Саған ең керекті жазба....

Өз ойым /
Ассаламу алайкум, қал қалай блогер досым. Соңғы кездері блогыңның мәнісі кетті. Оны өзің де іштей сезіп жүрген шығарсың. Бұрындары ойланып, толғанып керемет дүниелер жариялаушы едің. Қазір мүлде басқаша болып кетті. Блог бастау, блогер болу, пост жазу деген, мүмкін сен ойлағандай емес шығар. Бір сәт ойланып көрдің бе? Блог деген сеніңше не? Ойланып көрмесең сәл ой жүгіртші. Блог деген — не істегеніңді, не жегенді, қандай шаш үлгісін ұнататыныңды, жігітің немесе қызың тастап кеткенін, ата-анаңмен ренжісіп қалаған сәттерді, қайғың мен қуанышыңды, достарыңның сатып кеткенін жариялайтын дүние емес. Мұны сен білесің ғой. Ондай нәрселердің барлығы сенің жеке күнделігіңнен орын алу керек. Сол күнделік арқылы ертең өткен өміріңе көз жүгірте аласың. Ал енді блог деген не? Блогқа не жазу керек? Алдымен мына нәрсені ұмытпағайсың. Сенің жазғаныңды қазақ елінің түкпір түкпіріндегі оқырмандар оқиды. Компьютер қолдана алытын, интернетке кіре білетін көзі ашық жандардың барлығы да блогтан хабардар. Ол жас болуы мүмкін, мүмкін қарт шығар, мүмкін оқушы. Сенің оқырмандарың мұғалім, ғалым, министр болуы да мүмкін. Блогер атандың, енді сенің өз оқырмандарың бар. Сенің жазбаңды оқитын оқырманға қызықты, тың, ерекше ақпараттар ұсынып отырсаң әлгі оқырмандарың да рахмет айтады. Алғыс жаудырады. Ұлттық құндылықты, ел мұңын заман айнасы болып өзіңше баға бере білуің керек. Қазіргі заманда біреудің жеке шаруасы біреуге еш қызық емес. Оны менен де жақсы білесің. Оқырмандарыңа да қызық емес екеніне сенсең болады. Ұмытпа, сенің өз оқырмандарың бар. Солар сенің жазбаңды асыға күтуі керек, пәленше деген блогер енді қандай қызықты, бұрын соңды естімеген пост жазады екен деп аңдып отыруы керек. Ол үшін сен жас баланың, парасаты төмен адамдар жазатын жазбадан қашуың шарт. Мына нәрсені де есіңде сақташы, егер сен арзан сөз, ойын күлкі, мағынасы жоқ пост жазсаң, сенің де оқырмандарың, арзансөзді, ыржалақ, кең ойлай алмайтындар болады. Сөйтіп солар, жазғаныңның астына пайдасыз пікір жаза бастайды. Пенде болған соң, о, оқылып жатыр, пікір жазғаны ол керемет пост болғаны деп ойлап қалуың мүмкін. Посттың көркі пікір емес. Сен жазған ұтымды жазбалардан оқырмандарың рухани байлық, ұлтжандылық, мейірім мен кешірімді, парасаттылықты, адал достықты, шынайы махаббатты, имандылықпен арлылықты үйреніп, бойына сіңіруі керек. Сен сол үшін еңбек етуің шарт. Елге пайдалы жазба жазуың міндет. Сонда ғана нағыз блогер атанасың. Ел келешегінің жарқын болуына септігіңді тигізесің. Өзің де оқып, көріп жүрсің ғой. Бүгінгі блогерлердің дәрежесі тым төмендеп кетті. Оны жазған жазбаларынан да байқап жүрген шығарсың. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық. Ренжіп қалар! Блог кіші гәзет сияқты ғой. Жауапкершілігі мол. Тағы да айтарым пікірлер арқылы айқайласып, ұрысып кетпеші. Содан соң, біреудің жазған жазбасына пікір жазар кезіңде сол жазбаға қатысты, сауатты пікір қалдыруды естен шығармағайсың. Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан болсын деген нақылды жадыңда сақтағайсың. Жазарың жағымды болсын замандасым. Бұл ақыл емес, тек тілек:) рахмет саған…
Пікірді бұғаттаған себебім… бос сөздер жазылмаса екен деген ниеттің жемісі…

0 пікір

Автор, мақала соңына пікір қалдыруға тыйым салды!