Сирек "кәсіп"

Өз ойым /
Өз ойым: Сирек кәсіп
«Суррогат ана боламын. Жасым 25-те. Денсаулығым жақсы, темекі шекпеймін, ішімдік ішпеймін. Салауатты өмір салтын ұстанамын. Қан тобым (-) 2. » деген хабарландыруды газет-журнал жарнамаларынан оқыдыңыз ба? Ертеректе құлаққа түрпідей тиетін мұндай хабарландыруды көрмек түгіл естімегенбіз. Қазір еліміздің ірі қалаларында суррогат аналардың «бизнесі» қызып-ақ тұр.
Осыдан үш жыл бұрын, 2011 жылдың желтоқсан айында қабылданған ҚР «Отбасы және неке туралы» заңына сәйкес денсаулығы мығым, жасы 35-ке дейінгі, дені сау баласы бар, зиянды дағдылары жоқ әйел суррогат ана бола алады. Қоғамда сан алуан себептерге байланысты бір перзентке зар болып отырған отбасылар аз емес. Осыған байланысты қазіргі репродуктивті технологиялар арқылы сол ата-ана атанғысы келетін жас отбасының беріктігі мен бірлігін сақтап, еліміздегі отбасы инситутын күшейту мақсатында әлгіндегідей заң жобасы қабылданған болатын.
Жалпы суррогат ана болу тұңғыш рет 1980 жылы сәтті жүзеге асыпты. Алғашқы суррогат ананың есімі – Элизабет Кейн. Ол АҚШ-тағы Иллинойс штатының 37 жасар тұрғыны. Балалы бола алмаған әйел Кейнмен шартқа отырып, құжат бойынша оған табиғи ұрықтандыру жүргізілген. Ал босанғаннан кейін Кейнге ақшалай сыйақы төленіп отырған. Бұған дейін Элизабет үш баланың анасы атанған екен.
Бүгінде бұл «қызметті» табыс көзіне айналдырғандарды кездестіруге болады. Иә, бір емес, бірнеше рет «тапсырыс» бойынша жүкті болып, ақша тауып отырғандар да бар. Алматы, Астана секілді ірі қалаларда суррогат аналар өздерінің жарнамасын жасауда аянбайды.
«Суррогат ана» бағдарламасы түрлі себептермен жатыры алынып тасталған немесе бала көтеруге болмайтын науқас келіншектерге (жүрек, бүйрек және т.б. аурулар) сәби сүюге мүмкіндік береді. Шымкент қаласындағы «Эко-Семья» медициналық орталығының дәрігері Светлана Кимнің айтуынша, мұндай жағдайда бедеу жұптың өздерінің аналық клеткалары мен спермалары қолданылады. Алынған эмбриондар дені сау әйелдің, яғни суррогат ананың жатырына салынады, ол тоғыз ай бойы өзіне донорлық болып табылатын шарананы дүниеге әкелуге міндетті. Ол үшін суррогат ана мен бала қалайтын ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) арасында жоғарыда айтылған заң негізінде келісім-шарт түзілуі тиіс. Аталмыш заң аясында көптеген қарама-қайшы пікірлер болған және әлі де бар. Осы тәсілмен сәбилі болғандарды жазғыратындар жоқ емес. Керісінше, неке құрғандар ұрпақ жалғау, бала сүюді аңсағандар бұл тығырықтан шығатын тиімді жол деп біледі.
— Жыл сайын шамамен 80-нен астам жұп өздігінен сәбилі бола алмаған соң біздің орталықтың көмегіне жүгінеді. Тексеру қорытындысы бойынша олардың басым бөлігінің денсаулығындағы түрлі дерттің салдарынан бала сүйе алмайтынын анықтаймыз. Түрлі инфекциялық ауру жұқтырған жас жұбайлардың бойындағы кеселі туралы дер кезінде білмегендіктен оны асқындырып алатыны да жасырын емес. Сол себепті тоқсан сайын немесе жылына бір рет міндетті түрде гинеколог, уролог мамандарға тексерілгендері жөн. Мәселен, өткен жылы біздің орталық арқылы 15 жас отбасы суррогат ананың көмегімен нәрестелі болды. Олардың жартысына жуығы суррогат ананы өздерінің таныстары арқылы тапса, ал қалған жартысына осы «Эко-Семья» орталығы ұсынды, – дейді С.Ким.
