Қазақ журналистикасының абызына

Қазақ журналистикасының абызы Тауман Салықбайұлы Амандосов жайлы ойланғанда

Ұялу

( Г. Салықбайша )

Кешіріңдер,
Құйын – перін заманда
Таныспадым Тау – ағамның өзімен.
Кешіріңдер,
Танып білдім тек қана
Нағашымның сөзінен.

Кешіріңдер,
Кредиттік жүйеден
Тау – ағамның тас жолымен өтпедім.
Кешіріңдер,
Бір шола да алмадым,
Қаламгерлік қырқасы мен бөктерін.

Кешіріңдер,
Ізет кеткен бұ шақта
Тау – мүсінді тани алмай жүрсем мен.
Кешіріңдер,
Шын ғылымды түсінбей
Ғалымдарға күлсем мен.

Кешіріңдер,
Бір білімгер болсам да,
Сезінбесем ұстаздықтың құрметін.
Кешіріңдер,
Оқымадым кітабын
Тек дәлізден көріп жүрмін суретін.

Кешіріңдер,
Мына бес күн жалғанда
Амандосов аманатын сезбесем.
Қош келдіңдер!
Иә, осы жер, ағайын,
Амандосов – қағанаты іздесең.

Кешіріңдер барлығың,
Түйсінбесем баянсыздық тарлығын.
Кешіріңдер,
Содыр, сотқар күн кешсем,
Солай шығар тағдырым.

Сен кешірші,
Сай кез оғы – өлеңі,
Алдаспаны хақ сөз болған қаламдас.
Қорықпаңдар,
Әлі – ақ танып үлгерем,
Амандосов – болашаққа замандас!
Кешіріңдер,
Жалт – жұлт еткен фәниде
Өлең жазып, ойланудан қашсам мен.
Кешіріңдер,
Тау – ағама ғазалды
Біреуге ұқсап жазсам мен.

Кешіріңдер, кешіңдер…

***

Жұбату

Зұлпыхарым өзімде,
Қынабына жасырғам.
Ақиқатта өзіне –
Тәңіріме бас ұрғам.

Саған айтар сөзімді
Жанарыма жасырғам.
Жүрегімді жылатсаң,
Мөлдірейді жас ырғап.

Мен тоқсанда туылғам,
Тарау екен бұл тоқсан.
Естелік пен арнауға
Жарау екен бұ тоқсан.

Аңызына жуынғам,
Батасына атамның.
Ертегімен жылынғам,
Ошағына апамның.

Қызығына қызылдың,
Жасылына алдандым.
Таба алсам болғаны
Тасбұлағын Тауманның.

Қалып қалмай әйтеуір,
Жиегінде арманның.
Кетіп қалсам қайтемін
Иегінде жалғанның?

Амандосов – арманның
Етегінде самғадым.
Амандосов Тауманның
Журфагына бармадым.

Филфагымда қап қойдым,
Өрлей түстім өкінбен.
Біреулерге ат қойдым
Өгіз болып өкірген.

Мен өлеңге жарлымын,
Сен өмірге жарлысың.
Сыныптарда қалды үнің,
Өнеге боп қалды ісің.

Журналистік өнерге
Салып еді бар күшін.
Амандосов жоқ енді,
Журфак сен де зарлысың.
Жұбатуға келдім мен,
Зарлымын деп жылама.
Жыр айтуға келдім мен
Заңғар еді бұл аға.
Халық едік қашанда,
Сыйлап жүрген « Түкесін ».
Болашақтан болды енді
« Таумандарды » күтесің.

Бұ Тауманды тек қана,
Аңыз ғылып айтасың.
Зиратына зиярат,
Дұға жасап қайтасың.
Басқа енді қайтесің?!…

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.