Бір кездегі ойлар

Өз ойым /
8-сыныпта жаңа мектепке ауыстым. Жаңа орта, жаңа оқушылар, жаңа мұғалімдер… Содан алғашқы сабақтардың бірі болып қазақ тілі пәні болды. Бірінші тақырып әдеттегідей, қазақ тілі туралы болатын еді ғой. Содан үйге тапсырма ретінде шағын шығарма жазу тапсырылды.
Келесі күні отырмын, нені жазам, қалай жазам?! Содан ақ параққа төмендегі ойлар жазылған болатын. Кеше кітаптарды ақтарып отырып тауып алдым. Бақандай 5 жыл бопты-ау:). Осы шығарманың арқасында жаңа мектептен алғашқы бестікті алған едім:). Сонымен, 8-сыныптағы тіл туралы ойым осындай болған екен:
Ана тілі — бұл біздің бойымызға ананың ақ сүтімен берілетін қасиет. Өз ана тілін сүймеген адам елін, жерін, тіпті де болса өзінің отбасын сүймейді. Біз болашақ ұрпақ ана тілімізді ең биік шыңдарға шығара білуіміз керек. Ана тіліміз-қазақ тілі, қазақ халқының асыл қазынасы.
Қазіргі кезде біздің кітаптарымыз қазақ тілінде шығарыла бастады. Бірақ, ана тілін түсінбейтін, оған мұрнын шүйіре, мүлде мойын бұрмай өзге тілде, әсіресе, орыс тілінде сөйлейтіндер өте көп. Бүгін өз тілін сатқан адам, ертең өзге тілді де сатып кете алады. Мысалы, М.Шахановтың «Отырар» атты өлеңінде күзетші сатқынның өзінше жағымпазданып, Шыңғысхан әскеріне қақпа ашқанымен, Шыңғысхан: «Бүгін өз еліңді жау шапқанда сатып кетсең, ертең менің елімді де осылай сатып кетпесіңе кім кепіл?!»-деп басын шаппап па еді?! Сондықтан, өз тіліңнен, өз еліңнен, Отаныңнан артық нәрсе жоқ.
Қазақ тілі-қазақ халқының әдеби тілі. Бірақ та, көптен мемлекеттік құжаттар орыс тілінде жүргізіледі. Неге? Бұл біздің жетпіс жыл орыстың қол астында болуымыздың әсері ме, әлде менменшілдігіміздің әсері ме? Бірақ, біз өз ана тілімізді мың жыл біреудің қол астында болсақ та білуіміз қажет, және қазір дәл сол ана тілімізде сөйлеуіміз керек.
«Жеті жұрттың тілін біл, өз тіліңді құрметте» деген емес пе, атам қазақ. Ендеше, қазақтың қасиетті қара топырағында жер басып тұрып, неге қазақша сөйлемеске?!

Кейбір жерлеінде жаттанды ойлар, артық кеткен жерлер бар екендігі анық:). Бірақ ештеңесін өзгертедім! Сол кездің бір естелігі ғой.

11 пікір

ereke_enu
Қазақ тілім тірегім,
Өз тілімде білемін
Мәңгүрттерді көргенде
Ауырады жүрегім©
6-7 сынып. Мектепте — өлең кеші. Көпшілік шумақ-шумақ сайрап жатқанда, бір бала қысқа ғана осы 4 жолды айтып кетіп еді. Есімде қалып қапты.
Kan
Бала ойың болса да, дана ой екен. Нағыз қазақ осылай бала күнінен ұлтың тілін қорғап өтпек керек. Жарайсың!!!
dimash

Мен де 7-8 сыныптарымда тәуір-ақ шығарма жазатыным бар еді, ол кездегі Димаш сабақтан басқаны көрмейтін еді ғой
Ais_97
Керемет ана тілі-ол өзіміздің дара, халықтық тілімізғоой! Жақсы жазыпсың, Тоғжан!
muazim_2011
жақсы шығарма, оқып отырып күліп алдымғой,«М.Шахановтың «Отырар» атты өлеңінде күзетші сатқынның өзінше жағымпазданып»
Zhanat
қазіргі уақта тіл туралы ойың қандай?
Togzhan
Осындай сұрақты күткен едім!
Қазір де біздің тілдің деңгейі сол кезден соншалықты жоғары дәрежеге жете қойған жоқ. Қазіргі уақытта, менің ойымша, әрбір адам қазақ тілін көркейтуге өзіндік үлес қосу керек. Ой анау неге сөйлемейді, мынау неге сөйлмейді демей, өзі сөйлеп, өзі ықпал ету керек деп ойлаймын. Қазақ тілінде ғана сөйлеу, өзге тілді араластырмай сөйлеу надандықтың, өзге тілден хабары жоқтықтың белгісі деген ойдан арылуымыз керек. Жұмыстар жасалып жатыр, қазір маңызды рөл атқаратын ғаламтор қазақшалануда. Мұның өзі зор алға ілгерілеу болып табылады. Бір кездегіге қарағанда ақпаратты қазақ тілінде іздеу мүмкіндігі көбейді. Бірақ жоғарғы жақтағы кей жағдайлар әлі де түзеле қоймаған.
ereke_enu
Ой анау неге сөйлемейді, мынау неге сөйлмейді демей, өзі сөйлеп, өзі ықпал ету керек деп ойлаймын.
Қосылам. Адамдармен тек қазақша сөйлесіп, агентте де әдейі қазақша жазатын едім. Бұрын орысша сөйлесетін қазақ жігіттердің менімен қазақша сөйлесе бастағанын байқадым. Өзіме де ойымды қазақша жеткізу оңай болып қалды. Кейде орыс коллегаларыма қазақша жауап бере салам. Өздері түсініп алады)
eerkinuly
8-сыныпта оқысаңда ойлаған ойың терең екен, ертенгі куннің ел басқаратын біз емеспізба, айтқандарың дұрыс,
m170785
Тамаша, жарайсыз
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.