Ырымға сенесіз бе?

Өз ойым /
Кейде адамдардың болмашы нәрсені ырымға балап,өзінің болжамы мен ойына ырық беріп әбігерге түсіп жататыны бар.Қашанда салт-дәстүрі мен жоралғыларын қастерлейтін халықпыз, бірақ қазіргі өмірімізде ырымға сеніп, бір істі тым әсірелеп жіберетініміз тағы бар.Ендеше мәселенің ара-жігін ажыратып алу үшін тағы да Қ.Жолдыбайұлы сияқты ағаларымыздың сөздеріне құлақ түрейік.

Адам табиғаты естіген, көрген нәрселерінен бір мағына шығарып, оны жорамалдауға құмбыл тұрады. Жақсы нәрсе естіп немесе көңіліне хош нәрсені көрген сәтте оны жақсылыққа жорамалдаса, ұнамсыз сөз естіп, жағымсыз нәрсе көрген кезде оларды жамандыққа ырымдай бастайды
Кейбір жандар көңілдерінде сыр берген бұл сезімдерге қатты мән беріп, оған имандай сенеді, тіпті сол бойынша әрекет етеді. Ал бұл өте қате нәрсе. Тіпті кей тұста мұндай соқыр сенім мен ырымға құлай берілу Жаратқанға серік қосқанға да жататын ауыр күнә болуы мүмкін. Исламға дейін арабтарда ырымға илану қатты орын алған. Мысалы, олар жолға шығарда отырған құсты үркітіп ұшыратын. Егер құс оң жаққа бет алатын болса, онда сапарға шығуды дұрыс санап, жол жүруге бел байлайтын. Ал егер сол жаққа ұшатын болса, онда сапардың сәтсіз болатынын болжап, жол жүруден бас тартатын. Яғни, олар Жаратқаннның жазғанына емес, ақылы жоқ құстың ұшқан бағытына қарап іс-әрекет жасайтын. Құдды оларға сәттілік сыйлайтын да, жаманшылықты жазатын да Алла емес, құс деп білетіндей.
Кейбір жандар қара мысықтың жолын кескенін көрсе, жолаушылығының сәтсіз болатынын болжайды. Әлдебір себеппен бір жағдайға ұшырай қалса, оны Алланың жазғаны деп емес, әлгінде жолын кескен қара мысықтан көреді.
Ел арасында қайтыс болған кісінің түнеген бөлмесіне шырақ жағып қою немесе береке орнасын деген ниетпен астына дән шашу секілді ырымдарды да кездестеріміз. Алайда бұл – мүлдем қате, негізі жоқ күнә ырымдар. Тіпті, кейде қайтыс болған кісінің қабіріне құлыпты қоса көміп жатады. Ондағы мақсат – өлімнің тоқтап, әулеттегі басқа адамдар аман-есен жүрсін дегені. Ал мұның тым таяз түсінік екені анық. Себебі, Алланың жазған ажалын пенденің қолымен жасалған қара құлпы тоқтата алмайды. Жаратқанның үкіміне мұндай ырымдар тосқауыл бола берсе, дүниенің тепе-теңдігі бұзылып, астаң-кестеңі шығар еді. Сондықтан кісі қара мысықпен сәтсіздікке ұшырап, көмілген құлпымен өлім тоқтайды деген сенімге шын иланса, онда Жаратқанға серік қосқан болады. Себебі, бұл жерде адам тағдырына әсер ететін, оған пайдасы мен зиянын тигізетін Құдайдан басқа бір дербес күшке, құдіретке сену бар. Ал Ислам тәлімінде ешбір нәрсе Алланың құдіретінсіз жүзеге аспайды. Қазақтың «Құдайсыз қурай да сынбайды» деуі де осы ислами таза түсініктен туған.
Қазіргі таңда кейбір ырымдар мен негізсіз тыйымдарға бәзбір танымы таяз жандардың құлай беріліп, оған қатты сенгендігі соншалық – оны Құранның үкімдері мен пайғамбарымыздың тыйымдарынан да жоғары қояды. Мысалы, жаңа түскен келіннің жүзіне ұн жағылмай қалса, «жаман боладыға» салып, сол ырымды орындатпай қоймайды. Ал бірақ сол үйлену тойда арақ ішіліп, небір харам нәрселер істеліп жатса да, оған жаны ауырып, көңілі құлазымайды. Сонда ешбір негізі жоқ ырымның Алланың шариғатынан да жоғары болғаны ма? Адамға пәлекет пен кесір келсе, мұндай негізсіз ырымдардың орындалмай қалуынан емес, әлгіндей харам нәрселердің кесірінен болатыны сөзсіз.
