Өзімшіл өздік

Өз ойым /
Грамматика деген ғажайып қалада есімдіктер отбасы өмір сүріпті. Есімдіктің жеті баласы болыпты. Олар: жіктеу, сұрау, жалпылау, болымсыз, сілтеу, белгісіздік, өздік. Балаларының бет алысын үнемі бақылап отыратын есімдік кенже баласы өздік үшін көп алаңдайды екен. Оның өзіндік себебі бар еді. Мәселен, сұраудың міндеттері көп, өзі еңбекқор болатын. Ал, сілтеу болса басқаларға ақыл айтып, бауырларыны ұдайы жол көрсетіп отырушы еді. Өздіктің мінезі өте тұйық, ешкіммен араласпай, оқшау жүретін. Бауырлары, достары бір нәрсе сұрай қалса, «Өзіме ккерек, бере алмаймын» деп теріс айналатын. Себебі, ол өте өзімшіл еді. Ешкімнің ақылын құлаққа ілмейтін. Өзім білемнің арқасында өздік ақырында айналасындағылардың барлығымен ұрысып тынады. Осыдан кейін жанында жанашыр бір досы да қалмайды. Барлық есімдіктер одан теріс айналып, амандасуды да қояды. Бірақ, өздіктің бұл өмірде сыйлайтын, пір тұтатын бір ғана жақыны болатын. Ол көпті көрген ақсақал тәуелдік жалғауы еді. Өйткені, тәуелдік жалғауынсыз өздік тіршілік ете алмас еді. Тәуелдіктің жалғауларын алып ол өзі, өзің, өзіңіз, өзіміз болып I,II,III жақтарда жападан жалғыз сайраңдап сауық құрады. Бірақ «жалғыздың үні шықпас» демекші, өздік соңында мұндай ғұмырдан шаршай бастайды. Оның да көппен араласқысы келеді. Бұл кез бірақ тым кеш болатын. Өз керегінде досты қадірлей білмеген өздік осылай жалғыз қала береді.
Достар, өздік секілді өзімшіл жандармен де ешкімнің дос болғысы келмейді. Сондақтан да өзімізді ғана ойлай бермей, жақындарымызға көңіл бөліп, достарымызды бағалайық.

2 пікір

tolkin9595
Әйгерім әпке қош келіпсіз!Қаламыңыз қарыштай берсін! Сізден жақсы туындыларды асыға күтемін.
Aigerim9494
Жаным сол коп-коп рахмет))
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.