Күз

Өз ойым /
«Кеше ғана жер бетінің барлығы жасыл желекке оранған жаздың жаймашуақты күні еді ғой» деген сөзіңе қазіргі күрең түсті күз картинасын тамашалап отырған қай адам иланады? Сенбек түгілі өзіңді жындыға телісе таңданудың әсте қажеті жоқ. Себебі қазіргі көріп отырған қоршаған орта көрінісінің осындай күйге ауысып үлгергеніне бие сауым уақыт қана кеткен болатын. Ия, адам айтса нанғысыз. Сенбейтіндіктері суретші табиғаттың асқан шебер екенін бірі білсе, бірі біле бермейді…
Асан тұңғиық теңізіндей шетсіз түнде көше кезіп келіп, көрпенің құшағына кірген сәтінде, бүгінгі түннің әдеттегіден әлде-қайда салқындай түскенін бірден аңғарған болатын. Себебі күнделікті киіп жүрген киімі осы кеште қатарға жаңадан келіп қосылған қара суықтан қорғауға қауқарсыз болып шықты. Осы сәтті зарыға күтсе керек, көше серісі атанған Асанды әншейіндегідей дидары мен қолынан сүйгеніне еш құмары қанбайтын түн қызының салқын еріндері, осы жолы өне бойына еркін еніп, мейірі қанғанша құшырлана сүйген болатын. Қатты сағынғанын ет түстес еріндерінің күлгіндене бастағанынан-ақ анық аңғаруға болады.
Бас кезінде қытықтағандай көрінген салқын еріндер, біраздан кейін Асан бойының жылуын толығымен сорып алып, салқындық сарайына апарып тықты. Енді, жаңа ғана денесіндегі қызу қаны арнасына симай, тасып тұрған жас жігіт тісі тісіне тие тоңғаннан дірдектеп тұрғаны сонша, салқындықтың кесірінен көзіне көмілген қалың ұйқының құшағына еніп бара жатқан Асанды, ұйқы құшағынан қызғаннан түн аруы оятып алу мақсатында жатқан жерінде жағасынан ұстап жұлқылағандай көрінді. Бұдан артық сұлбасы жоқ сұлудың сүйгеніне төзе алмаған Асан, достарының қимастық кейпіне енген жалынышты көздеріне қарамастан үйдегі жылы төсегіне тура тартты.Бұның жаз шыққалы бері үйіне алғаш ерте қайтуы осы шығар. Ғайыптан пайда болған түн аруы сыйлаған салқындықтан бойын ада қылғаннан кейін, жылы көрпенің құдіреті ме, кім білсін, әйтеуір Асанның көздеріне ұйқы құстары келіп тығылды.
Таң атты деген аты ғана болмаса бүгін аспаннан әншейіндегі күлім көз күннің жүзі байқалмады. Есесіне құрбысынының «орынымды жоқтатпашы» деген сөзін жерге тастауға дәті шыдамай келген, келседе көңіл-күйі құрдымға кеткен қара бұлттар топ-тобымен төбеден төніп тұр. Сәл шынбайна тисең ызаға булығып, жердің миы езілгенше еш толастамас көз жасын төгуден тайынбайтын сыңай танытады.
Кеше ғана жасыл жамылғы жамлған жер беті, түрлі түске боялған көрпеге тығылып жатыр.«Ее, мен сықылды бұл да қатты тоңса керек, көрпесін қалыңдатып алыпты ғой» деп ойлады ұйқысынан енді тұрып, бір-ақ түнде жаңа кейіпкердің кейіпіне еніп үлгерген табиғатты терезеден тамашалаған, Асан. «Бірақ өзінің қара басының қамы үшін, өзгелердің көрпесін тартып алудың қаншалықты қажеті болды» деген түйір ой миынан сарғайған жапырақтай үзіліп түскен еді. Бұл ой, тіпті де Асанда күз айын жақтырмағаннан емес, жанын жылытар жапырағынан айырылып, қу желдің әуеніне қосыла аянышты үнге ерік беріп тұрған ағаштарды көргендегі әсерінен туған болатын…

9 пікір

yesbolat83
Қазақтың бай тілімен үйлесімін тапқан шығарма. Жазу өнеріңіз мықты екен. Өзгеде туындыларыңызбен оқырмандарыңды қуанта беруіңе тілектеспін. Өте ұнады.
eclipse9
рахмет, шабыт қарагерінің шамасы жеткенше шабамын!!!
didar
тілеулестерің көп болсын!
AKA
Тамаша! Айта кететін бір жайт, "ілмектер" деген жерге сонда көрсетілген сөздерді емес, жазбаға қатысты сөздерді жазсаңыз екен. Мәселен, мына жазбаны жазғаннан соң ілмектерге: күз, табиғат, жапырақ т.б. қыстыруға болады.
Jako
eclipse9, тамаша, тұшынып оқыдым. Әшейіндегі сұп-суық көрінетін күздің бір күнін тамаша теңеулер мен Асанның көңіл күйі арқылы өте әсерлі жеткізіпсіз.

көше серісі атанған Асанды әншейіндегідей дидары мен қолынан сүйгеніне еш құмары қанбайтын түн қызының салқын еріндері, осы жолы өне бойына еркін еніп, мейірі қанғанша құшырлана сүйген болатын. Қатты сағынғанын ет түстес еріндерінің күлгіндене бастағанынан-ақ анық аңғаруға болады. 

Керемет.

Есесіне құрбысынының «орынымды жоқтатпашы» деген сөзін жерге тастауға дәті шыдамай келген, келседе көңіл-күйі құрдымға кеткен қара бұлттар топ-тобымен төбеден төніп тұр. 


Бейне бір оқып отырған емес, суретін қарап отырғандай әсер береді екен.
Kan
Жако неге сіздің өз посыңыздағы жазған жауаптар маған келмейді. Мен сіздің пікірлеріізбен, жауаптарыңызды іздеп тауып аламын
Jako
Шынымды айисам мен ол жағынан түк түсінбеймін.
eclipse9
барлығыңа да алғысым шексіз! «АКА» ол жерге сөйтіп жазу керек екенін әсте білмедім, ендігі жолы қаперімде ұстаймын! рахмет
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.