Әзілге ұста алты жігіт

Өз ойым /
Сыр бойын жайлаған қожа елінің бір ауылынан аты-шулы бір азаматы атқа мініп, «маған ілесетін азаматтар бар ма екен?» деп жар салады.
— Сізге ілесетін біздер бармыз – деп жиырма бес аттылы шығады.
Бір қырдан асқан соң, әлгі жігіт ағасы барлығын тоқтатып, «Сендер маған ерулерің үшін мынадай шарттарым бар» дейді. Ол былай: Мен ұрлыққа жіберсем – қолға түспей алып келуің керек, күреске түсірсем – жығуың керек. Ән сал десем – аңқылдап, би биле десем – тал шыбықтай бұралуың керек деген сияқты бірнеше шартты мәселелерді қойғанда, оның барлығына да сай бес жігіт ілесіп, өзімен алтау болып ілгері аттаныпты да, қалғандары ауылдарына қайтқан екен.
Алтауы бірнеше белден асып, Қоңыраттың Мұсабай деген датқасының үйіне келіп түседі. Мұсабай датқа бұлақтың басында отырса керек, екі баласы базарға мал айдап кетіп, екі келінімен өзі қалған екен үйде.
— Аттан түсіңдер – деген сыпайыгершіліктен соң жігіттер аттарынан түсіп, алты қанат үйдің төріне жігіт ағасы отырады, қалғандары үлкенді-кішілігіне қарай төрден бастап үйдің бір жақ қанатын алып жайғасады. Қонақтарға қарсы қанатта Мұсабайдың өзі отырады. Отырғанда, датқа малдассоқынып үлкен жастықты тізесінің үстіне қойып, жастыққа сүйеніп еңкейіңкіре отырады.
— Ал жігіттер жолдарың болсын, сапарларың сәтті болғай, қайсы ауылдың азаматтарысыңдар?
— Біздер мына Сыр бойын жайлап жатқан қожалардың ауылынанбыз, қожамыз, – дейді.
Жігіт ағасы: «серуендеп қайтайық деп едік» — дейді. «Дұрыс екен» — деп датқа сызыла бастайды.
Оңтүстіктің шілдесі. Күн ыстық. Келіннің біреуі ішке кіріп, есік алдында қамыр илеп отырыпты да, аса қатты емес, жәй ғана сызылтып жел шығарып қойыпты, байқаусызда. Дәл осындай жәйтті күтіп отырғандай-ақ қонақтар бір-біріне ым қағысады. Сонан соң төрде отырған жігіт ағасы:
— Жігіттер, шәй қайнағанша бір-бір ауыз өлең айта отырайық – депті.
— Құп, тақсыр,- деп есік жақта отырған жігіттердің ең кішісі керегеде ілулі тұрған датқаның домбырасын алады да былай дейді:

Алтаумыз Сырдарияның қушығымыз,
Бұзылар тисе қан боп тұмсығыңыз.
Гармонның Сартовский әуеніндей –
Келінжан, қандай еді-ау шиқылыңыз.
А-ха-хау шиқылыңыз-ау!
– депті

Сонда оның қасында отырған екінші жігіт: «домбыраны маған берші, мен бір тігісін жатқызып жіберейін» — деп домбыраны қағып-қағып жіберіп, былай деп әуендете жөнеледі:

Бұл келін қожаларға нан илейді,
Қамыры саз болсын деп саса илейды.
Келіннің балапаны аш қалған ба?
Имене сонша неге зар илейді,


деп есіп-есіп жібереді.
Сол кезде Мұсабай датқа «Құдай ұрып қалды, мыналар да естіп қойған ғой» деп алдындағы жастығын алып жамбастай кетсе керек.
Оны байқаған үшінші қожа
— Келінжанда нелерің бар? Олай емес, былай ғой, домбыраны маған берші, мен бір тігісін жатқызып жіберейін, — деп домбыраны алып, қағып-қағып жіберіп былай дейді:

Бұл келін қожаларға нан қып жатыр,
Ертерек жөнелтуге қам қып жатыр.
Мерген деп келінжанды естуші едік
Бай-екең оқ тимесе неғып жатыр?


деп домбыраны безектетіп-безектетіп жібергенде, келін де қарап отырмай «осы екен деп қалсын» деп, әміркен мәсісінің қонышын бір-біріне үйкелеп, шиқылдата беріпті. Мұны естіп отырған төртінші жігіт: «Мұнысы қалай? Тал түсте бізді алдай қоймақшы ма?» деген ашумен – домбыраны маған бере тұршы, келінжанды ұялта бермеңдер – деп, былай дейді:

Қоңыраттың бір датқасы Мұсабай-ды,
Әркім де келген желді қыса алмайды.
Келінжан қайтадан бір шиқылдатшы,
Бұ шиқыл, о шиқылға ұқсамайды,


деп домбырасын қағып-қағып жібергенде, келін үйден атыла шығып кетеді. Келіннің орны бос қалған соң, сыртта жүрген екіншісі келіп нан илеу жұмысын жалғастыра береді. Сонда, жаңадан үйге кірген келінмен амандасып, бесінші қожа былай дейді:

Аман ба? Мұсабайдың келіндері,
Бәрінің келген екен келімдері.
Біреуі қайынатасын атып тастап,
Сонан соң қайтып көзге көрінбеді,


деген кезде жігіт ағасы: «Қояйық енді, осыдан соң шәй ішіп те жарымайтын шығармыз, аттанайық» — деп төрелік беріп домбыраны өз қолына алып, былай дейді:

Жақсы деп келіндерді мақтамалық,
Жаман деп тағы оларды даттамалық.
Жігіттер, біз келгелі біраз болды –
Рұқсат болса біз енді аттаналық.
Жаңағы бай-екеңді атқан келін
Кеп қалар қос ауызын оқтап алып


деп домбырасын қағып-қағып жіберіп, «Жолыққанша күн жақсы болсын» — деп шәйға қарамай аттанып кеткен екен дейді...))

4 пікір

dimash
вахаха нелері бар десей бір байқаусыз болғанға))) түймедейді түйедей етіп)))))
Korkem
іштері пысып жүрген ғой..)))
Sabions
не істесе де қазақтың Сал-серілері ғой… бұрынғы кезде инет жоқ, айтабер жоқ… іштері пысқан соң әр нәрсені өлеңдетіп АЙТА БЕРген ғой дейм…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.