Аяқ астындағы кітап

Өз ойым /
Аяқ астындағы кітап…
Өз ойым: Аяқ астындағы кітап
Такси межелі жерге жетіп тоқтады. Есептесіп болып, көліктен түскелі аяғымды басқаным сол табаным жерге тимегенін сездім. Қарасам кітап жатыр. Қолыма алдым әлгіні. Шежіре… Аяқ асты болған шежіре.
Күнделікті теледидардан жаңалықтарды қарап отырсаңыз «Жаңа кітаптардың тұсаукесері өтті» деп жарияға жар салып жатады. Сол кітаптарды кім оқып жатыр? Сұранысқа ие ме жоқ па? Ол кітап мына қоғамға қажет пе?
Алысқа бармай-ақ оңтүстік өлкесінің кітапқұмарлары немен азықтануда екенін білгім келді. Соңғы уақытта облыстық мәдениет басқармасы арқылы жарыққа келген кітаптардың қатарын жоғарыда айтқан шежірелер мен өлкетану дүниелері толтырып тұр. Ата-бабаны тізіп шығатын шежіре мен тарихи жәдігерлер жайлы өлкетану кітаптарынан өзгесін байқамадық. Болса да белгілі бір тұлғаға арналған. Белгілі дегенде, ол әлемге демей-ақ қоялық алаш ұлтына не тұтас оңтүстікқазақстандықтарға мәлім тұлға емес. Бір әулеттің, арысы бір ауылдың, аймақтың «белгілі» адамы… Олардың құндылығы жоқ демейміз әрине. Әрбір алаш ұлы жеті атасын білуі тиіс. Тарихты да ұмытуға болмайды. Алайда, соңғы кезде дүкендердің сөресінен іздеп жүріп оқитын дүние жоқ болғаны ма?
«Кітап маған тақтан да қымбат» деген Шекспирдің сөзінен кітаптың теңдессіз бағалы екенін ұғу қиын емес. Бүгінде кітап осыған лайық па? Толстой: «Жақсы кітап – ақылды адамның әңгімесімен бірдей дейді». Баспаханадан басылып шыққан дүниенің расында мазмұнына кім қарап жатыр? Баспахана демекші, бүгінде жеке баспахана да көп. Қалтаңыз қалың болса сіз де кітап жазып, автор атана аласыз. Оңай тіпті. Алайда сол кітабыңыздың ертең аяқ астында қалмасына кім кепіл?
Кітап «кеміргіштермен» дос болуға асыққан жөн. Бір танысым «Кітап жина. Береке бар кітапта» дегенде аузым ашылып, тілім кетіп қалған. Бірнеше минутқа. Кітап жинауға кеңес беретіндерді күнде кезіктіре бермейтініміз өкінішті-ақ… Әйтсе де олар бар. Арамызда. Тек көрер көз керек. Және кітабымыз да соған лайық болғай. «Бар береке — кітапта» екеніне сенейік.
Өз ойым: Аяқ астындағы кітап

4 пікір

ereke_enu
Бұрын кітап көп оқитын едім. Есімде қалған ұнағандары: «Абай жолы» романы, Абайдың өлеңдері, қара сөзі, Шәкәрім, Мұқағалидың өлеңдері, М.Шаханов, О. Сүлейменов поэззиялары, "Қазақ солдаты"(Ғ.Мүсірепов), Достоевский, Толтойдың шығармалары. «Көшпенділер»(Есенберлин), «Дымбілместің басынан кешкендері» ертегі, Агата Кристи детективтері, тарихи шығармалар көбірек ұнайды.

Соңғы оқығаным «Мұхаммад (с.а.с) пайғамбардың өмірбаяны».(Мубаракфури) Бұл конкурста 400 кітаптың ішінен ең мықтысы болып танылған кітап. Өте жақсы жазылған, исламның пайда болуы, алғашқы мұсылмандардың өмірі туралы. Кітапты оқып отырып, Пайғамбарымыздың қандай керемет кісі болғандығын танисың. Әрбір айтқан сөзі, іс-әрекеті ғибратқа толы. Ол кісіге деген махаббатың күшейеді. Мұсылмандар тарихының қуанышы, қайғысы, таң қалатын сәттері бәрі нақты жазылған. Қазір мұсылмандар, ислам жайлы түрлі түрлі қауесет таратып жүргендер элементарьно осы кітапты оқымаған ғой. Әйтпесе, исламға ғашық болмау, оны жек көру мүмкін емес.
zhano_almuhambet
«Кітапкеміргіштер» көбейе берсін. Поэзиядан Исраил Сапарбайдың өлеңдері де тәп-тәуір дүние. Фариза апамыздың өлеңдерін сөзбен жеткізу оңай емес. Оны тек оқу керек. Көңілге тоқу керек)))
Kan
Кітап қанша жерден көп жазылсада өзіңіз айтқандай сапасызы аяқ асты қалады. ал құнды дегеннін халық өзі таңдап алады. Асықпау керек секілді ақылды жастар барда әлі талай сапалы кітаптар шығары һақ.
Исраил Сапарбайдың өлеңдерңн ұната бермеймін.Тек әндері болмаса. Ақындық жағынан Мұқағалидің қатарында оған теңесетін ақын жоқ қой. Кейінгі Қалқаманның өлеңдері ұнап жүр.
zhano_almuhambet
Талғамға талас жоқ… Ия, Мұқағали өлеңдерін ұнатпайтын жан жоқ шығар сірә. Кейінгі толқыннан да жап-жақсы жазатындар бар. Мәселен, Ақберен аға Елгезек, Динара Мәліктің лирикалық өлеңдері керемет дүние! Ерлан ағаның Жүніс мағынал да мәнді шумақтарын ұнатамын.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.