"Шынгырган" шындык

Өз ойым /

«Шыңғырған” шындық…

(әңгіме)

Жаз айы болатын. Қапырық ауа мен миыңды жегідей жейтін у-шу, бір-бірімен жарыса таласып, асыққан көліктер, артынып-тартынып, жанталасып, асығып жүрген бір адам, ию-қию қозғалыс бәрі-бәрі жүйкені тоздырады екен. Ондай сәттері күнделікті күйбең тірліктен бір сәтке арылып өзіңмен-өзің тілдесіп, ішкі ойларыңмен бөлісу үшін оңашалықты іздейсің. Таулы жерге кетіп бір тынығып қайтқын-ақ келеді…
… Сан түрлі ойдың жетегінде келе жатып, жағажайға қалай жетіп қалғанымды аңғармаппын. Кенет өзімен-өзі сөйлескен, әлденені күбірлеген дауыс естілді, бұрылып қарағаным сол екен, іштей аласұрып отырса да ешкімге көз жасын байқатқысы келмей, жеңінің ұшымен көзін қайта-қайта сүртіп отырған кейуана қолындағы кішкене дорбасын алып орнынан лезде тұрып кетуге ыңғайланды.
Мен кейуананың жанына таядым:
-Әже, көмектесейін бе?
-…
-Әже, бір жеріңіз ауырып тұрған жоқ па?
-Ауырғанда қандай, тән жарасы жазылар, ал жан жарасы ше… Сендер, жастар, бізді қайдан түсінейін деп едіңдер…
Оның зілді даусы мен мұңды жанарынан біраз жайды ұққандай болдым… Ол алысқа көз жіберіп біраз тұрды да орнына қайта жайғасты. Айтары бар екенін аңғарған мен де отыра кеттім.
-Бар өмірімді балаларыма, оларды оқыту мен тәрбиелеуге арнап едім- деді де үнсіз отырып қалды.
Сәлден соң әңгімесін жалғастырды:
-Бұл өмірде барыңды үйіп-төгіп, бетіне жел боп тимей өсірген балаңның көңіліңді қалдырғанынан өткен ауыр өкініш жоқ екен…
-…
-Бала тәрбиелеуде қандай қателік жібердім екен деп бүгінде көп ойланамын
-Әже, ол сіздің қателігіңіз емес, «жақсыдан жаман туады бір аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы туады адам айтса нанғысыз» деген бар ғой, сіздікі-жақсыдан туған жаман болғаны да…
-Е шырағым, өз балаларымды жаман деуге аузым бармайды, ренжісем де қайтейін, оларды тек бақытты болса екен деймін.
-Балаларыңыздың көңіліңізді қатты қалдырғанын сезіп отырмын, алайда бүге-шүгесіне дейін сұрауға батылым жетпей отырғаны…
— Жолдасым көп жыл мал шаруашылығымен айналысқан адам. Екеуміз өмірге 3 қыз, 1 ұл әкелдік. Осы балаларымызды адам қатарына қосамыз деп барымызша тырыстық. мал сатып оқыттық, үлкен қызым Айгерім- Алматының КАЗҰУ-ін филология мамандығы бойынша бітірген. Кейін 1-2 жылдай жұмыс жасап сол жаққа тұрмысқа шығып кетті. Екінші қызым Анар – заңгер, жергілікті оқу орнының түлегі. Ол қазір мамандығы бойынша жұмыс жасап жатыр. Тұрмыста-2 баланың анасы. Үшінші қызым Әлияны Алматыдағы медицина университетіне оқуға түсіргенбіз. Басында тым жақсы оқып жүрген, кейіннен оқуды тастаймын дегенді шығарды, біз оны кері үгіттеп жүріп қайта қатарға қоспақ болып едік, мұнымыздан түк шыкпады, хабарласуды да сиретті, тіпті телефонын көтермеуді шығарды, соңғы сөйлескенінде көңіл-күйінің түсіңкі болғанын ойлап тіпті тынышымыз кетті. Арада бірнеше күн өткен соң амандығын өз көзімізбен көріп келмек болып, әкесі екеуміз жолға жинала бастадық. Кызымыздың бұл қылығын еш түсінбей дал-дұлыбыз шығып Алматыға аттандық. Барғандағы бар ойымыз- қызымызды қайдан болса да тауып алып, көзбе-көз сөйлесу, оқуды тастаудағы себебін білу болатын.
… Алматыға жеттік. Қызымызды еш жерден таппадық. Оқу орнындағылар оның кезекті сессиясын жаппағандығын, сабақты өте көп жіберетіндігін, оку үлгерімінің нашар екенін айтып дүрсе қоя берді, ал жатақханадағы курстас кыздарының бірі:
— Әлияның жатақханаға келмегеніне осымен 3 күн өтті, ол бір сөзінде: “бәрін тастаймын, сол жігітпен кетемін болды!”- дегенді айтып еді…
-Мен оның достасып жүрген жігітін бір-екі рет көргем, өзі оқыған адамға ұқсамайды, адамдармен дөрекі сөйлесетінін байқадым, түрі де күдік тудырарлықтай болып көрінді, — деп екінші қыз әңгімеге араласты.
