ЖАН ӘЛЕМІНЕ БІР ҮҢІЛЕЙІК...

Өз ойым /
Өкініш пен мұң
Өкініш – әркімнің жүрегінде тұратын сезім. Өмірдің де көп бөлігі осы өкініштен құралатын тәрізді. Иә, өмір болған соң өкінішсіз болмайды ғой.
Сосын мұң дейтін бір ұғым бар. Асылында, өмірге өте жеңіл қарайтын, өте көңілді адам болмаса, осы айналамызда жүрген кез келген ең күлегеш, ең қалжыңбас, ең тәкаппар жанның да жанында бір мұңы бар деп ойлаймын.
Ал енді бір сұрақ, АДАМ БАЛАСЫНЫҢ МҰҢ МЕН ӨКІНІШТЕН ТҮГЕЛІМЕН АРЫЛАТЫН КЕЗІ, ТІПТІ СӘТІ БОЛА МА ЕКЕН ӨЗІ?
Мен жоқ дер едім. Өйткені, менің өзімде ондай сәт болған емес. Мүмкін, мен тым пессимист шығармын? Өзім мұңнан ешқашан арылмадым екен деп түгел адам баласы туралы осылай ойлау қателік шығар?
Жоқ, мен сенімдімін. Бәрі де мен сияқты. Мұны мен өзім білетін көптеген адамдардың орнына өзімді қойып көрудің нәтижесінде түсініп отырмын. Бәрі де мен сияқты мұңаяды, бәрі де мен сияқты өкінеді.
Енді тағы бір сұрақ, ОСЫ МҰҢ МЕН ӨКІНІШТІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ БАР МА? Өкінген адамның жүрегін мұң басады, ал мұңға батқан адам өкінеді. Бір қарағанда, екеуі бір ұғым сияқты ғой, солай емес пе?
Күнделікті тіршілікте өкініштер көп. Жаннан артық көретін анамызды байқамай ренжітіп қоямыз. Бұған соңынан өкінеміз. Енді қайталамаймын деп бекінеміз, байқамай, тағы қайталаймыз. Тағы өкінеміз. Жетсем дегенің кейде жеткізбей сағымға айналады. Алланың жазуы екен десек те, бәрібір «былай істегенде бұлай болмас па еді» деген ой мазаламай қоймайды. Жанымыздағыларға: «Е, мейлі ғой, көре жатармыз», – деп мән бермеген кейіп танытамыз, бірақ, сол уақытта жүректің бір бұрышына өкініш орын теуіп үлгереді… Мысалдарды санай берсек көп. Қысқаша айтқанда, ӨКІНІШ – өз жаныңа өз қолыңмен салатын жара. Өзің салған жараны өзің жаза да аласың. Және бір жарақаттаған жеріңді байқамай қайта жарақаттауың немесе ендігі жараны өзге тұстан салуың да мүмкін.
Мұң… Осы мұң деген сөздің айтылуы мен жазылуы да нәзік сияқты көрінеді маған.
Біздің мұңымыз да көп. Әйтсе де, мұңның ең көп тараған түрі – жауапсыз махаббаттың мұңы. Махаббатқа қол жеткізе алмағанымызды ойлағанда – өкінеміз. Ал сол махаббат туралы әдемі қиялдарға беріліп, соңынан оның тек қиял екенін жүрекпен сезінгенде – мұңаямыз. Өйткені, ол сәтте өкінесің бе, жоқ па, ол маңызсыз болып қалады. Жанды тек қана мұң иелейді. Сол сияқты, анамызды ренжіткен сәтімізде – сол ісімізге өкінеміз. Ал кейіннен сол анамыз туралы терең ойға батқанда – мұңаямыз. (Қуаныш сезімі де болады, әрине. Ол – басқа тақырып). Біз үшін көрген бейнетін ойлағанда, Алланың бір жазған күнінде сондай аяулыларымыздан көз жазатынымызды ойлағанда… Бұларды өкініш дей алмаймыз ғой. Мұң деген – осы. Бір сөзбен айтқанда, МҰҢ – ес білгелі жүректі жайлаған, қанша қашсаң да құтылмайтын көңілсіз әуен. Ол әуен жанды жабырқатады, тербейді де, ал кейде, тіпті, әлдилейді…
Ал ендігі сауал, БІЗДІҢ БАҚЫТЫМЫЗҒА КЕДЕРГІ КЕЛТІРЕТІН ДЕ ӨКІНІШ ПЕН МҰҢ ШЫҒАР? Бұл сұрақтың тууына себеп – мұң мен өкініштің арты көбіне көз жасына ұласып жатады. Әсіресе, әйел затында. Алайда, бұл сезімдер бақытсыз етеді деген ойға менің қосылғым келмейді.
Біз айттық: «Өкінеміз, өкінген соң қайталамаймыз деп бекінеміз», – деп. Бұл жақсылықтың белгісі. Кейінгі нәтижесінің қалай болатыны әркімнің жаратылысына байланысты. Бастысы, бұл жерде өкініштің өз миссиясын орындауында. Ол өкіндірді. Бір рет қателікті ұғындырды. Демек, өкініш – бақытымызға кедергі емес, бақытқа бастаушы ғой, солай емес пе?
Мұң әлдилейді. Оған ешкімнің таласы болмаса керек. Иә, мұң жанды жегідей жейді де. Әйткенмен, мен мұңсыз жанды көз алдыма келтіре алмаймын. Мұңсыз адам жаны жалаңаштанып, жадап кететін тәрізді. Өйткені, адам мұңға батқанда ғана өткені мен болашағына терең көз жібереді. Тұла бойды мұң иелеп, көзге жас келгенде адам одан сайын өмірге тереңірек үңіле түседі. Бұл сөзсіз жақсылықтың белгісі. Өмірге терең үңілгенде ғана біз бақытсыздығымыздың себебін анықтап, бақытымызды тани түсеміз. Демек, өкініш пен мұң – бақытқа кедергі келтіруші емес, бақытқа бастаушы сезімдер.
Осылай өкініш пен мұңға бой алдыра отырып, менің ұққаным – осы. Ал, айтарым – өкіне жүрейік, мұңая жүрейік, бастысы – түңіле көрмейік!
Нұрбану Камалова
(07.01.2013)

