Өмірге құштар жандар

Өз ойым /
Өмірге құштар жандар
жалғыз аяқпен де жер басып, бақытты болғанға шүкіршілік етеді

«Адам баласы бұл өмірде маңдайға жазылғанын көреді екен ғой. Үлкен кісілердің «Көреріңді көрмей көрге кірмейсің» деген сөзінің мәнін енді түсіндік. Көресің. Көндігесің. Өзге амал нешік?» — дейді «Тағдыр талқысы» айдарының келесі кейіпкері Досымбек Тоғатаев.
Ол Оңтүстіктің «Швейцариясы» саналатын Түлкібас өлкесінің тумасы. Өмірлік жары Нышанкүл де өзінің жерлесі.
– Мектепті бітірген соң жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік болмады, — дейді Досымбек. – Жоғары білім алмасам да, кәсіп меңгерейін деген мақсатпен училищеде электрик мамандығына оқыдым. Жалындап тұрған он сегіз жасымда өзім таңдаған мамандықты үйрену сәтінде бір аяғымнан айырыламын деген ой ешқашан өңім түгілі, түсіме кірген емес. Әдеттегідей «когтиді» киіп ток қуатын тарататын сымдарды тексеру үшін электр бағанасына көтерілдім. Кенет өзім отырған бағана сынып, жерге құлап бара жатқанымды білемін. Одан арғысы есімде жоқ. Есімді аурухана төсегінде жидым. Құлаған электр бағанасы мені басып қалыпты. Мені аман алып қалу үшін дәрігерлер бір аяғымды жамбас тұсынан кесуге мәжбүр болыпты…
Міне, содан кейін-ақ Досымбектің ауруханада сарылып жатып уақыт өткізетін шерлі күндері басталған. Ата-ана мейірімінен ерте айырылғаны аздай, жалындап тұрған албырт шағында тағдырдың тауқыметі басына түскенін көрмейсіз бе. Аяулы армандарын бір сәтте үсік шалған жігіт мең-зең халде күй кешкен. Мүгедектікті кім тілеп алады дейсіз, бірте-бірте протез-аяққа да үйренуге тура келді. Жаратқандыкідей болмаса да, біреудің сүйемелдеуінен құтылып, өзі жүре алғанына шүкіршілік етті. Жаратушыдан «Өзгеге масыл болғаннан құтқара көр!» деп күндіз-түні жалбарынған сүреңсіз күндер сырғып өтіп жатты.
– 1999 жылы Шымкенттегі мүгедектерге арналған училищенің «бухгалтер-есепші» мамандығына құжат тапсырдым. Осында оқып жүріп болашақ жарым Нышанкүлмен таныстым. Ол тігіншілікте оқып жүр екен. Келесі жылы екеуміз отбасын құрдық. Бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз, — дейді отағасы.
Қыздары Жансая 6-сыныпта, ал Досмұхамед 1-сыныпта оқиды. Жан жары Нышанкүл Сейтікова да ІІ-топтағы мүгедек.
– Денсаулығымдағы кінарат туылғанымнан бар. Анамның құрсағында жатқанымда-ақ бір аяғым жетілмей, өмірге жалғыз аяқпен келіппін. Алдымен Алматыдағы протез зауытында дайындалған ағаш «аяқты» тұтындым. Алайда ағаш протез ауыр әрі икемсіз болған соң, пластмассадан жасалған «аяқты» жөн көрдім. Бүгінде Досымбек екеуміз үш ай сайын Алматыға барып, «аяғымызды» ауыстырып тұрамыз. Жартылай германиялық пластмассадан жасалған «аяқпен» жүрміз, – дейді Нышанкүл.
Қызына жүкті болған кезінде дәрігерлік есепке тұру үшін әйелдер кеңесіне барған Нышанкүлге мамандар «өзің босана алмайсың» депті. Айы-күні толып перзентханаға келген келіншекті дәрігерлер ота арқылы босандыруға дайындай бастайды. Жолдасы Досымбекке қажетті дәрі-дәрмек тізімі жазылған парақты беріп, дәріханаға жібереді. Сол сәтте бөлім меңгерушісі Әмина Төкеева келіп қалып «Ешқандай да ота жасалмайды. Өзің босанасың, дайындал», – деп мұны жігерлендіреді. Отаға дайындық жасап жатқан әріптестеріне бөлім меңгерушісі: «Мүгедек адам өзі босана алмайды деп кім айтты сендерге? Жаратқан жар болса, отасыз-ақ босанады», – деп Нышанкүлді өзі босандырып алады. Сөйтсе маманның өзі де бір аяғын сылтып басады екен. Ақ қанатты періштедей болып қиын сәтте қанатымен су сепкен ақ желеңді абзал жанның қамқорлығын ешқашан ұмытпайтынын айтады. Досмұхамедті Шымкенттегі №1 перинатальді орталықта өзі дүниеге әкелген.
Шыр етіп дүниеге келгеннен қара жерді жалғыз аяғымен басу маңдайына жазылған Нышанкүл тағдыр теперішіне амалсыз көндіккен. Өзгелерге салмағын салмай, тігіншілік кәсіпті меңгерді. Алайда, жұмыс іздестіргенінде алдымен «стаж» сұрайтындар қолбайлау болуда. Тапсырыс бойынша іс тігейін десе, әлі күнге жеке тігін машинасына қолы жетпей келеді. Бірі кәдімгі тігіске, екіншісі қайырма тігіске арналған екі бірдей заманауи тігін машинасын алу отбасына әжептеуір салмақ салады.