Оны естіген әкесі екеуміз өзімізді қоярға жер таппадық. Танымайтын үлкен қалада оны қайдан издеймиз?
… Осы кезде әже екеуміздің әңгімемізді жылаған баланың даусы бөлді. Жағажайға анасымен бірге еріп келген баланың мазасы кеткен болуы керек, бетін жас жуып кеткен, жеген тәттісінің жартысы бетіне жағылып калған еңіреп келеді. Жетекке ілеспей сіресіп келе жатқанына қатты налыған анасы: енді жыласаң тура осы жерде жалғыз қалдырам! Шығарма үніңді!- деп айқайға басып келе жатыр.
...Үнсіздік…
Мен ата-анасын соншалықты азапқа салған Әлия қыздың қылығын еш түсінер емеспін. Сонда бір жігіттің жолында ата-анасын құрбан қылғаны ма?- деп өзімнен өзім ойға шомып отырмын. Бәлкім ол қызды бекерге кінәлап отырған шығармын, оны біреу ұрлап әкеткен шығар, оқуын тастауға ол мәжбүр болған шығар деп жамандыққа қимай іштей ақтап қоям. Себебі ақылды адам өз ата-анасының қиналатындығын біле тұра қалай хабарсыз кетуі мүмкін???
… Ойымды кейуананың ауыр күрсінісі бөліп жіберді. Терең күрсініп алған ол әңгімесін одан әрі жалғастырды:
— Бүкіл жатақхана, оқу орнын, достарын дүрліктіріп қызымызға іздеу салуларын талап еттік! Басымызды сан түрлі ойлар жайлап алды, кенет қан қысымым қатты көтеріліп кеткен болуы керек көзімнің алды тұманданып сала берді…
… Көзімді ашсам ауруханада жатыр екем. Қасымда медбике. Тұруға талпынып едім:
-Сізге әзір тұруға болмайды!
Қолымды бір сілтедім де кетіп қалдым, дәлізге шықсам жолдасым мен студент кыздардың 3-4 –еуі тұр екен. Басқа барар жеріміз болмаған соң қайтадан жатақханаға қайттық. Кіре берістен қаннен-қаперсіз, ойында еш алаңы жоқ, өмірге риза кейіппен келе жатқан қызымыз Әлияны көрдік.
-ооооой әже, қызыңыздың табылғаны қандай жақсы болды, дін аман екен ғой…
-Табылуын табылды ғой, бірақ бұл біз тәрбиелеп өсірген, біріміз ауыра қалсақ дәрісін ала жүгіретін қара сирақ Әлиямыз емес еді…
Осынша күн хабар-ошарсыз кетіп, зәре-құтымызды қашырған қызымызға деген ренішіміз де әп сәтте-ақ тарқап кеткендей болды. Бізді көріп қуанып жүгірер деп күткен едік, бірақ…
-Мұнда не істеп жүрсіздер? Менің соңымнан аңдып келдіңіздер ме? Көріп тұрсыздар, мен жақсымын, мен әлемдегі ең бақытты адаммын, маған оқу да басқасы да керек емес, тіпті сендер де! -деп тарс еткізді де ешнәрсе түсіндірместен кете барды, оның жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен сау адамға тән қылық көре алмадық…
-Сол кезде оқиғаны сырттай бақылап тұрған бір келіншек:
-Аға, апа, ауыр болса да айтайын, мен бұл қызды біраздан бері танимын, өте тәрбиелі, білімді қыз еді, кейіннен есірткіге әуестеніп әбден бұзылып кетті, қазір ол нашақорлардың ортасына әбден сіңісіп, еті үйреніп кеткен, қасындағы жігіт те нашақор…
-Жоқ!!! Біздің қызымыз ондай жолға түсуі мүмкін емес, ол себебі біздің қызымыз ғой, ал біз өз қызымызды білеміз, оны білікті маман болып шығады деп осында жібердік қой, ол жақсы маман боламын деп еді ғой, бұл сандырақ, бұның бәрі жалған!
… Сол күні кеште көз ілмедік. Түн мен үшін тым ұзақ болды, таңды көзбен атырдым. Тұра салысымен кешегі келіншекті іздедім, ондағы ойым- айтқандары рас болса қызымыздың қазіргі мекенін сұрау.
Білгенім-ол келіншек жатақхананың еден жуушысы екен, дәлізден кездестірдім, ол мені көргенде ыңғайсызданып, өзін кінәлі адамдай сезініп көзін тайдыра берді.
-Айналайын, қызымызды қалайда тауып онымен сөйлесуіміз керек, тауып беруге көмектесші…
Қызымызды таптық, әкесі екеуміз бар ақылымызды айтып, оны ауылға алып қайтпаққа бекіндік.
-Босқа әуре болмаңдар, маған бұл жерде ұнайды, не керек сендерге? Егер көмектескілерін келсе маған ақша беріңдер…
