Қазақ рэптің сыналуы

Өз ойым /
Рэпті Eminem, 50 Cent-тен бастап емес, ақтаулық «WestArs», «ДМХ», «Big Som» топтарынан алғаш тыңдай бастадым. Олар көбіне орысша айтатын. Кейде аралас тілде. Одан соң бүкіл Қазақстанға таралған ДМХ-ның «Қазақша стиль» деген рэбі шықты. Содан бастап қазақша рэпке сұраныс бар екені байқалды да, «Қазақша рэп» деген бағыт пайда болды деуге болады. Өзім үшін оның алғашқы өкілдері «Smerch» тобы. Әдемі ритммен боғауыз бен былапытты майын тамызып тұрып айтатын, махаббатты да жырлайтын. Қысқасы, біздің қассеталарда осылардың ғана жазбасы болды (ол кезде СD, MP3 таралмаған). Соларға еліктеп айта алатыны бар, айта алмайтыны бар, біздің районның жартысы рэп айтты. Танымал болып әлі күнге дейін айтып жүргендері бар. Одан бері көп уақыт өтті. Қазақша рэп салыстырмалы мазмұндық, сапалық жағынан дамыды. Бірақ өз басым рэп тыңдамай кеттім. Уақытша екенін де білгенмін.

Енді әңгімені мына видеодағы бағдарламаға бұрайық. Барлығы келіп Жақау мен Шоханға бас салып жатыр. Жалпы қазақша рэптегі «Есірткі», неше түрлі боғауыз-былапыттар үшін жерден алып жерге салды. Өздеріне дұрыс сөйлеткен де жоқ. Бірақ олар қазір ондай деңгейден, ондай мағыналығы төмен трэктерден өтіп кеткендер. Шоханның шығармашылығымен толық таныс емеспін, бірақ Жақау (Smerch)үшін жоғарыдағы сөзімді толық айта аламын. Бір мысал, Жақау мен Дидидің маған ұнаған соңғы өнімдерінің бірі «Телеарна» трэгі.

Рэп Америкадағы афро-американдықтардың арасында 70-жылдары пайда болды деп айтылып жүр. Бірақ ол аспаннан түскен жоқ, біздегі жыраулық өнер секілді Ямайкадағы импровизацияға құрылған дәстүрлі ән өнері.Оны DJ Kool Herc деген рэпер алғаш рет жаңа техникалық аппараттармен жаңартып, өз ортасына ұсынды. Айтылды. Таралды. Дамыды. Қара нәсілділер өз мұңдарын, проблемаларын осы рэп арқылы айта білді. О баста белгілі бір мазмұн болды. Кейін…

Енді қазақша рэпке келейік. Біздегі рэпке (Мақатаев, Махамбеттің өлеңдерін қосып) өзіміздің жыраулық өнерді, нәзік поэзияны араластырып керек емес. Ол өзінше бір бағыт болып дамуы керек. Оның тілі жеңіл, ырғақты. Күрделі (салыстырмалы) музыкалық жанр өкілдері тек қана өз бағыттары бойынша баға беруі дұрыс емес. Бұл жігіттердің қаншама еңбектерін елеп-ескермеді. Ең бастысы, жастар тыңдап жатыр. Сондықтан рэперлерді жөні дұрыс нәрсе айтуға, пайдалы, өзекті мәселелерді көтеруге қарай бұру керек. Өйткені оларда аудитория бар. Қазақша рэпті қойдырсаң, олар бәрібір Eminem-ді, Гуфты, Кастаны, Стимді тыңдай береді. Жастардың барлығы рэп айтсын, тыңдасын деген сөз емес, бірақ қазақ рэбінің сапасы мен мазмұны үшін еңбек етіп жүрген жігіттердің еңсесін басып керек емес.
бассуреттің дереккөзі — thenews.kz

7 пікір

yesbolat83
Маған ДМХ-ның Қазақша стильі мүлдем ұнамайды. Мүмкін мен рэпті түсінбейтін шығармын. Түсінігім ол ақиқатты боғауыз сөздер қосу арқылы айтып қанағаттанатын жандардың ұстанымы.
saryqazaq
Қазір соны тыңдасам, күлкім келеді, запись нашар. Бірақ сол уақытта ол тыңдалды, таралды. Кішкентай Маңғышлақ деген станцияда шыққан трэк сіздің құлағыңызға жеткен, оның өзі жетістік
AKA
Көршінің қызын да осында шақыра отырайық, әдеттегі өз стилінен жіберсін…
dimash
МС пәленше МС түгеншелер көбейіп кетті))) Кейбір маршруттарда қосып қойған сон еріксіз тыңдайсын, жалпы қазақша рэпте прогрессия бары байқалады. Орысша рэптерді жарыса айтып тіл жаттықтыруға болады)))
MSHERIMBEK
Осыдан бірнеше апта алдын осы бағдарламаға байланысты Фейсбукта жазған екенмін: Постыңа пікірім деп қабылдағайсың :)
Сауатсыздық. Сауатсыздық. Сауатсыздық тағы да. (боқ ауыз сөздер араласып кетсе, ренжіме, дДос)
«Біз» бағдарламасында рэп туралы болған санына рэперлеріміз Шохан (Шохан) мен Жақау (Амангелді) бауырларымыз қонақ болып келді. Екеуі де ұлтжанды, тамаша жігіттер ғой. Бұл жігіттерге сөз жоқ, сауатсыздықты басқа қырынан көрдік.
Не дейсіз ғой, оооо, АҚЫНДАР келді! Лібәәә, Қазақстан Жазушылар Одағында отырған сияқты сұмдық сынап отыр екі жігітті. «Дәстүрлі әндерді тыңдау керек. Сендердің мына тірліктерің түкке тұрғысыз» дейді. Өнер деп қабылдамайтындықтарын айтты. Жалпы астындағы видеоны көрген соң түсініп аласыздар. Бірақ, қазақтың қазіргі таңда жүрген бетке ұстар ақын, сазгер жігіттердің сондай қуыс шеңбердің сыртына шыға алмай әңгіме айтып отырғандары күмілжітті. Рэп өнерін Жыраулар поэзиясымен салыстыру деген сұмдық нәрсе ғой. Рэп бір бөлек, Жыраулар поэзиясы бір бөлек дүниелер емес пе? Қалай бұл қазақ тілін қорлау?!
Жалпы байқайтыным, бізде ақындар, жазушылар өздерін қоғамның патшалары санайды. Оттамаңыздар, өтініш. Дәл қазір сіздердің жылауық поэзияларыңыз жесір қатындарға демеу болудан әріге аса алмай отыр. Жастар РЭП тыңдайды және тыңдай береді. Жастар қоғамына Шохан мен Жақаулардың әсері сіздерден әлдеқайда үстем болып отыр! Мойындау керек оны!
saryqazaq
базар жоқ айтыпсың, респект
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.