыда ҚР біріншілігінде қазақстандықтардың ең мықтысы болып шықты 10 шақырымға жүгіруден.

6 пікір

alikona
өте қызық!
Karakulov
өз аузынан естіген ваще комедия)
alikona
оған күмәнім жжжоқ!))
ereke_enu
Менің оқиғам десең де күмәнданбас едім)))
Karakulov
о-О?
ereke_enu
Сен екен деп ойладым басында
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.