«Бір-біріне отырар басу айтып»

Өз ойым /
Жыр теңізінде жүзген алыптардың ішінде мен үшін Мұқағалидан асқаны жоқ. Мен оның әр өлеңінен өмірді көрем, өзімді көрем. Ол өлеңдерінде «Мен» деп сөйлей отырып, өзгелердің – жастың да, қарттың да, бойжеткен мен бозбаланың да мұңын мұңдап, ішкі сырын дөп басқан. Өмірдің өкінішін, заманның қасіретін терең түсініп, ерекше сезіммен қабылдаған. Жүрегіндегі сол сезімдерді жыр етіп ақтарған.
Ал, енді біз оның жырларын оқи отырып, өмірдің өзіміз күнде көріп жүрсек те мән бермеген көп қалтарыстарына үңілеміз.
Мұқағали ақынның «Жиі енеді» деп аталған өлеңі бар:
«....Қырық түтін шығады қырық тамнан,
Қырық торғай ұшады шыбық талдан.
Қырық әже күзетіп отырады,
Қырық ұлдың орынын суып қалған.

Қыр басына қырық шал жиналады,
Бір-біріне тартуы – сый-қабағы.
Бір-біріне отырар басу айтып,
–Қайтесің, –деп, – Тәңірдің қимағанын?!...»
Бұл – соғыс кезіндегі, соғыстан соңғы жылдардағы халықтың халі. Соғыс дейтін сұрапылдың кесірінен қара жамылмаған жанұя қалмаған халықтың қасіретті жағдайы ақынның түсінде осылай елес беріп, ақ қағазға осылай төгіледі.
Қайран ақын! Ұлынан айырылған жетім – Ананы, ерінен айырылған жесір – Әйелді, әкесінен айырылған жетім – Баланы көп жырлаған. Жетімдер тағдыры оның жанын қатты ауыртқан. Сол жетім тағдырларға кінәлі болған соғысқа лағынет айтқан…
Иә, ойдан ой туады. Мен осы бір өлеңді оқи отырып ойға қалам: «Бұл өлең сол соғыс кезінің ғана емес, осы біздің заманның да тамырын басып, күйін тартып тұр ғой»,– деп.
«Бір-біріне отырар басу айтып,
–Қайтесің, – деп, – Тәңірдің қимағанын?!». Бұл – мен жиі көріп жүрген жағдай. Қазір, Жаратқанға шүкір, соғыс жоқ. Бейбітшілік. Бірақ, аза тұтпаған отбасы аз. Қаралы хабарларды да бейне бір соғыс жүріп жатқан кездегі сияқты жиі естиміз. «… пәленшенің баласы суға кетіпті, түгеншенің жиырма бір жасар ұлы наркоздан оянбай қалыпты, бұрынғы көршіміздің жиырма үш жастағы қызы асылып қапты, ауылдағы көршіміздің үлкен ұлы трассада автокөлігі аударылып мерт бопты, ендігі біреудің 12 жасар қызын машина қағып кетіпті, әпкемнің қайындарының бір келіні бала үстінен кетіпті...». Қаралы сөйлемдер легі осылай жалғаса береді. Санасам, дәл қырық болмаса да шамалап қалады. Ақынның бейнелі санымен сәйкес келмесе де, әйтеуір аз емес.
Өкініштісі, бұлар менің соңғы бір жылда есіткендерім және бәрі де менің таныстарым. Міне, осы қыршындардың әке-шешелері көрген жерде жылап көрісіп, ақын өлеңіндегі сияқты «бір-біріне басу айтып отырғаны».
Иә, тағы да ойдан ой туады. Мен ойлаймын, жүз жылда біртуар ақынның ғұмыры ұзақ болып, осы күнді көргенде, осы күнгі қаралы хабарларды есіткенде нендей күй кешер еді? Бүгінгі жетім аналар мен балаларға қандай басу айтар еді? Олардың қасіретті тағдырына және сол қасіретті тағдырлардың тым көп болғанына кімді кінәлар еді? Құдайды ма? Заманды ма? Әлде адамзаттың өзін бе?
Ешқандай соғыссыз-ақ өзімен-өзі немесе өзге біреулердің қалауымен, әлде жауапсыздығының себебінен дүниеден өтіп жатқан жандарды көріп жүрегі ауырар ма еді? Жүрегі ауырғаннан көкірегі қарс айырыла тағы бір жырын, өлмес нала-мұңын қалдырар ма еді? Әлде, «О, бәтшағар өмір-ай, өмір дейтін осы да!» деп қайталап қана қояр ма еді?
Мұқағали ақынға ұқсап өлмес жыр төге алмасам да, құйрықты жұлдыздай ағып жатқан замандастарды ойлап менің де жаным ауырады…
«… Менің жаным ашиды өткендерге,
Жаңа ғана өмірге жеткендерге.
Ұран жазып аспанға қойсам ба екен,
«Енді сендер өмірден өтпеңдер!», – деп»…
Нұрбану Камалова

6 пікір

nurbanu_KAMAL
Бұл ой қағазға түсіп, папкада жатқалы да жылдан асты. Шекара қызметінде орын алған қайғылы жағдайдан біртүрлі көңілім түсіп кеткенде, осы ойларды тағы ойладым да, жазғаным есіме түсті. Алайда, ештеме қосып, өңдемей-ақ, сол кезде қалай жазылды, солай бергім келді.
Kan
Ойың осып түсті санамды. Қазақпын деген азаматты ойландыратындай сөз жазыпсың. Мұқағалидің жырымен жалғасқан жалғанның жағдайын жасырып қоя алмаспыз. Бірі өлер бірі көмер. Жаңғаның сөнер, амал жоқ көнер. Басқа түскенге көнгеннен басқа шара барма? Адам баласы қайғыдан өлер болса қаймана қазақ қайғыдан баяғыда өлер еді. Бірақ қайғыдан қайысып жүріп қайтпайтын қазақ әліақ жақсарар әліақ түзілер. Үміт тәтті ғой шіркін
nurbanu_KAMAL
Жақсы айтыпсыз. «Жанғаның сөнер, амал жоқ көнер». "Әлі бәрі де түзелер". Дұрыс-ақ. Жарқын болашаққа қарай батыл қадам басқан елде үмітсіздікке орын жоқ. Алайда, жаралғалы қасірет пен қайғыдан көз ашпаған адам баласының сол қасіреттерінің бәрі тек қана "өзіне-өзі қылдының" салдары екенін ойлағанда өкініш өзекті өртемей тұрмайды.
Сізге рахмет.
Jako
Тамаша пост, адамды қатты ойландырады екен.Не пікір білдіретінімді пайымдай алмай отырмын.
aliya95
Өте керемет. Жалпы алғанда Мұқағали өлеңдері әр адамның жүрегіне жетеді. «Шыда, шыда, шыдай түс, шыда тағы» деп өткен ақиық ақын жырлары түсіне білген адамға рух берері сөзсіз.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.