-Береміз құлыным, береміз, тек бізбен бірге жүрсең болды, сені емдетеміз, алі-ақ жақсы маман боласың…
-«Жетер! Бос сөздеріңді тыңдап тұрар уақытым жоқ, Тез кетіңдер бұл жерден әйтпесе...» деп сұқ саусағын көрсетіп жекігенде біреу кеуде тұсыма өткір нәрсе тығып алғандай болды.
-Қызым, айналайын, алтыным, біз сен үшін келдік қой, аясаң етті, жүрші, құлыным!- деп ұмтыла бергенім сол екен көкірегімнен итеріп жіберді, қатты екпінмен итергені сонша жерге құлап, аяғым жырылып қанап та кетті.
Бұған шыдай алмаған әкесі:
-Мұнша көргенсіз болармысың, онбаған! Ата-анасының көз жасына қалған адам ешқашан оңбайды, жетісіпсің, сендерді оқытып, адам қатарына қосып, енді жеткен жетістіктеріңді көріп мақтанамыз ба десек… ай азғын-ай, азғын!- деп кеуде тұсын ұстап отыра кетті.
Ал Әлия болса:
-Айтып болсаңдар тайып тұрыңдар! Менің шаруам көп-деді де бірге тұрып жатқан жігітсымағымен бірге кете барды.
… Жанға ұмытылмастай жара салған бұл оқиғадан соң жолдасым да мен де 10 жылға қартайып кеткендей болдық. Күндіз-күлкі, түнде-ұйқыдан айырылдық.
Көп ұзамай жолдасым ауыр науқасқа шалдығып өмірден өтті.
Одан бері де 7 жыл өтіпті-ау…
-Ал ұлыңыз ше?
-Ұлымыз-Айдар, ол да жоғары білімді, өте сауатты болатын, инженер-технолог мамандығын игеріп, кейіннен жұмысқа орналасты. Үміт күтіп отырған жалғыз ғана ұлым, үйіміздің тірегі ендігі жерде жарды адаспай тауып, маған немере сүйгіссе деп армандадым.
Арада бірнеше ай өткен соң Айдарым жақсы жаңалығымен қуантты. Бұл хабарды естіген менің қуанышымда шек болмады. Тойдың қамымен жүгіріп жүрген күндердің бірінде ол:
-Апа, ауылдағы үйді сатайық, оның енді бізге керегі болмайды, біз енді қалада тұратын боламыз, сізді өзіммен бірге алып кетем, келініңіз екеуміз сізді бағамыз, әрі тойға да ақша қажет қой- деді, іштей: қалай болар екен?, осынша жасқа келгенде баламмен жағаласып қалаға шапқаным дұрыс бола ма деп күдіктенсем де, оның көңіліне қарап келісімімді бердім.
Той өз дәрежесінде өтті. Күндер зулап өтіп жатты. Жас шаңырақта ұрыс-керіс күннен-күнге көбейе берді. Ұлымның жар таңдауда қателік жібергеніне көзім жетсе де білдірмеуге тырысып жүре бердім. Бірде ұлымды оңашада шақырып алып:
-«Балам, ол да біреудің баласы, өзге шаңыраққа келіп, барлығының бабын табу оңай емес, өмірлік жарым деп таңдап алған екенсің, оны ренжітпе, сабырлы бол»- деп ақыл айта бастап едім:
-«Апа, бәрі жақсы, уайымдама» -деді де шығып кетті.
… Келініміз күнде бір қылық таныта бастады. Бірде түскі ас кезінде балама:
-Ақша әкелдің бе, кеше әкелемін деп едің, қайда?- деп жекіді
-Жалақымызды сәл кешіктіріп жатыр, алған бойда қолыңа әкеп саламын гой, алаңдама…
… Ойға шомып отырғам. Кенет тағы да айқай басталды. Келіннің даусы қатты шығып жатты:
-Сен мынаған қарай гөр, менің аяғым ауыр, алатын дәрі-дәрмегім бар, оның үстіне төленетін кредит, сенің тапқан табысың маған, енді туылатын балаңа, мына үйдегі кемпірге бәрімізге жете ме? Өзіміз әзер жүргенде оны неге асырауымыз керек? Қарттар үйіне жіберейік, кетсін!
О, Жаратқам ием, сабыр бере гөр, естиін дегенім осы ма еді. Шыдай алмай бөлмелеріне кіріп бардым:
-Қарақтарым, сендерге масыл болдым-ау, енді мазаларынды алмаймын, өлмеспін, барсам барайын қарттар үйіне, тек сендер тату болсаңдар болды… аяқ-қолым дірілдеп есікке азар жеттім. Көресініні көрмей көрге кірмейсің деген осы екен-ау…
Заттарымды жинастырып жатып ұлыма қарадым, ол бір нүктеге қадалып, басын салбыратып, үнсіз отырды. Келін: «естігенің жақсы болды, енді бұл үйде қала алмассың»- дегендей бажырая қарады.
Ұлымның ынжықтығына іштей ренжісем де білдірмей үйден шығып кеттім…