Ырым дегенде тағы бір ескере кететін жайт – белгілі бір заманның тұрмыс жағдайына байланысты ескерілген кейбір гигиеналық тыйымдардың қазіргі таңда ырымға айналуы. Мысалы, «түнде тырнағыңды алма, жаман болады!» деп жатады. Шын мәнінде, бұл ырым емес. Бұл – қазіргідей жарық шамы жоқ әрі ыдыс-аяғы мен жатын орны жақын орналасқан кішігірім қазақы үйде ғұмыр кешкен халықтың гигиеналық сақтануынан туындаған ұстаным. Себебі, қараңғыда алынған тырнақтың ыршып ыдыс-аяққа түсіп, одан әрі адамның ішіне кету қаупі бар. Сондай-ақ, бұрынғы кезде тырнақты қазіргідей оңай алатын құралдар болмағандықтан, қараңғыда тырнақ алған кісі тырнағымен бірге саусағын кесіп алуы ықтимал. Ал енді қазіргідей жарығы мол, ыдыс-аяғы бөлек тұратын бірнеше бөлмелі үйде мұндай тыйымға қажеттіліктің жоқ екені рас. Ендеше, мұны түсініксіз ырымға айналдырудың қажеті де жоқ.
Тағы бір мысал, қазақта: «Үйге қарай жүгірме, немесе, атпен шаппа, жаман болады!» деп жатады. Бұл сөз де әсілінде ырым емес, үлкен этикадан туындаған тәлімі терең тыйым болмақ. Олай дейтініміз, көбіне жау шапқанда, немесе басқа да суық хабарды жеткізерде хабаршы жай жүріске салмай шауып келеді. Міне сондықтан тыныштық уақытта үйге қарай шауып келу – елдің жүрегіне үрей салу болғандықтан, бабаларымыз «үйге қарай жүгірме, яки, атпен шаппа» деп этикалық астары қалың тыйымдарды айтып отырған. Әйтпесе, үйге қарай жүгіру мен шабудың нәтижесінде жаманшылық болмайтыны ақиқат.
Иә, көңілге келген әлдебір нахош нәрсені жаманшылыққа жору, кесірді кесіп ырымдау исламда жоқ. Өйткені ешбір негізсіз жаманшылықты ырымдап, оған сенуде жүрекке үрей салып, болашаққа күмәнмен қарау жатыр. Нәтижесінде жүрекке Жаратқанға деген сенімсіздік пен жаман ой ұялайды. Кісі еш негізі жоқ нәрсемен өз жігер-қайратын байлап, жалқаулыққа жол береді. Мұнымен қоса өз жүйкесін өзі жұқартып, айналасына жағымсыз жағдай қалыптастырады. Нәтижесінде өзінің де, өзгенің де құтын қашырады.
Бірақ кездескен әлдебір хош, көңілге жағымды нәрсені жақсылыққа жоруға, құлағың шалған қандай да бір жақсы сөзді игілікке ырымдауға ислам рұқсат етеді. Бұл жерде басты назар аударатын нәрсе ұшырасқан көңілге ұнамды нәрсені жақсылыққа негізгі себеп деп емес, жақсылықтың белгісі деп қабылдауда, соны үміт етуде жатыр. Бірақ кесіп айтпастан «Алла қаласа жақсылығы боп қалар» деп үміттену керек. Себебі, жақсылық күтіп, жақсы ойлау, қуанышты үміт ету – мұсылманның ісі. Аллаға деген жақсы ойдың нәтижесі болмақ. Жақсы ой, жақсылыққа үміттену кісіні алға ынталандырады, жігер-қайратын қамшылайды. Қазақтың: «жақсы сөз – жарым ырыс» деуі де осыған саймай ма?
Ендеше, малдың бас сүйегін немесе аттың тағасын босағаға іліп қойып, оларды түрлі бәле-жаладан сақтайды дегендей нанымдар мен өмірде кездесетін көңілге жағымсыз нәрселерді негізге алып, оны жаманшылыққа жору исламда мүлде жоқ. Ал кейбір көңілге хош көрінген нәрселер мен жағымды сөздерді жақсылыққа жорудың да оқасы жоқ. Бірақ әлгіндей «жақсылық болсын» деген ниетпен жаңа түскен келіннің жүзіне ұн жағу секілді негізсіз ырымдардан да арылғанымыз абзал.

2 пікір

Kan
"Қазақ діншіл емес ырымшыл" осы сөздің шындық екені. Өз басым ырымға сенебермеймін. Әрі ырымға сенетіндерді құптамаймын
yesbolat83
Қазақтың ырым-тыйымдарының басым көпшілігі имандылық пен тәрбиелікке баулиды. Бірақ шектен шығып кететін түрлері де баршылық.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.