– Екеуміздің жәрдемақымыз күнделікті азық-түлік пен балалардың киім-кешегінен артылмайды. Коммуналдық қызмет үшін төлейтініміз тағы бар. Біз тұратын «Достық» шағынауданына әлі газ толық жүргізілмеген. Қыс маусымында көмір жағып, әбігерге түсеміз, — дейді Досымбек.
Денсаулығына байланысты кез-келген жұмысқа кірісіп кете алмайтынына Досымбек өкінеді. «Тым болмаса бір мекемеге вахтер болып жұмысқа орналассам да дұрыс болатын еді. Келіп-кеткен адамдарды тіркеп, киім-кешегін алып беруге шамам жетеді», – дейді азамат. Өздері туралы газетке жазуға осындай себеппен де келіскенін айтады. Мақаланы оқыған иманжүзді басшының бірі жұмыс беруге келісетінінен үмітті.
Кейіпкерімізді мазалайтын тағы бір мәселе – мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысын өмірлік етуге қол жеткізе алмай келе жатқаны. Алдағы уақытта аяғы өспейтіні тайға таңба басқандай көрініп тұрса да, тиісті орындағы комиссия мүшелері «Рәсімдейтін құжаттар көп, тапсыратын сараптама көп» деп кейінге сырғытумен келеді.
– Он екі мүшесі «ойнап» тұрса да еңбектен қашатын, өмірден түңіліп, опық жейтіндерді ұқпаймын, – дейді Досымбек. – Сын сағаттарда бауырларым қасымнан табылып, қолдарынан келгенше көмек берді. Қоғамымызда «жұмыс жоқ» деп қол қусырып қарап отыратындар аз емес. Тепсе темір үзетін жігіттердің ішкілікке салынып, қор болып жүргендерін көргенде «Солардың мүмкіндігі менде болғанда, бір күн әрекетсіз отырмас едім» деген ой келеді кейде. Амал жоқ, басқа салған іске көнесің. Бірақ, тағдырыма налып, өкінген емеспін. Қайта осы күнге жеткеніме шүкірлік етемін. Отбасым бар, жарым мен балапандарым қасымда. Баспанам бар.
Баспана демекші, Тоғатаевтар отбасындағы үлкен қуаныштың бірі – «Достық» шағынауданынан үй алуы. Облыстық әкімдіктің шешімімен 2007 жылдың 29-желтоқсанында баспанаға қолы жетіп, мәре-сәре болған. «2004 жылы құжаттарымызды өткізіп, кезекке жазылдық. Ол тұста Шымкент қаласының әкімі Өмірзақ Әметұлының қабылдауында болдық. «Сендерге міндетті түрде үй беріледі» дегенін естігенде, төбеміз көкке жеткендей болды. Баспана тауқыметін тартқан біздер үшін бұл үлкен қуаныш болды. Жалдамалы пәтер болған соң, бір жерде тұрақтамайтын едік. Көшіп-қону оңай емес, әрине», – деп еске алады Нышанкүл.
– Екеумізге қоғамдық көлікпен қатынау қиындық тудырады. Біз секілді жандарға арнайы «инвотакси» мен «әлеуметтік такси» қызметі көрсетілуі керек. Айына бір рет қызмет көрсетуі тиіс әлеуметтік таксиді әлі күнге көрген емеспіз. Ал «инвотакси» қоларбадағы немесе өздігінен қозғалысқа келе алмайтын адамдар үшін арналған. Бір жолы осы мәселемен «горсобезге» барғанымда «Алдағы уақытта сіздің мекен жайыңызда әлеуметтік такси тұрақты баратын болады» деп шығарып салды. Бірақ сол такси келген емес. Кейін өзім де сұрамадым. Құжаттарға байланысты немесе басқа зәру шаруамен қиналсам да өзім қоғамдық көлікпен қатынайтын болдым, – дейді ол.
«Достыққа» қатынайтын №17Б және №9 бағыттағы қоғамдық көліктерде жүріп-тұрудың қаншалықты қиын екеніне осы шағынауданға барған сапарымызда куә болдық.
Тағдыр тәлкегіне мойымаған, өмірге құштар жандар — Досымбек пен Нышанкүлдің ерік-жігері, қайраты өзгелерге де үлгі болса қанеки? «Қай нәрсенің де қайыры бар» дейтін кейіпкерлеріміз қашанда ертеңіне сеніммен қарап үйренген.

1 пікір

zhano_almuhambet
Досымбек ағаны жуырда көшеде кезіктіріп қалған едім Нышанкүл әпкенін үшінші перзентін босанғанын айтып қуантып қойды. Бауы берік болсын деп, есімін қалай атадыңыздар десем ЖАНЕРКЕ дейді. Жақсы есім екен деппін сасқанымнан. Сол аттасымды көруге әлі бармадым. Алдағы күндері міндетті түрде барып қайтамын, бұйыртса
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.