Жаңадан бері ауыр әңгімені үнсіз тыңдап отырып, кеудемді ащы өксік қысып отырған менің:
-Әже… деуге ғана шамам келді…
Екеуміз де көз жасына ерік бердік. Бір сәт қаланың қым-қуыт тіршілігі тоқтап қалғандай тыныштық орнады.

… Шынымен де заман азды ма, адам азды ма?
Адамның өмірдегі ең асыл, ең қымбат, ешнәрсеге айырбастай алмайтын байлығы-ата-ана екенін түсіне ме екен сол безбүйрек онбағандар? Өмірдің аз ғана қызығына еріп, ата-анасының жанын жаралап, күнәға батып жүргендер қаншама?! Ай, сорлы бейшаралар, сендер әке болмайсыңдар ма, сендер ана болмайсыңдар ма, сендерден туған ұл мен қыздың қандай болатынын тіпті елестетуге қорқам… деп іштей күбірледім…

3 пікір

zhomart
Негізі алып қала абайламаса ауылдан келгендерді жұтып қоя салады, оп-оңай. Ананы жылатқан оңбайды, алдына еселеп келеді…
Kan
Әсерлі әңгіме екен. Байғұс аналар. журегим ауырып кетті ғой. жарайсың әңгімеңе бес. жүрегімді ауыртқаның үшін бір удар.
miras
рахмет Айнұр апа!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.