Талқыдағы тақырыптар

Өз ойым /
Барлықтарыңыз да қазақ баспасөзіндегі жаңалықтардан хабардар боларсыздар?! «Аңыз адам» деп бір шулады, одан қалса "қамшы" сайтындағы материал (Тайчикбаевқа қатысты) қазақ баспасөзі екі түрлі топтан тұратынын айғақтап берді. Екі тілді БАҚ, екі тілді орта, екі тілді қоғам. Мемлекет атауы қазақ болғанымен, мемлекетте қазақ деп жазылып, бүйрегі өзгеге бұратындар көп екенін көрсетіп отыр. Осындайда, саясаттанушы Айдос Сарымның мына бір теңеуі дәл келеді-ау:
«Жол таңдар уақтағы жолтандар…
Мына суреттегі не құбыжық дейсіздер ғой? Я жолбарыс емес, я арыстан емес, жер басып жүрген мақұлық…
Бұны ғылымда тигон дейді (tiger+leon). Яғни табиғи жағдайда пайда болуы мүмкін емес, алайда зообақтарда айда-жылда дүниеге келетін жолбарыс пен арыстанның шатысы. Қазақшаласақ — жолтан (жолбарыс+арыстан).
Жолтандардың бітімі аса ірі болып келеді. Мінездері де оқшау. Табиғатқа босатып жіберсе аштан қатады. Себебі бітімі, сүйегі, бұлшық еті шабуға, аң аулауға мүмкіндік бермейді…
Біздің арамызда да көптеген жолтандар жүр. Я қазақ емес, я орыс емес, жүрген бір дүбәралар. Мәселе тіпті тілде ғана емес. Мәселе саяси таңдауында, өзін-өзі сезінуінде, сезімі, ынтасы, әрекеті, құштарлығы мен ұмтылыстарында. Жолтандар сияқты ірі, білімді, сабырлы көрінгенімен, табиғи жағдайда ғұмыр кеше алмайды»
Кез келген ұйым, мекеме болсын, басшысы орыс болса қарамағына орыстарды, қазақ болса қазақтарды жинайтынына (шартты нәрсе ғой) көзім жетті. Университетте жүргенде де, қазақ және орыс тобы болып екі жікке бөлінетін: жатақхана алу секілді анау-мынау сұрақтар туындағанда, қазақ тобынан 5-у, неге орыс тобынан 3 ғана дейтін сөздерді де құлақ шалушы еді. Бір шаңырақта екі келіннің сыйысуы қиын дейтін бұрын әжем. Тіпті, сыйған күннің өзінде енесінің мықтылығынан деуші еді. Әзірге басшымыздың мықтылығынан осылай қос қоғам өмір сүріп келе жатырмыз ба деген ой да келеді…

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.