Көзі емес көңілі ояу

Көзі емес, көңілі ояу…
Күнделікті тіршілік күйбеңімен жүріп айналадағы тылсым дүниелерді аңғара бермейміз. Әйтсе де адам санасына сіңе бермейтін тылсым күштерді мүлдем жоққа шығара да алмаймыз. Себебі соның салдарынан болған жайттарға өзіміз куәміз. Осындай тылсымды Жұманәлі Сыздықов басынан өткерген. Олай дейтініміз, бүгінгі кейіпкеріміз қос жанарынан айырылған азамат. Арамызда зағип жандар аз емес. Алайда Жұманәлінің екі көзін қараңғылық басып, жарық сәулеге зәру болғаны түсініксіздеу дүние. Өзі бұл жайлы былайша еске алады:
– Осыдан 23 жыл бұрын екі көзім көрмей қалды. Оқыстан болған жағдай болса түсіндіруге келер еді. 1991 жылы қаңтардың екісінен үшіне ауған түні ұйқыға жаттым, таңертең көзім көрмейтін зағип болып ояндым. Түсініксіз дейтінім де осыдан. Осы оқиғаға дейін көзім ауырып немесе басқа да себептермен жанарымның солғындағанына шағымданған емеспін, – дейді ол.
Сол оқиғадан соң әуелі шымкенттік көз дәрігерлеріне қаралған. Олар нақты диагноз қоя алмаған соң Алматыға жол тартады. Алматылық мамандар да науқастың екі көзі көрмей қалуының себебін анықтай алмайды. «Көзің бір түннің ішінде көрмей қалса тағдырдың басқа салғанына үнсіз көндігу қиын екен. Әйтпесе «Басқа түскен – баспақшыл» деп, туа бітті зағиптар да тіршілік кешуде ғой. Алайда осы кезге дейін күн сайын айналамда болып жатқан дүниені тамашалап, күннің арайына шомылып жүргендіктен мен үшін бұл төтеннен келген тажал секілді көрінді. Және соның себебін білу үшін бірнеше елге сапар шектім», – дейді кейіпкеріміз.
Сырқатының сырына үңілгісі келіп әрі шипасы табылып қала ма деген үкілі үміттің жетегінде ол мәскеулік окулистерге қаралуға Ресейге аттанады. Алып шаһардың қолы епті, білімі терең көз дәрігерлері оған үш рет операция жасайды. Нәтижесіз. Үш рет пышаққа түскенімен көзі «ашылмаған» Жұманәлі Германияға сапар шегеді. Неміс мамандары тексеруден өткізгенімен көздің көрмей қалу себебін түсіндіріп бере алмайды. Тылсым дегеніңіз осы шығар бәлкім. Ғылыми не өзге тілмен де түсіндіруге келмейтін жағдай. Үміт үзгісі келмей одан әрі Болгария еліне сапар шегеді. Оның басты мақсаты жанары өзіне оралмаса да себебін білу еді. Мұнда аты әлемге әйгілі Вангаға келеді. Алайда, он күндік турмен келген ол осы уақыт аралығында белгілі көріпкелдің қабылдауына жете алмапты. Сөйтіп, Болгариядағы Қазақстан елшілігіне барып өзінің сол елге келгендегі мақсатын айтып тағы бірнеше күн шет елдің аумағында қалуға рұқсат алады. Ақыры кезек жетіп, көріпкел Ванганың алдына барады.
– Осы кезге дейін теледидардан, ғаламтордан Ванга жайлы ақпар жинағанымда оның кеселі анықталмаған науқастарға нақты диагноз қоятынын естігенмін. Және оның емі жайлы да айтатынынан хабардар едім. Маған да солай не ем жасау қажеттігін айтар деп үміттенген едім. Өкінішке орай үмітім ақталмады. Ол маған осы «көзбен» мәңгі қалатынымды айтты. Емі жоқ екенін ауруымның, – дейді зағип жан.
Осы сапардан кейін дәрігер немесе емші іздеуін доғарыпты. Былайша айтқанда зағиптық өмірге амалсыз көндігуге тура келген. Бірақ, ол зағип екенмін деп налыған жоқ. Қайта жігерленіп, өзі секілді көзі көрмейтіндерге барынша көмектесуге асықты. Бүгінде ол сүйікті жар, ардақты әке. Зайыбы Ақмаржан көз ауруханасында мейірбике болып жұмыс істейді. Екеуі үш перзентті тәрбиелеп отыр. Ұлдары Жеңіс пен Нұрсұлтан мектеп оқушылары. Қызы Нұргүл Сыздықова студент. Әрі әкесінің көмекшісі. Олай дейтініміз Жұманәлі жиі қайырымдылық жасайтын жан. Қандай қайырымдылық дейсіз бе? Осыдан біршама уақыт бұрын «Білім күні» қарсаңында облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада болдық. Осы жерде Жұманәлі кітапхананың кішкентай оқырмандарына сый жасады. Оқуға қажетті құрал-жабдықтарын үлестірді. Айтуына қарағанда, бұл қайырымдылықты қаржысы көптігінен немесе атын шығару үшін емес, сауап үшін жасайтын көрінеді. Өзі секілді зағип жандардың қандай күйде екенін, әр күнін, әр сағатын қалай өткеретінін жақсы біледі. Сол себепті де оларға кішкене болса да көмек қолын созуды өзіне парыз санайды.