Тапсырыс берушілер суррогат анамен келісімге қол қойған сәттен дүниеге келетін нәрестенің биологиялық анасы кодексте қарастырылған бірқатар талаптарды орындауы да заңмен қарастырылған. Атап айтқанда, оның медициналық тексеруден өтуі мен қосалқы репродуктивті әдістер мен технологияларды қолдануына қатысты материалдық шығындардың бәрі тапсырыс берушінің мойнында. Медициналық тексерудің қорытындысы мен медикогенетикалық тексерудің нәтижесін ұсыну, суррогат ананың жүктілік, босану және бала туған күнінен бастап 56 күн бойы медициналық тексеру бойынша шығындарын, ал егер де жүктілік және бала тууға байланысты қиындық туындап қалса, босанғаннан кейін 70 тәулік бойы қажет болған қаражатты төлеуге міндетті.
Сонымен бірге суррогат ананың да белгілі міндеттері бар. Ол тапсырыс берушілерге өзінің табиғи, психологиялық және репродуктивті денсаулығы туралы қорытындыны ұсынып, дәрігердің тұрақты бақылауында болуы тиіс. Ақ желеңділердің ұсыныстары мен тағайындамаларын қатаң орындап, өзімен шарт жасасқан тұлғаларды жүктіліктің барысы туралы мерзімінде хабардар етуге, өмірге келген нәрестені оларға беруге міндетті. Суррогат ана баланы өзге тұлғаларға беруге құқығы жоқ. Суррогат ана болу шартымен қарастырылған қосалқы репродуктивті әдістер мен технологияларды қолданғаннан кейін табиғи жүктіліктің болу мүмкіндігінің алдын алуға міндетті.
Жоғарыда айтылған ресми қағаздар толтырылып, келісім жасалғаннан кейін 9 ай, 9 күн өткен соң дүниеге сәби келеді. 12-15 сағат толғақтан соң «биологиялық» ананың еркін тыныс алуына да болады. Қызметтің негізгі бөлігі іске асты. Келесі кезекте жаңа туған баланың құжаттарын рәсімдеу мәселесі. Баланың туу туралы медициналық куәлігінде оның анасы ретінде суррогат анамен шарт жасасқан әйелдің аты-жөні жазылады.
XXI ғасыр ғылым мен техниканың қарыштап дамыған кезеңі дейміз. Міне, соның бір дәлелі бала сүю бақыты бұйырмаған ерлі-зайыптылар осы тәсілмен өз проблемаларын шешіп, отбасын сақтап қалуда. Бедеулік – некеге тұрған ұрпақ сүюді қалайтындар үшін ең қауіпті үкім. Алайда, осы тығырыққа тірелген қаншама жұп суррогат ананың көмегімен шаңырағын, бақытын, бір-біріне деген махаббатын сақтап ел қатарлы тіршілігін жалғап жатса несі айып? Ал, енді осындай жағдайды пайдаланып жеке басының күйін ойлап, дүние табуды мақсат еткендердің бұл қылығын түсіну қиын. Өзін Гүлбану деп таныстырған келіншек тұрақты жұмысының жоқтығын айта келіп суррогат ана болып нәпақасын табуға келісім беріпті. Балалы болғысы келетіндердің де арманы орындалады әрі өзі де «жұмысы» үшін алатын ақы арқылы қалауына қол жеткізе алатынын еш қымсынбастан айтты. Осы «кәсіптің» арқасында көлік мінгендерді де есіткенін, өзі де темір тұлпарға қол жеткізгісі келетінін жасырмады. «Оның үстіне тек ақшалай ғана сыйақы алып қоймай 9 ай бойы жағдайыңды жасап, қалағаныңды орындайтын адам болса неге сол мүмкіндікті пайдаланбасқа? Уақтылы ұйықтап, дұрыс тамақтанғаным үшін маған ақша төлейді. Осы «кәсібім» өзіме ұнайды. Алдағы уақытта да «заказ» болса ақша үшін бала тууға әзірмін» деген Гүлбану өзін біреудің күтіп тұрғанын айтып, орнынан түрегелді. Қазір оның жатырындағы шаранаға 28 апта толыпты. Әдеттегі тексеруге келгенін, енді екі айдан соң жүрегінің астында жетіліп жатқан сәбиді тапсырыс берген ата-анасына тезірек табыстағысы келетінін айтып кете барды.

1 пікір

zhano_almuhambet
Пікір қалдырыңыз…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.