Валентин күнін мейрам деп санайтын бауырларыма!!!

Өз ойым /

Валентин күні

Жалпы, халқымыздың еліктегіш екені рас. Ал, мереке тойлауда, тіпті алдымызға жан салмайтын шығармыз. Оның шығу төркіне, парқына да жете мән бере бермейміз. Тіпті, адамды түрлі бет перде киіп алып зәре-құтыңды қашыратын «Хэлуэйн» де соңғы жылдары жастар арасында тым танымал. Ал, «Валентин күнін» атап өту де өкінішке орай, әдетке айналып барады. Ал, оның шығу тарихына бір сәт көз жүгірттік пе? Ол өзі кімдердің «мерекесі»?

Көпқұдайшылдар мейрамы

Римдіктерде 14-ақпан күні тойланатын өздері ойлап шығарған «Жер Құдайына» (астағфирулла!) арналған мереке бар болатын. Осы мейрам барысында орындалатын бір рәсім мынадай екен: Қыз-келіншектер есімдері жазылған қағазды қораптың ішіне тастайды. Ал, еркектер қораптан есімі жазылған қағазды тартып шығарады да өзіне мерекелік серік таңдап алады. Бұл осылайша нәпсіқұмарлық мәнге ие болған.

Алайда, қазіргі «әулие Валентин» күні деп аталу себебін мынаған байланыстырады. Христиан дінінің алғашқы тараған жылдарында Валентин есімді бірнеше католик шіркеуінің қызметкері болған көрінеді. Солардың бірі Рим императоры Клавдий II тұсында өмір сүрген деген дерек бар. Сол уақытта жас жігіттер әскери қызметтен шеттетілу мақсатында ерте үйленіп алатын. Мұндай айлакерліктің алдын алу үшін Клавдий II оларға әскерге алынардан бұрын үйленуге тыйым салады. Ал, Валентин пірадар болса, оларды құпия түрде некелестіріп отырды. Алайда, оның әрекеті әшкереленіп, 14 ақпан күні басы шабылады. Кейінірек, 469 жылы Римнің Геласиус деген императоры 14 ақпанды «Әулие Валентин күні» деп жариялады. Сөйтіп, көпқұдайшылардың мейрамы католик христиандарының мерекесіне айналды. Уақыт өте, мереке рәсімдері біршама өзгерді. Өйткені, христиан діні нәпсіқұмарлық мазмұндағы мейрамға қарсы болды. Дегенмен, XIV ғасырда Еуропада қайта өрлеу кезінде шіркеудің ықпалы әлсіреп, бұл мерекенің тән ләззаты мен сүйіспеншілік сипаты қайта қалпына келді. Осылайша ынтызарлық пен құмарлықты қоздыратын әдеттер кең таралып кетті.

Оның тарихынан аз-кем хабардар болдық. Бұдан не аңғаруға болады? Біріншіден, бұл көпқұдайшылдардың мерекесі. Демек, мұсылман үшін Валентинді әспеттеуі күпірлікке жатады. Екіншіден, азғындыққа жол ашады.

Зинақорлыққа бастар жол

Негізі бұл күнді мерекелеу елімізде 1990-жылдардан кейін басталып, жыл өткен сайын өршіп келеді. Ең сорақысы – бұл күнді атап өту жоғары оқу орындары немесе колледж студенттерімен ғана шектелмейді. Мектеп қабырғасынан бастап, бала-бақшаларға дейін «тойлауда». Бесіктен белі шықпаған бүлдіршіндер бір-біріне жүректің суреті бар открыткалар сыйлайды.

Мұның соңы не болмақ?!

Бұл күнді негізінен жастар атап өтетіні белгілі. 14-ақпанда олар сүйіктілеріне открытка, гүл, кәмпит және т.б. сыйлайды. Бірге кафеде отырып, шараптан да ұрттап қоюды ұмытпайды. Мұның соңы көбінесе некесіз төсек қатынасымен аяқталып жатады. Ең, қорқыныштысы сол кейбір жастарымыз мұны өзіне мәртебе санайды. Дәл сол күні қонақүйлер мен мейрамханалар, кафелер адамға лық толатынын көріп те, естіп те жүрміз. Арақ-шарапқа сұраныс еселеп артады. Ащы суды сіміріп алған сормаңдай қаракөз қыздар білегінен ұстағанның жетегінде кетеді. Елімізде жылына ресми емес деректерге қарағанда 300 мыңдай жасанды түсік жасалады екен. Олардың көбі осындай бір күндік жалған махабаттың құрбаны еместігіне кім кепіл…

Дәл осы күні түрлі шаралар да өткізілуі үрдіске айналды. Мысалы, осыдан 3 жыл бұрын елордамыз Астанада «Добро и любви» деген тақырыпта сурет көрмесі ұйымдастырылғаны белгілі телеарнамыздан жаңалық ретінде берілді. Ондағы суреттердің басым бөлігі жалаңаш ер мен әйел тәні екенін журналист бауырымыз айтуды ұмытқан жоқ. Немесе қалың қазақтың қаймағы бұзылмаған шырайлы Шымкенттің орталық алаңында ұзақ сүйісуден байқау өткілгенін де ұмыта қойған жоқпыз. Бұдан өзге тасымалмен айналысатын көлік компаниялары жеңілдетілген түрде билет сатса, туристік фирмалар да өз қызметін едеуір арзандатады. Осыдан кейін бұл күнді қалай «тойламайсыз»?