Ол ай сайын көзі көрмейтін он отбасына ет таратады екен. Сонымен қатар облыстық мүгедектерді оңалту орталығының тұрақты демеушісі де. Мерекелерде мүмкіндігі шектеулі жандарды қуантуға асығады. Ол есінде қалған бір оқиғамен де бөлісті.
– Бір күні телефоныма белгісіз қоңырау түсті, – дейді Жұманәлі. – Өзін Жаңақорған ауданыныңың тұрғыны деп таныстырды. Мен жайында Түркістандағы бір танысынан естіген екен. Түркістан менің кіндік қаным тамған жер. 1962 жылы дүниеге келгенмін. Кейініректе Шымкентке қоныс аударғанбыз. Әлгі кісі ІІ-топтағы зағип жан екен. Ұлын үйлендіріп, келін алсам деген ниетте екен. Алайда қаражат мәселесі қолбайлау болып тұрғанын жеткізді. Сөйтіп біз отбасымызбен сол кісіге көмектесейік деп ұйғардық. Қалыңмалға арнап ақша жинап, тоғызына арналған дүниені жұбайым құрастырып, Жаңақорғанға тойға барып келдік.
Жұманәлі ағаның болашаққа арнаған жоспарлары аз емес. Тек қолдау таппай отырғанын қынжыла жеткізді. «Ешкімге қол жаймаймын, тек жер мәселесіне қатысты қиындықтар болып жатыр. Соны шешуге ықпал ететін азаматтар болса» дейді. Арманы – Шымкент қаласынан зағип жандардың діни сауатын ашатын орталық құру. Қазіргі кезде сол мәселені шешумен шұғылдануда. Жұманәлі осылайша өз отбасын асырап, қолдан келгенше мұқтаж жандарға да көмек беріп келеді. Оқырманның ойында бұл қандай қаражаттың есебінен іске асуда деген сауал тууы мүмкін. Орынды сұрақ. Біз де осы сұрақты кейіпкерімізге қойғанымызда отбасымен бірге жеке кәсіппен шұғылданатынын жеткізді. Сондай-ақ ол жиһаз құрастырады, теледидар, тоңазытқыш жөндейді. Қос жанары шырақтай жандардың өзі жасай алмайтын бұл істі қалайша зағип атқаруы мүмкін деп оқырмандардың таңқалуы да мүмкін. Ол мұны былайша түсіндірді. «Ең әуелі түйсігіме жүгінем. Түйсік қуатымның арқасында осы жұмыстарды істей аламын. Күнделікті тірлікпен ұсақ-түйек болып көрінген нәрсені аңғармауыңыз мүмкін. Ал, біз соны байқаймыз. Түйсік арқылы, әрине. Мысалы, сіз көшеде келе жатқан көлікті көріп тұрсаңыз, мен оны моторының дауысынан шамамен қандай қашықтықта екенін білем. Сол секілді көз жұмыс істемесе де құлақ, мұрын, қолдың арқасында біз де сезініп, ұға білеміз» дейді.
Тағдырынан теперіш көрсе де еш мойымаған, керісінше өзгелерді алдағы болашаққа үміттендіріп, жігерлендіретін сөздерін айта білетін кейіпкеріміз өзгелерге үлгі болса дейміз. Ел қатарлы тұрмыс кешіп жатқан, көзі болмаса да көңілі ояу Жұманәлі аға қашан да мұқтаж жандарға көмек қолын созуға дайын. Ал, қос шырағы күндей жарқыраған, он екі мүшесі ойнақтаған біз ше? Мұқтаж жандарға көмек беруге әзірміз бе, әлде қара басымызды әрең сүйретіп жүрміз бе? Ойланайықшы бір сәт…

4 пікір

avatar
Көзіне емес түйсігіне сеніп қимылдау, тіпті жиһаз құрастырып, техниканы да жөндейді.
avatar
  • Kan
  • 0
Басқа салша бақпашыл дейді ғй адам баласын. көнедіде амал не? ал біз бар болғансоң тайрандаймызда.
avatar
Ол кісіге Аллаһ разы болсын! Бірақ, Ванга ма кім еді, сол айтты деп үмітін үзуге болмайды ғой. Аллаһтан үміт ұзбеу керек!
avatar
Үміт үзілмейді ғой. Тек бармаған дәрігері қалмаған соң көзін «ашуға» тырыспаған. «Көмек, нәтиже болса осы кезге дейін бір болары сөзсіз еді» дейді өзі.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.