Армандарға оралу

Өз ойым /
Барлығымыз бала кезде армандадық. “Өскенде кім боласың?” десе әрқашан жауабымыз дайын. Арман демейміз, дәл солай болатынына кәміл сенетін едік.

Кейін өсе келе бәрі бос қиял екендігін мойындадық. Мектеп қабырғасында, жоғарғы сыныпта өзге арман, мақсаттар пайда болды. Бұл мақсаттарымызда отансүйгіштік сезім басым, “ертең еліме қызмет етем” деп ойламаған оқушы жоқ шығар.

Өкініштісі, студенттік шақта, оқу бітіргенде бұл мақсаттардың быт-шыты шығады. 4 жыл біреулерге ойын-күлкімен, екіншілерге қосымша жұмыс істеумен өтеді. Бас алмай оқығанмен елімізде ЖОО-ң жағдайы мәз емес. Бітірген соң, жұмыс таппағандар не ауылына қайтады, не уақытша өзге жұмыстарға орналасады. Немесе магистрға түседі:) Әйтеуір, әркім бұйырған жағына барып, жаңа өмірге аяқ басады. Бұл кезде тек ақша табуды ойлайтынымызды жасырмайық. Себебі, ақша жетіспейді. Үй керек, үйлену керек. Болашағыңа алаңдайсың. Сондықтан, өзге ойларды ысырып қойып, ұнасын-ұнамасын таңнан кешке дейін барың салып жұмыс істейсің. Бұл жағдай әрбір жігіттің басынан өтті десем артық болмайтын шығар.

Күндердің күні түбі шамалы реттеледі ғой бәрі. Тәжірибе жинақтайсың, әр нәрсеге өзіндік ұстанымың пайда болады. Өзіңе деген сенімің нығая түседі. Міне, осы кезде(әлбетте, оған дейін де) мектепте қалып кеткен армандарға оралу керек.

Бүгінде елге қызмет етуді қалай түсінесің?
Бұрын өз-өзіңе қандай уәде берген едің?
Бұрынғы мақсаттарыңның қайсысын бүгінгі таңда жүзеге асыра алар едің?
Өзің жасамасаң да неге келесі буынға көрсетпеске?

Бұл замандастарыма жай ғана еске салу болған. “Ер ел үшін туады, ел үшін өледі” дейді. Қазір ең керемет кезең. Еліміз аман, жұртымыз тыныш. Ізденген адамға мүмкіндік, еңбек еткенге кәсіп көп. Десекте, дүние алма кезек, ертең не күтіп тұрғаны белгісіз. Еліміздің жарқын болашағы үшін қолымыздан келгенін жасаудан аянып қалмайық! Істеріңізге сәттілік. Елге қызмет етейік!
http://erekeenu.wordpress.com/

7 пікір

followme_alik
Елге қызмет ету — Отан қорғауды есептемегенде, «Салықты уақытылы төлеу» деп түсінемін, басқасы далбаса.
ereke_enu
Оның басқасының бәрі далбаса екендігіне келісе алмайды екем. Ойыңызды толығырақ жеткізбесеңіз
Jako
Ереке, сіз жаратылысыңыздан патриот болып туған жігітсіз, жарайсыз.
ereke_enu
Бұл жай ғана еске салу ғой. Айтылған сөзге лайық болу оңай емес. 5-10 жылға ертерек айттыңыз деп ойлаймын. Рахмет, Жако аға. Әкеміздей боп арамызда жүре беріңізші:)
Kanafin_janibek
Арине ел ушин туган ерин ели демеп жебесе арбир азамат шыгар биигине шыкса керек. Армандап армандап армандар орындала бермейтинин абзалдап журип жатырмыз ели ушин енбектенудин ен бир улгиси оз ата-анасынын айтканын орындау деп билем… казирги кеудесине нан писип озим болдым деп журген жандар оздерине омир берген оз ата аналарына бир мезгил кулак асса екен деймиз…
ereke_enu
Дәл айттыңыз. Шіркін, қартайған шағында баласы бағып-қағып, қас-қабағын аңдып отырса, ата-анада өзге арман бар ма?!
yesbolat83
Еліміздегі азаматтардың қандай салада болсын жұмыс жасап жатырғандарының өзі өз отанына қызмет етіп жүргендер деп есептеймін. Себебі кез-келген маман иесі елдің экономикасының дамуына өз үлестерін қосуда.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.