өмірде талай қызық бар

Өз ойым /
Мырқымбай десе мырқымбай екен

Өмірде талай қызық бар. Талай адам бар, демек, талай тағдыр бар. Менің айтайын дегенім мен университетте оқып жүргенде талай қызықтың куәсі болдым. Менің қасымда осы Алматының бір жігіті оқыды. Ылғи бірге жүрдік. Сабақта бірге отырдық. Сабақтан қашсақ та бірге қашып жүрдік. Сол жігіт күндердің күнінде басқа бөлімде оқитын бір сұлуға ғашық болады. Екеуінің арасында адам қызығарлықтай махаббат хикаясы басталды. Таза романтика. Екеуіне қараған елдің көңілі толатын.
Бірде екеуі ренжісіп қалыпты деген сыбыс біздіңде құлаққа жетті. Енді ыдыс аяқ сылдырламай тұрмайды ғой деп ертен екеуінің қайта қосылып кететініне елдің бәрі сеніммен қарап жүрді. Алайда олай болмай шықты. Екеуі араласпағалы бір апта, бір ай, тіпті бір жыл болды. Елдің басқа жұмыстары болмай қалғандай бәрі менің досымның жеке өмірін айтудан шаршамайтын. Досыма одан да бөлек қаншама қыздар қиылып, көрген жерде үзіліп кетердей үлбіреп қарағандарына мен талай куә болғам. Менің досым олардың біреуіне де көңіл бөлмей, олардың көзқарастарымен қылықтарын жеңіл әзілге айналдырып, тек сүйген қызымен қосылудың амалын ойлап жүрді. Содан не керек оқу бітіп ол қыз ауылына қайтты. Досым мұңына оранып асем Алматыда қала берді. Соған арнап қаншама өлеңдер жазғаны есімде. Жұматай серідей тұтас шығармашылығын арнады десем қателеспеспін.
Оқу бітіргесін мен Астанаға арман қуып кете бардым. Ол Алматыда тіршілігін жалғастырып жатты. Арамыз алыстағанмен хабар-ошар үзілген емес. Оның үстіне қазір ғаламторлық сан түрлі желілерде жазысып күніге көрісіп жүргендей боласың.
Біз оқу бітіргелі де төрт жылдың шамасы болып қалыпты. Өткенде бір желіден досымнан оның алғашқы махаббаты жайында сұрап едім. Ол терең бір күрсініп алды да, ой ол барболғыр қызың үйленіп кетті ғой деп дүңк ете қалды. Бұл хабар мені де есеңгіретіп тастады. Мұны қайдан естіп білдің дегенімде ғаламтор желісіндегі парақшасында суреттері тұр, қарасаң да болады деді. Менен мықты ма десем бір мырқымбай деп күліп алды. Сенбесен қарашы, ұмытып кетпей қарарсын деп телефонын сөндірді.
Сөйлесіп болған соң артынан іле шала ерінбей сол қыздың атымен фамилиясын гуглге жазып едім іздегенім алдымнан көп күттірмей шыға келді. Асықпай қарап шықтым бар суретін.
Дәл сол сәтте, қазақтың қасиетіне айналған, қара сөздің қаймағын ажырата алған Қадыр ақынның «мықты қыздар мырқымбай жігіттерге бұйырады» деген афоризмі есіме түсе қалды. Шынында да жаңағы жігіт мырқымбай десе мырқымбай екен. Ілмиген, шибұт, ұсқында жоқ адам қызығарлықтай. Ал менің досым оның қасында жігіттің төресі ғой. Ойы да биік, бойы да биік. Талай топтың алдында бірінші болып сөз бастайтын шешен жігіт. Бір кездері жігіт сұлтаны байқауынан да бас жүлде де алған. Ән де айтады, өлең де жазады. Дәулескер күйші болмаса да бір адамдай күйді де шертеді. Қазақша күрестің шебері. Екі иығына екі сұлуды емін еркін отырғызатындай кең иықты нар тұлғалы жалпы тұлғалық қасиетке ие азамат қой досым. Сегіз қырлы бір сырлы деп осындай азаматтарды айтатын шығар деп ойлаймын. Жаңағы досым айтқан суретке қарап досыма жаным ашыды. Осындай мырқымбайдың артынан кеткен қыздың соңынан қалмай жүгірген досым не деген аңғал едің. Дәл осы сәтте қыздың да суретіне ерекше назар бөліп қарадым. Қарапайым пұшық мұрынды, дорба ауыз, тапал бойды, салп ерінді ауылдың қара қызы. Әкетіп бара жатқан дәнегесі де жоқ. Осы қыздың несіне қызықты екен деймін да іштей булығып. Тағдыр шығар…
Ешкімді кінәләп, айыптаудан аулақпын. Тек ойыма келгенді ақ қағазға түсіріп қойғаным ғой. Жүрекке әмір жүрмейді, өздері біледі.
Тек досымның соншама уақыт құрбан еткені жаныма батты. Шерағамыз айтпақшы бір кем дүние деген осы шығар.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.