Анаға хат!

Өз ойым /
Сен әлдилеп менің жанымды жабырқау жұбатқан,
Сен арманым сұлулық тапқанда сыр боп аққан.
Сен жалғанның жырларын жаттатқан жалықпай, ана,
Сен «ботақаным» деген соң, өмірді ұнатқам анам –
деп басталатын Жәудір Артықбаеваның сөзіне жазылған, Ажар Түзелбекқызы орындаған осы әнді естігенде жүрегім елжіреп, көзіме еріксіз жас келеді. Өйткені бұл ән менің жан дүниемдегі шексіз сырларды ешқандай артық сөзсіз сізге жеткізіп тұрғандай, анашым.
Менің бұл жарық дүниені көруімдегі ең басты себепкер, мені тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтерген, толғана толғатып дүниеге әкелген, ақ сүт беріп асыраған, мен үшін түн ұйқысын төрт бөлген, жылғанда жұбатқан, қуанғанда бірге қуанған, ауырғанда жүрегі сыздаған, мені өмірімнің шымшырағы – ол сізсіз анашым.
Мен сізді сондай қатты сағындым! Сізді көрмегеніме бес айдын жүзі болыпты, бұл аз уақыт болар, бәлкім, бірақ мен үшін бес жылдай болды, өйткені мен сізді бес минут көрмесемде сағынамын, әрқашан алаңдап іздеймінде жүремін, сіз оны жақсы білесіз. Мен ес білгелі сіздің жаныңыздан екі елі ажыраған емеспін, қайда барсаңызда әрдайым қасыңыздан қалмайтын едім ғой. Сол себепті мен мамасынан қалмайтын «құйрық» деп те атап кеткен-ді.
Мен қазір сол не себепті екен деп ойлаймын.Шамасы, сол кезде қасыңыздан қалмаған себебім болашақта сізден жырақта болатынымды сезгенмін –ау. Мен сізден жырақта жүрсемде сіз айтқан әр сөз менің санамда жаттаулы тұрады, сіз берген терең тәлім – тәрбиені мен ешқашан аяқ асты еткен емеспін.
Қыз баласының тәрбиесі өте жауапты да, қиын міндет — деп айтпақшы, сіздің маған берген тәрбиеңіз үшін мың алғыс айтамын. Мені сіз жеті жасқа дейін жетелеп, еркелетіп өсірдіңіз бір айтқан сөзімді жерге тастамай дегенімді істедіңіз, ондан әрі он үш жастан бастап «Қызға қырық үйден тию» деген қағиданы ұстанып, қатал да, қатаң да тәрбиеледіңіз. «Істегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы» деп көп нәрсе үйреттіңіз. Сол уақытта мен сізді түсінбей өз білгенімді істеймін деп, біраз қарсы шықтым, қырсық қылықтарымды көрсетіп, сізді шашыңызды да ағартым –ау, бірақ сіздің айтқаныңыздың барлығы дұрыс екенін біліп, сіздің сөзіңізге құлақ астым. Қазір сол қылықтарымды ойласам ұяламын, бірақ ешқандай қателік жасамай, сізді ренжітпей, сізді тыңдағаным үшін бір жағынан қуанамын.
Сіз әрдайым мені айтқызбай түсінесіз, мен сіздің сол қасиетіңізге қайран қаламын. Менің нені ойлап тұрғанымды, кімді ойлайтынымды да сіз сезесіз–ау шамасы, мен сізге олардың барлығын айтпасамда сіз бәрін – бәрін білесіз. Әлде аналық түйсігіңіз сезе ме? Сіздің мұндай құпия қасиеттерізді мен үшін шешілмес жұмбақ секілді. «Анаңды ана болғанда түсінерсің» демекші, менде сізді сол уақытта түсінетін болармын.
Мен біріншіден құдайға сенсем екіншіден сізге сенемін, анашым. Сізде маған солай сенетініңізді білемін.Сол себепті де қуанышымды да, мұңымды да сізге ғана сеніп айта аламын.
Анашым сіз маған көп жақсылық жасадыңыз, осы күндерге жетуімнің өзі де сіздің арқаңызда, сізге мәңгілік қарыздармын. Сізге деген қарызымды «Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаңда, қарызыңнан құтылмайсың» деп айтқандай, мәңгілік құтылмаймын, мен оны білемін. Бірақ алла амандық берсе, алдағы уақытта сіз берген таудай тәлім-тәрбиені аяқ асты етпей, сіздің арман-үміттеріңізді ақтаймын деп уәде беремін.Ол күнге дейін тек сіз деңсаулығыңыз жақсы болып арамызда аман – сау жүре бергейсіз.
Ал анашым:
Өмірімнің гүлі дедің,
Сағынып мені жүрегің,
Жолыма қарап жүрсің-ау,
Ұғынам, сезінем, білемін.
Ағайын, туыс, бауырға,
Сәлем айт туған ауылға.
Өзім де барып қайтармын,
Көргенше аман бол, жан ана.
Сізге деген сағынышты сәлеммен: әсем Алматыдағы қызыңыз — Асемхан.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.