"Жақсылық етсең өзіңе..."

Өз ойым /
Бір диуана ел ақтап, шаһардан-шаһар кезіп, ұзақты күн қоржын артқан қашырының үстінде жүреді. Айтар сөзі, берер батасы: «Жақсылық етсең өзіңе, жамандық етсең өзіңе» деген мақал болса керек.
Күндердің күнінде есік алдына шығып тұрған еріккен кербез әйел келе жатқан диуананы көріп: «О, сұм неме, міне саған жақсылық та, жамандақ та. Ал да же, арам қат!» деп у қосып пісірген бір таба нанды ұстата салады. Нанды қоржынына салып алған диуана ел ақтап, жұрттан қол-қайыр алып жүре береді.
Диуана шаһардан-шаһарға бет алады. Жапан далада шұбап келе жатқан керуенді көреді. Керуен соңында жаяулар да келеді. Керуен жақындай келе диуана қасына келіп тоқтайды.
— Е, диуана, жүрген жерің мейірімді, қайырымды болсын, — деп сәлем береді керуен басы.
— Жүрер жол, басар тауың жеңіл болсын, — деп диуана жауап қатады. Керуен соңында азып-тозған аталы-балалы екеу тұр екен.
— Ей, диуана, біздің күн қараң болды. Азық таусылды. Мына тағдырдың тәлкегіне ұшырап, қарақшыларға тоналған аталы-балалы екуіне жүрек жалғар бірдеңе болса бер, — дейді керуен басы.
Қайырымды диуана қоржынынан бір таба нан алып екеуіне бөліп береді. Неше күн ашыққан олар нанды қомағайлана асай бастайды. Нанды жеп бола бере әуелі бала, одан кейін әкесі құлайды. Сол құлағаннан тіл бермейді. Нешк күн, неше түн жол азабын бірге көріп жалғасып келе жатқан ер азаматтардың өлгендеріне көздері жеткен керуеншілер диуананы бас салып тепкілей бастайды.
Диуананы ауыз аштырмай сабай береді. Бір мезет диуана үн қатады:
— Уа, қайырымды адамзат, жазықсыз мені таяқтадыңдар, ел берген қайыр-садақаны алып жүре бердім. Кімнің не бергенін қайдан білейін. Бірақ мен осы таба нанды берген үйді білемін…
Ар жағын айтқызбай керуеншілер бастырмалатып кетеді:
— Жүр, баста бізді сол үйге.
Өліктерді артып алады. Диуана керуеншілерді ертіп шаһардағы нан берген әйелдікіне келеді. Керуеншілер түйелерін шөгеріп өліктерді түсіреді. Жүгіріп далаға шыққан сылқым әйел өліп жатқан өз күйеуі мен жалғыз баласын көріп, өз ісіне өзінің жаны күйзеледі. Ақыры ішқұса болып өледі.
Әйелдің зұлымдықпен жазықсыз жанға жауыздық жасамақ әрекеті өз алдына көр боп қазылды.
Міне, «Жақсылық етсең өзіңе, жамандық етсең өзіңе» деген мақал осыдан қалған екен.

2 пікір

AKA
Жақсы айтылған екен.
Delfina
«Біреуге ор қазба, өзің түсесің» деген осы ғой.
Ешқашан ешкімге жамандық ойламаңдар.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.