Дүниеде не тозбайды?

Өз ойым /
Бір күні Абылай хан қармағына көз тойған, үш жүзден озған, ақылы асқан билермен бас қосып отырғанда:
— Дүниеде тозбайтын нәрсе бола ма? Өлмейтін жан бола ма? Осыны тауып беріңдер де менен қалағандарыңды алыңдар, — депті. Сонда отырғандардың ішінен шешенсінген біреуі:
— Тас тозбайды, темір тозбайды, асқар тау өлмейді, аққан су өлмейді деп, біреуі оны, біреуі мұны айтыпты.
Абылай өзі де біліп отырған жоқ, білсе сұрай ма? Бұл сөздер оның көңіліне қонбапты. Сонда түптегі Қыпшақ, Таймас Жұдас деген жұпыны киінген бір кісі тамам билер гүрлдесіп, дүрілдесіп отырғанда ләм-мим деп тіл қатпай сөз тыңдапты. Сонан орайы келгенде орнынан ұшып тұрып, Абылай ханға былай депті:
— Алдияр тақсыр! Бұлардың айтып отырғандары тозатын нәрселер. «Тозбасты ұста соқпаған, өлместі Құдай жаратпаған» демей ме? Міне, мен «тозбайтын не? өлмейтін не?» айтып берейін. Құдай дескен құда болады, құшақтасқан дос болады. Дос болғанда бірінен бірі жүйрік алады, қыран құс алады, түзу мылтық алады. Жүйрік ат өледі, қыран құс ұшады, түзу мылтық қисаяды. Достық сондаймен тозады. Төсекте бас қосылсын, төскейде мал қосылсын деп құда болады. Кит аларда бір дау, мал берерінде екі дау, үйге келін енгізерде үш дау, қыз ұзатарда төрт дау, осы даулардың бәрі де тозады. Бірімен бірінің құдалығы да тозады.
Құдай қосқан құда емес, құшақтасқан дос емес. Бірінен бірі жан аяспайтын, көрмесе сағынысып тұратын екі тату болады. Тозбағанда сол екі татудың достығы тозбайды.
Абылай хан риза болады. Қамқа тонын бас қылып үстіне жауып, Таймас Жұдасқа толық тоғыз сый береді. Отырғандар:
— Батырдан сауға, мергеннен сыралғы, бізге алған олжаңнан байла, — деп шулап қоя береді.
Сонда Таймас Жұдас шешен:
— Мұны бір қимас дүние көріп, байламай бара жатқаным жоқ, атамыз Абылай ханның бір айтқан сөзін шешіп беріп, алған жүлдесі екен деп, балаларыма мұра қылып, айта жүрсін деп алып барам, — деп шығып жөнеле берген екен.

3 пікір

Ais_97
Абылай хан осы айтабер сайтында барғо! Хехехе
Korkem
Аха, бар ғой.....)))
MSHERIMBEK
Өй, бәрекелді! Шынында да жақсы айтқан екен:) Ырза болдым!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.