Бұл күні жігіттер қыздарға, тіпті үйлі-жайлы отағасы қоластындағы қыз-қырқынға, келіншектерге сыйлық ұсынып жататынын байқап қаламыз. Мұның арты жақсылықпен аяқталмайтынын оқырман қауымның іші сезіп отырған болар.

«Ғашықтардың бір-біріне сыйлық тарту еткенінде тұрған не бар?» дегенімізбен, осы күні көптеген компаниялар ақшаның астында қалады. Өзіңіз ойлап қараңыз. Бұл күні миллиондаған доллар шоколад, ішімдік, открытка, әшекей сынды түрлі сыйлықтарға жұмсалады. Мейлінше көп адам мерекені атап өтсе, соншалықты табыс та молая түсетіні анық. Сондықтан, ақпарат құралдары оны жабыла насихаттауға кірісіп кетеді. Олар түрлі бәйгелер ұйымдастырып, көпшіліктің назарын өздеріне аударады. Көршіміз Ресейде бұл мерекені халықтың 80 пайызы атап өтетінін әлеуметтанушылар анықтаған. Бұл – 100 миллионнан астам деген сөз. Олардың 64 пайызы түрлі сыйлықтарды алдын-ала алып қояды екен. Ал, әлем бойынша…

Тек қана әуе жолымен жүк тасымалдайтын «Луфчансо Карго» компаниясына еуропалықтар осы мейрамға орай Кения, Эквадор, Колумбия елдерінен 1 миллион тонна раушан гүлін жеткізуге тапсырыс береді екен. АҚШ тұрғындарына күніне ұшақпен 25 рейске дейін гүл тасымалданады. Бұл күндері колумбиялық гүл өсірушілер жылдық табыстың 30 пайызына (!) ие болатынға ұқсайды.

Ал, Гонконг тұрғындары түрлі шоколадтарға, әшекейлерге әуес келеді. Өткен жылы аталмыш тауарларға «Валентин күні» сұраныс артқаннан соң, бағасы 30-40 пайызға көтеріліп кеткен. Сондай-ақ, олар раушан дестелеріне де аса құмар. 99 раушанды біріктіретін бір дестенің құны 8 мың гонконг (1 мың АҚШ долларынан астам!) долларын құрайды.

Байқап отырғаныңыздай, бұл «мереке» кейбіреулер үшін қыруар пайданың көзі. Бұдан оның таза, адал сезімге қатысы жоқ екенін байқауға болады. Екінші жағынан, азғындаудың мәдениетті жолы. Олай дейтініміз бұл күні қыздарымыз да жігіттерге сөз салудан тартынып қалмайды. Ал, қазақ қызы ешқашан бірінші болып өз сезімін білдірмеген еді. Мұндай әдептіліктен біздің халқымыз ұтпаса, ұтылған жоқ. Бүгін сол «өлдім, талдым» дегендер аз ғана уақыттан кейін ажырасып кетуде. Міне, осы сынды толып жатқан келеңсіз нәрселер орын алуда. Ал, осыған қалайша көз жұмып отыра бермекпіз?!..

6 пікір

Yasin
Бұл күні талай қаракөздеріміз абыройдан айырылары сөзсіз,
PycJIaH
Я дұрыс айтасың! Ақпан деп қақпанға түсіп қалмайық, Валентин деген аты да, заты да санамызды, қалтамызды қағатын қақпан! Валентин күнін тойлағанша неге Қазақтың Қозы Көрпеш Баян Сұлу күні яғни сәуірдің 15-н неге атап өтпейміз. ойланайық бауырлар!!!
Moldir_96
Жақсы жасыпсыз. Мен өзім былтырдан бастап бұл күнді «мереке» деп санамаймын( Оның алдында, өкінішке орай, мейрамның тарихын білмей… достарыма «валентинка» сыйлап, құттықтап жүретінмін(( Қазір достарыма «бұл қазақтарға жат нәрсе, мейрам емес» десем, мені тыңдамай, өз білгендерін жасайды. Осы посттан кейін көптеген сайт қолданушылары бұл мерекенің тарихын біліп, тойламайтын болады деген үміттемін) Пайдалы ақпаратпен бөліскеніңізге РАХМЕТ!!!
ereke_enu
Тамаша!!! +1 Алла разы болсын!
Azamat
Өте дұрыс! Сенімен келісемін! Менен + 1
Hasuno
Маш Аллаһ,Өте дұрыс.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.