Қараңғы түндер шапағаты..


Түндер келеді
Құбылмас қараңғылықпен,
дүниенің барлық жиіркеніштерін таса ғып,
күндізгі сағымдай көз жауын алмай көлгір көркімен жасанып;
ақ сезімдердің ақ айдынында тербелер дел-сал сәт қой бұл
қатыгездіктен қажыған көңілдер жасарып!
Қараңғы түндер,
бұл дүниенің ляззаты жалғыз сендерге ғана қалған ба!
(Өзгенің бәрі өзгеріп кеткен шеңгелін мезгіл салғанда)
Түндердің тұңжыр тыныштығы ма екен
көңілдерді көкке көсілтіп,
талпындыратын таңдарға!
Таңдайына татып тірліктің шырын шақтары жанды шалқытқан,
түн құшағына алғанда.
жалғыз-ақ мынау бөлмеде
тыныштықта бей-жай көңіл көрпесі көсілмей,
(қасиетті түндер кешіргей!)
Ақтүтек ойлардың ақпаны сақ-сақ күледі,
жалғыздығынан құтырып кеткен жесірдей
Рахатын түннің тұл етіп сонда мен отырармын шабыттың,
сарала сауытын шешінбей.
О, шуақ күндер!
Қыз саусақ шұғыла төккенге балғын бақтарға
меменшілдікпен мақтанба!
Тірліктің қимас күндерін тылсым түндерде ғана сезбесек
қадірсіз шығар ақ таң да
Мынау жалғанда жалғыз-ақ өзім құдіреттідей боп отырам,
қараңғы түндер шапағат шашқан шақтарда!
(Ф.Оңғарсынова)

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.