Еліктірер субмәдениет

Өз ойым /
Ғаламдық жастар арасында жасына, жынысына қарамастан бір-бірін сабақтастырып, біріктіріп тұратын өзгешелеу толқын пайда болды. Жаһандану заманы жастарға жаңа леп, жаңа дем әкелген кезең. Өйткені, әлемнің бір шетінде пайда болған құбылыс, көп ұзамай дүниенің келесі бір бөлігіне оңай көшіп, онда орын тебе дамиды. Айтпағымыз, субмәдениеттер турасында. Соның ішінде, көше мәдениеті деген атау астында топтастыруға болатын субмәдениеттер туралы. Бұл толқын біздің елге де келіп жетті, көп кешікпей. Көше мәдениетін ұстанатын адамдарды әлбетте, аты айтып тұрғандай көшеден оңай табасыз. Сонымен қатар, олардың киген киімі, ұстау мәнері, тіптен сөйлеген сөзі арқылы жақсы тануға болады. Аға буын өкілдерінің жастарға көңілдерінің толмауы бағзыдан келе жатқан дүние. «Бүгінгінің жастары» деееп бастааайды әңгімелерін. Негізінен субмәдениетті контрмәдениетпен шатастырмағанымыз абзал. Оқулықтарда «субмәдениет – жалпы мәдени құндылықтар мен нормаларға қайшы келмейтін жалпы мәдениеттің бір бөлігі» — деп жазылған. Қазіргі заманның өршіл жастарына, тек дұрыс бағыт бере білу керек. Олар жеке пікірін қай жерде болсын батыл да еркін айта алады. Сондықтан, көшедегі мәдениет те өз ережесімен дамуы керек. 1990 жылдардан бастап хип-хоп деген әлем — жастар мәдениетінің ажырамас бөлшегіне айналды. Субмәдениет жастарының негізгі әлемдік бренді деп кең футболка, кең балақты шалбар, бастарына әр түрлі пішіндегі кепкалары, басын жауып тұратын кең жейделерін айтамыз. Арқалаған сөмкелері де, өз стильдеріне тән болып саналатындай.

Көшенің сәні — көше биі

Көше биінің кірпіші АҚШ-та 70 жылдардан бастап қаланды. Міне, бүгін бүкіл әлемді жаулап, өнердің осы түріне табынушылардың қатары күн санап көбеюде. Хип-хоп, локкинг, брейк-данс, тектоник, техно, нью стаил деп ұзын-шұбақ бөлімдер кете береді.
Степ-ритм би тобы Атырау облысында ұйымдастырылған бірінші жастар, көше биінің мектебі болып есептеледі. Құрамында жүзден астам қыз-жігіттерден құралған бұл топ өз өнерлерінің арқасында Ресейде, ТМД елдерінде өткен сайыстарда жүлдегер атанып жүр. Студияда негізінен биді енді үйреніп жатқан жасөспірімдер көп екен. Алдыңғы лектің бұл биді үйренгендеріне 8-9 жыл болған. Бірнеше жасөспірімдер мен жастардың басын біріктіріп, күніге сан қимыл үйреніп, дайындық жасайтын «Степ ритм» би мектебінің жетекшісі Ерболат Рыспаев жас та болса, өзінше заманауи бастама көтеріп жүр.

Ерболат Рысбаев, «Step ritm” би тобының жетекшісі
/ Біздің би тобымыз алғашында өзіммен жасты 5-6 жігіттің мүше болуымен құрылған болатын. Міне, өзіңіз көргендей бас – аяғы 9 жылдың ішінде 100ге тарта жастар осында би үйреніп, топтың мүшесі атанып жүр. Шығармашылық қорымызға көше биі стильдерінің оннан астам түрін жинақтадық. Жалпы, американдық би бағыты бүгінде сәнге айналып барады. Ұлттық өнерімізді жоймай, заманауи биді қатар алып жүру артық етпейді деп есептеймін. /

Көше мәдениетінің бұл түрі бишілердің көзқарасы бойынша жастардың бос уақытын тиімді пайдалануын әрі ортақ тақырыпта тіл табысуын көздейді екен. Жат қылықтарға бой ұрғанша осындай дене қозғалысына өте пайдалы өнермен айналысқан дұрыс болар.

Қазақша рэп…

Бастауын қара құрлықтан алатын өнердің бұл жанрын білмейтін жан жоқ шығар. «Не деген тасыр-тұсыр, айқай дүние?» деп үлкендер ашына қарайтын, «шіркін, ән деген осы емес пе?» деп жастар тамсана мақтайтын өнердің бұл түрі біздің өлкеде де күн өткен сайын даму үстінде. Рэп атамыздан қалған терме секілді мұра болмаса да, жастар ағымының заманауи өнер үлгісіне айналғандай. Жалпы, рэп – өткен ғасырдың орта шенінде қара нәсілділердің шығарған өнері. Яғни, әуен ырғағына ілесе отырып, тақпақ сынды оқылатын жанр. Алғашында көше стилінде айтылатын рэп, бүгінде шоу-бизнестің басты бөлшегіне айналып отырғандығын мойындаймыз. Тіпті, қазіргі кезде қай әнші болмасын, өз әніне осы жанрды қосып, араластырып айтатын болған. Оның ішінде мағынасы бары да, құр тақпақ та жеткілікті. Осы тұрғыда қала тұрғындарына сауал тастаған едік. Сіз рэп жанрын тыңдайсыз ба?

