Айналайын, абайла.

Өз ойым /
Біздің ауылда марқұм (жер айтып бармасын) Әзекең деген айтқыш ақсақал болған. Бірде ауылдағы учаскелік милиционерге аудан орталығынан МАИ қызметкер досы келе қалады. Сонан екеуі кездескеніміз үшін деп 100 грамдатады ғой, баяғы. Содан бір кезде сол учаскелік милиционердің сол ауылдағы, жаргон тілімен айтқанда «тоқылдағы» (стукач, дятел) келе қалады. Келе сала:
— Жолдас капитан, мен арыз жазуға келдім,-дейді.
— Кімнің үстінен және не үшін?,-деген милиционердің сұрағына:
— Мені Әзекеңнің иті қауып алды,- дейді.
— Отыр да жаз. Осы Әзекеңді көптен бері бетін бері қаратып, қысқы соғымнан ауыз тие алмай жүр едім. Жақсы болды. Енді әурем сен болсын,-деп милиционер ағамыз екі қолын кезек ысқылайды.
Сонан не керек, арыздарын құшақтап учаскелік милиционер, МАИ қызметкері және арыз иесі үшеуі Әзекеңнің үйіне ат басын тірейді.
Әзекең үйінің ауласында, қара талдың көлеңкесінде кешқұрымы кітап оқып отыр екен. Жанында үш иті жатыр. Шарбақтан саудырлатып кірген үшеуін көрген Әзекең орнынан тұрып, кемпіріне бұрылып:
-Әй, бәйбіше, қазанға ет сал. Шәйіңді қой. Әншейінде шақырғанда келтіре алмайтын қонақтар келді,-деп қалбақтап қалады. Ішінде ысқырған айдаһар жатқан заң уәкілі:
— Ақсақал, біздің шәй-тамақ ішіп отыратын уақытымыз жоқ. Сіздің үстіңізден арыз бар. Соны тексеруге келдім,-дейді түсін суытып.
-Апырмай, ол неғылған арыз,-деп таңқалады Әзекең.
-Сіздің иттеріңіздің бірі мына азаматтың аяғын тістеп алыпты. Міне, дәрігерлік анықтамалары,-деп мөр басылған бірнеше қағазды көрсетеді. Екеуінің артында бұғасықтап тұрған әлгіні көрген Әзекең оның сырына қанық қой, көзілдірігін асықпай шешіп, былай дейді:
— Шырақтарым, менде бар болғаны осы үш ит. Менің көмекшілерім. Анау жатқан қара ит менің учасковыйым, үйге бөтен адамды кіргізбейді. Осы үйдің қарауылы әрі қорғаушысы. Ал, анау жатқан сұры ит менің ГАИ-ым. Таңертең малмен бірге өріске кетіп, кешке бірге өрістен келеді. Солардың спорождайыт етеді. Ал, анау жатқан қызыл иттің кімге ұқсағанын білмеймін, әйтеуір әр үйден тамақ ұрлап ішіп, өзінен зорын көрсе құйрығын қысып, ешкім жоқта басын шақшитып өзінше «крутой» болып жүреді. Ал, қапса, кімнің қапқанын тісінен айырып ала қойыңдар,-депті.
Ақсақалдың мына теңеулерінен кейін үшеуі үндеместен кері бұрылып, жүре берген екен.

3 пікір

Korkem
))))))) ТАМАША ЖАЗЫПСЫЗ, ӨТЕ ТАМАША!!! Муахахаааа енді жазбаларыңызды аңдып жүрейін...)))
KILYZAMAN
Пенде профессордың алдында емтихан тапсырып сынақтан өте алмай қалған қуақы абитуриент қыздың: «Фамилиямды құйрығыма қарап ажыратып алыңыз»- дегені жайлы анекдот еріксіз есіме түсті :-)
qyrmyzy
маухахахахаха
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.