Қариясын құрметтеген...

Өз ойым /

— Кешіріңіз, қарттар үйіне қалай жетуге болады?
— Сен мені іздеп келдің бе, айналайын? Менің үйіме былай қарай жүресің. Жүр жол көрсетейін. Қонақты әрқашан қуана қарсы аламыз. Жиі келіп тұрсаң болады,- деген әжейдің соңынан ердім.
Қарт ана әңгімесін жалғады. Сегіз жылдан бері осы мекеннің тұрғыны екен. Жұбайын ақтық сапарға шығарып салған соң осы "үйді" тапқанын айтады. «Перзенттеріңіз қайда?» деген сауалға:
— Жалғыз қызым шетел асып кеткен. Егер ол осында болса сомен тұратын едім. Тіпрті, қазір де шақырады қасына. Қартайғанда өзге елге не деп барам. Ел көріп, жер танитын жаста емеспін. Оның үстіне шалымды қалай тастаймын? Ана дүниеде де бірге болайық деп зиратының қасынан орын дайындауым керек, — деген ана махаббатының шексіздігіне тағы да көз жетті. Шетел асқан жалғызының қылығына қапа емес, қайта ақтап алуға бейім.
Кейуанамен бірге қарттар үйіне келдік. Жол сілтеген әже бөлмесіне беттеді. Күн шуағында бірнеше қария қызу әңгіме үстінде. Шеттегі орындықта жалғыз отырған кісіні көзім шалды. Жанынан өтіп бара жатып шағын магнитафоннан қазақы терме тыңдап отырғанын байқадым.
Кітапхана бөлмесінде газет-журналға шұқшыйған апа-аталар отыр. Тоқымасын тоқып отырған әжелер де жоқ емес. Ұзын дәліздің қарама-қарсы бетіндегі бөлмелердің есіктері ашық тұр. Солардың біріне бас сұқтым. Көптен күткен адамы келгендей мәз-мейрам болған қос әжей төрге оздырып, жағдай сұрап бәйек болуда. Бұлар қарттар үйінің байырғы тұрғындары екен. Бүгінде 99 жасқа келген Надежда Пугачева Шымкенттің тумасы. Бұл жерге 2001 жылы келіпті.
— Құдай қосқан қосағым соғыстан оралмады. Екі ұлыммен жалғыз қалдым. Балаларым қиындық көрмесін деп тынбай еңбек еттім. Өкінішке орай, ұлдарым сырқаттан бірінен соң бірі өмірден озды. Алғашында өзім пәтерімде тұрып жаттым. Жас ұлғайған соң сырқат та жиі мазалайтын болды. Жағдайымды жасайтын ешкім болмаған соң осында келдім, — дейді Надя әжей.
Ал, қасындағы серігі Анна Алексеева Пронкина 1933 жылы дүниеге келген. Ол кісі де жергілікті.
— 15 жылдан бері осында тұрамын. Екі айлық нәресте кезімде әке-шешем жол апатынан қаза тауып, мені балалар үйіне өткізген екен. Менің балаларым жоқ. Тұрмыс құрмадым. Тағдырым солай болар, ата-анамнан айрылған сәттен бастап жалғыз келем,-дейді кейуана.
Қарттар үйінде жалпы саны 270 қария бар. Басым бөлігі орыс ұлтынан, келесі кезекте қазақтың қазыналы қарттары мен ертегіші әжелері. Татар, өзбек, кәріс, латыш, украин ұлтынан да бар.
"Үйіңдегі қартың-жазулы тұрған хатың" дейтін қазақ халқы қариясын ардақ тұтып, үлкеннің алдын кесіп өтпеген. Саналы ғұмырын бейнетке арнап, қарттық шағында зейнетін көргісі келетін олар қарттар үйінің тұрғынына айналамыз деп ойлапты ма? Өкініштісі, солардың бірі осы мекенді тағдыр талайымен, ал енді бірі қатыгез, тасжүрек ұл-қыздың қамқорлық танытпауынан тұрақ еткен. Өмір-ай…

5 пікір

zhano_almuhambet
Қарттар күніндегі жазбадан…
yesbolat83
Шетел асқан жалғызының қылығына қапа емес, қайта ақтап алуғы бейім.
Іштен шыққан шұбар жылан, қайтсін енді ол ана.

Қандай өкініш, осындай қариялардың қарттық шағында жалғыз қалғандары.
zhano_almuhambet
Иә, өкінішті. Алдынан шығады деп ойлайм. Табалау емес әрине бұл, бәрін көруші, естуші бар. Бәрінің сұрауы бар…
Kan
Қарт көрсем қабағына қарай берем.
Мәз болып қуанғанын көрсем деп ем.
Бұл қоғамның бір ащы дертті ғой. Алтынбек қразбаевтың "Қара шал" термесі бекерден бекер шықпады ғой.
zhano_almuhambet
Дұрыс айтасыз… Ол терме жайдан жай тумады. Өздері қартаймайтындай ойлайды ма ұқпадым? Мәңгі басынан осы күн өтпейді дей ме екен
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.