Алма Хамидолла, студент: рэпті өз басым тыңдамаймын. Өйткені біздің қазақы өмірімізге, өнерімізге сай келмейтіндей көрінеді.

Нұрбол Есмұратов, оқушы: Қазіргі таңда «Жас бауыр», «7122», «Жақау» сынды рэперлерді жақсы білеміз. Маған ұнайды. Өйткені мұнда бастан кешкен оқиғалар баяндалып жатады. Ырғағы да құлаққа жағымды.

Гүлнар Болатова, қала тұрғыны: Рэп бұл жастарға арналған, жастар тыңдайтын жанр. Ішінде жақсы сөздер айтылып, жөнді сазы болып жатса неге тыңдап көрмеске?! Кезінде біз тыңдаған 80-ші жылдардағы әндер сол заманның үлкендеріне ұнамайтын. Ал бүгінгі жастарды да сол уақытпен салыстырып, түсінуге болатындай.

Иә, әркімнің өзіндік пікірі бар, оған әрине талас жоқ. «7122» тобы осы рэп өнерімен айналысып жүрген қаламыздағы топтардың бірегейі. Олар облыс деңгейінде өтетін байқаулар мен мерекелік концерттерге шақыртулар алып тұрады екен. Топ орындайтын негізгі тақырыптары Атырау қаласына, оқушылық өмірге, махаббатқа арналған. Бүгінде үш жігіт өз шығармашылықтарын шыңдау үстінде.
«Музыка — жастарды тәрбиелеудегі таптырмас құрал. Жастар көп тыңдайтын Тимати мен Эминемнің рэптерінде ғайбат сөздер жиі айтылады. Олардың орнын өзіміздің отандық орындаушылардың саналы, айтар ойы бар тректері алмастыруы керек,» — дейді «7122» тобының жігіттері. Олай болса, қазақша рэпті дамытуға үлес қосамыз деген жас жігіттерге сәттілік!

Паркур толқыны

Сіздер кинолардан немесе деректі фильмдерден ағаштардан, биік қабатты үйлер мен ғимараттардан, қабырғалардан неше түрлі қимылмен айналып секіріп жүргендерді көрген боларсыз..Бұл көркемөнер спорттың бір түрі – паркур деп аталады. Жазықтықта берілген бөгеулерден еркін өту екен мақсаты. Спорттың бұл түрі экстрималдылықты және шапшаңдықты қажет етеді. Паркур өнерінің негізін қалаушылар француздық актерлер Себастьян Фукан пен Давид Белль. Бұл өнер бүкіл жер шарына кеңінен тарап, жастар арасындағы әуесқой спортқа айналды. Оның ерекшелігі айтып кеткендей алуан түрлі тосқауылдарды бағындыру. Биік-биік жерлерден ерекше қимылдарды жасай отырып секіру, айналу. Бұл өзімнің ойымша кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Паркуристтер өз стильдерін әртүрлі қимыл-қозғалыс арқылы дамытып отырады. Атырулық жас паркуршылардың айтуынша көше ауасымен тыныстап, көшеде өспеген, көше өмірін сезіне білмейтіндерге бұл өнерді игеру қиынға соғуы әбден мүмкін. Бүгінде паркур өнері жастарды еліктіргіш, қызығушылығын оятатын субмәдениеттің кеңінен танымал саласы болып табылады.

Графитти – көркем өнер

Қала көшелерінің қилы бұрышында немесе жағалау жақтау тастарында өзіңізді еріксіз қарататын әдемі түстерге толы жазулар мен суреттерді көріп жүрген боларсыздар. Бұл да субмәдениеттің бізге жеткен бір түрі. Жазбалардың жаманы да, жақсысы да, әдемісі де бар. Бұл түрлі қабырғаларға әшекейлеп салынып, қашалатын көше өнерінің көкжиегін кеңейткен граффити өнері болып табылады. Аудармаға сүйенсек «қашау» деген мағына да екен. Граффити үлгісімен сурет салатын райтер-жастарды өкінішке орай өлкемізден көп кездестіре бермейміз. Дегенмен, олар қалдырған қолтаңбалар баршылық. Бір қызығы, Астана мен Алматы қалаларында осындай райтерлерге арналған фестивальдер жиі өткізіліп тұрады екен.

Қорытынды

«Жастық шақ» деп аталтын өткінші кезеңін есте қалалырлықтай, қызықты, ерекше өткізуі әркімнің өз қолында. Бірақ, кірме дәстүрлерге еріп, ұлттық санадан арылудың да қажеті жоқ. Біз қозғаған субмәдениеттің аз ғана парасы біреулерге қызығушылық тудырар, ендігілерге жағымсыз боп көрінуі де бек мүмкін. Таразылу өз еріктеріңізде. Сонымен, жастар арасындағы һәм көше мәдениеті оларға просоциальді әсерін берсін дейміз. Тоқетерісі, субмәдениет – жастар белсенділігінің алаңы.

2 пікір

Jako
Менімше жоғарыда айтылған жанрлардың ешқайсысының да өшқандай көзге ұрар ерсіліктері де, жастар тәрбиесіне кері әсері де жоқ деп ойлаймын.Қайта жастардың дене тәрбиесіне, сөз қиыстыру өнеріне қалыптасуына жақсы әсер беретін сияқты.Халқымыздың сат-дәстүріне де еш қайшылығы жоқ, сондықтан жастар алға демеске не шара.
Kan
Бұндай еліктеудің арты неге апарады екен. Американдықтар ұқсап ашық-шашық жүріп арымызды жоғалпасақ болғаны.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.