11 пікір

aliya95
Ия, жақсы жазылған. Шынымен де өкініш пен мұң бізді қателікке бой алдырмауға үйретеді. Мұңайып, өкінейік. Тек сол өкініш пен мұң қайғыға ұласпаса болғаны.
Jako
Нұрбану,өте жақсы жазасың,қызығып оқимын.
nurbanu_KAMAL
Рахмет. Маған сіздің оқығаныңыз, пікіріңіз өте маңызды. Жазғаным біреуге ұнаса, ол мен үшін қуаныш.
Kan
Кремет пост қызыға оқыдым. Қызығы сол өз сұрақтарыңа өзің жауап беріп отырыпсың.
АДАМ БАЛАСЫНЫҢ МҰҢ МЕН ӨКІНІШТЕН ТҮГЕЛІМЕН АРЫЛАТЫН КЕЗІ, ТІПТІ СӘТІ БОЛА МА ЕКЕН ӨЗІ? деп сұрақ қойғасыңда. артынан «Мен жоқ дер едім» деп жауап беріпсің. Иа адам баласы мұнан арыла алмайды егер ол мұғнан арылса ол арсыз адамға айналады. Мұң мен ардың ара жігі тым нәзік байланысып жаты.

«ОСЫ МҰҢ МЕН ӨКІНІШТІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ БАР МА?» мына бір сұрағыңа «Екеуі бір ұғым сияқты ғой, » деп жауап жазыпсың. Жоқ екеуі екі бөлек ұғым. Мұң-өткен істі болашақпен байланыстыратын ұғым. Ал өкініш-тек өткенмен ғана шектеледі болашақпен еш байланысы жоқ. Сен келер күнді ойлап мұңайуың мүмкін. Ал өкініш өткен қателігіңді еске салады бар болғаны сол.

БІЗДІҢ БАҚЫТЫМЫЗҒА КЕДЕРГІ КЕЛТІРЕТІН ДЕ ӨКІНІШ ПЕН МҰҢ ШЫҒАР?" деген сұрағыңа «Демек, өкініш пен мұң – бақытқа кедергі келтіруші емес, бақытқа бастаушы сезімдер.» деп әдемі дәлелдермен әдемі жауап беріпсің. Керемет.
nurbanu_KAMAL
Мен «Мұң мен өкініш бір ұғым» деп айтайын дегем жоқ. «Бір қарағанда бір ұғым сияқты ғой, алайда олай емес» дегім келген. Сол жерін дұрыс жеткізе алмаған сияқтымын. Соңынан олардың айырмашылығына тоқталдым ғой. Алайда, сіз айырмашылығын дәл тауыпсыз.
Пікір білдіргеніңіз үшін рахмет.Қайта бір қарап, сол жерін жөндеймін.
didi0393
Sosyn okingennen ne paida degen jubattu sozi bargo,sogan ne deisiz?
nurbanu_KAMAL
"Өкінгеннен не пайда?" деген сөз мүлдем өкінбе дегенді білдірмесе керек. Бұл – қатты өкініп, қателігінен сабақ алып, ес жиюдың орнына әбден трагедия жасап жіберген кезде жұбату ретінде айтылатын сөз шығар. «Енді өкіне берме, пайдасы жоқ, болашақты ойла» деген сөздермен үндеседі.
Jako
Дұрыс бағамдағансың, менімше де "Өкінгеннен не пайда?"-деген сөз,сол өкінішті жағдайдан қайта өкінбейтіндей қорытынды шығар дегенді түсіндірсе керек. Бірақ өкінішке орай пенделер дұрыс қорытынды шығара бермейді.
Korkem
қуаныш пен бақыт туралы жазшы
ai-naz
"ӨКІНІШ – өз жаныңа өз қолыңмен салатын жара" деген сөзіңіз тамаша айтылған! Маралтай ақын бір сөзінде айтып еді; «Мен өкінген емеспін, қандай жағдай орын алмасын, сендер де өкінбеңдер деп!» Сіз бен Бізде өкінбейік!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.