Олжас Қуанбай: Ел игілігі жолында еңбегіміз жансын!

Өз ойым /
Ой орамдарын түрткілеген Виктор Гюгоның мына сөзі бізге айтылған ба деймін «… Көшені жарықтандыруды ойласыңыздар, мархабат, ең бастысы ақыл ойды ағартуды ойласаңыздар екен...»

«Голландия. Амстердам қаласы. Centraal station. Бағытым – Универ. Лейден мен Гаага жылы шыраймен қарсы алып еді. Бүгінгі Амстердамның қабағы қату, күннің көңіл күйі жоқ, демінде сәл ызғар бар...» — деп басталатын жолсапар күнделігімді қаламыммен қытықтай бастадым. Оның мақсаты – сақтау, ал менікі – жазу болды...
Өз ойым: Олжас Қуанбай
Қаңтар айында магистр академиялық дәрежесіне үміткерлерге
арналған ғылыми бір бағдарлама бойынша, диссертациялық жұмыстарға қажетті мағлұматтар мен іс-тәжірибе жинақтау мақсатында Нидерланд патшалығында болдым. Ресми басқосулар өткен Vrije Universiteit білім шаңырағында «Мемлекеттік қызметтің сапасын жетілдіру», «Зерттеу жұмысының жазылу үлгісі», «Нидерландыдағы жоғарғы оқу орындарының білім беру жүйесі» сияқты бірнеше тақырыпта дәрістер оқылды. Ал Van Amsterdam университетінде зерттеу жұмыстарыма қатысты маңызды мәліметтерді де жинастырдым.

Лейден қаласында орналасқан аталған университеттің кітапханасы оқулықтарға бай, қызмет сапасы өте жоғары деңгейде екен. Гаага қаласы (Den Haag) мемлекеттің әкімшілік орталығы болғандықтан құзырлы органдардың қызмет бабы мен мемлекеттік басқару үрдісімен танысудан да қалыс қалмадым. Бірнеше ғасыр бұрынғы корольдар резиденциясы және үкіметтік билік жүйесі мені ерекше қызықтырды. БҰҰ-ның соты орналасқан «Бейбітшілік ғимаратында» танымдық оқу сабақтары жүргізілді.

Сапарымның жалғасы Германияның Кёльн қаласындағы «Кёльн Университетінде» (Universität zu Köln) білікті профессорлардың дәрісін тыңдаумен, сондай-ақ Францияның Париж қаласында орналасқан Араб Әлемі Институтында әлемдегі ислам тақырыбына қатысты дәрістерді тыңдап, ғылыми кітапханасында ізденіс жұмыстарын жүргізіп, пікір алмастық. Мәдени іс-шара барысында қаланың әлемге әйгілі «Лувр мұражайына», ең көне сәулет жәдігері «Париж Анақұдай соборына», әлемдік деңгейдегі маңызды келісімшарттар жүргізілген «Версальға» барып, ондағы тарихи құнды ескерткіштерді көріп, тәжірибелерімен бөлістік.

Ауа райы да жанға жайлы, күн көзінің күлімдеп тұруының арқасында Портты Роттердамнан Римге дейін екі сағаттық сапарымыз да өте сәтті болды. Көне Рим бізді көрісімен тарих сырларынан сыр шертті. «Колизейді» найзасымен түртіп, ат дүбірімен дүр сілкіндірген ата-бабаларымыздың асқақ рухы римдіктерді бей-жай қалдырмаған екен. Бірнеше тас мүсіндерде даңқты қолбасшыЕділ қағанның да бейнесін көзім шалды. Бойымды мақтаныш кернеп, көңілім марқайып қалды. Көлемі жағынан ең кіші мемлекет Ватикан да болашақта ел игілігі үшін қызмет етер біздер үшін алар үлгі ретінде менмұндалап тұрды.

Рим Папасының резиденциясы да қонақтарға ашық. Оқу барысында осы елдердің мәдени, тарихи жәдігерлері мен халықтың тыныс-тіршілігімен танысып, шығыстанушы маман ретінде батыс әлеміне қатысты білмегенімізді толықтырып, біліктілігімізді арттырдым деп ойлаймын. Кәрі құрлықтың бірнеше еліндегі оқу іссапарында көзбен көріп, санаға түйгенімді іске асырып, екі ішекпен бар сыры өрілетін, аузын ашса жүрегі көрінетін дархан да, дана халқымыздың тасын өрге домалатсақ арман бар ма, ағайын?! Қыранымыз әлем көгінде қалықтап, төрткүл дүние шын қазақтың бейнесін танитын күнге жеткізсін деген тілегім де жүрегімнен қылаң берді…

Шөптің шөлін қандырған ақ жаңбырдай елімізді білім нәрімен суарып, туған жер жөргенінде ұлттық рухпен тербелуге жұмыла атсалысайық! Мен шығыс елдерін, оның ішінде жапон тілін, жапон мәдениетін жетік меңгеремін дейтін азаматтармен алған білімім мен жиған тәжірибемді бөлсуге даярмын. Ел игілігі жолында еңбегіміз жансын!

Орталықтың Жапон тілі курсына жазыла аласыздар!
Түпнұсқа: www.inspiremedia.kz

9 пікір

qyrmyzy
Олжас сияқты азаматтар көп болса ғой…
Jako
Елдің сорына туған жігіттердің бірі ғой.
AL-ASTER
Елдің сорына туған жігіттердің бірі ғой.
Неге?
Jako
Шет елден тәлім алып, шет елді өз еліне үлгі қылатын адамдар ешқашан өз елінің құндылықтарын түсінбейді.Қайда жүрсе де шетті мақтап,өзін даттап, туған халқын надан санап жүретіндері бар, соған қарап айтқаным ғой.Бұл жігіт ылайым ондай болмасын деп ойлаймын.
qyrmyzy
Эх, Жако аға, сіз сөйлессеңз ғой шетелде оқып келгендермен. Олар сіз ойлағандай емес, керісінше, шетте алып келген білімдерін өз елінің, өз жерінің қара домалақтарына үйреткісі келеді. Және ешқайсысының өз елін даттағанын естімеппін.
Jako
Қателасесің ба деп қорқамын Қырмызы, менде біраз жастар бар жұмыста. Жұмыстары жақсы, тиянақты, бірақ қазақ менталитетіне жұтаң. Мен осыдан қорқамын.Менің түсінігімде қазақ қашанда болса да бұрынғы қазақ қалпын сақтау керек, жаңа қазақтардың керегі жоқ. Себебі менің халқамның еш ерсі немесе басқа елдердің алдында қысылатын,қымсынатын, болмаса басқалардан үйренетін,үлгі алатын кемшін тұстары жоқ,өз менталитетімізді толық, дұрыс қалпында игерсек басқалардан қалыспаймыз деп түсінемін.Әрине жоғарғы пікірім барлық шет елде оқып жүрген жастарға арналған емес.Артықтау кетсем кешірім сұраймын.
korwinin_kyzy
Жако аға келесі сіз сияқтысыз!
qyrmyzy
Бес саусақ бірдей емес қой, ондайлар да бар шығар. Маған кездескендері „елім, халқым, қазағым„ дейтін жастар. Бізге көп дүниені үйрену керек. Әрине қазақилығымызды жоғалтпай.
Jako
Олар елді даттамайды, көбінің оған ақылы да жетпейді, себебі шет елде оқитындардың көбі жағдайлы адамдардың баласы.Жасы біразға барған мен сияқтылардың бәрі осылай ойлайды десем қателеспеспін деп ойлаймын.Бірақ сол балаларымызды өз елімізді менсінбей шет елде оқытып жүргендер де менмін және мен сияқтылар.Оны өзің бала өсіргенде түсінесің. Мен бұл жерде жас жағынан жалғызбын ғой, сондықтан да топ қарғаның ішінде ылғи ақ қарға болып қалатыным, оны дұрыс түсінерсің деймін,қалқам.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.