ЕРКЕКТЕРГЕ КӨЗҚАРАС НЕМЕСЕ КҮЙЕУ ІЗДЕГЕН БОЙЖЕТКЕНДЕРГЕ ХАТ


Бойым 159 сантиметр. Білімім жоғары. Айналамдағылардың бәрі іскерсің әрі көріктісің деп мақтайды. Бойы 170 сантиметрден кем емес, жоғары білімді, ерекше жұмсақ, жуас мінезді, қазан-ошаққа икемді еркекпен тағдыр қосқым келеді.
(жарнамада жарияланған хабарландырудан)


Талғамыңды әйгілей ме талабың,
Көкейіңді сезіп тұрмын, қарағым!
Айтқаныңнан шықпайтын,
Меселіңді жықпайтын,
Саған момын, жұп-жуас еркек керек,
Жо-жоқ, еркек аты бар телпек керек.
Табылар-ау ол іздеген адамың,
Бірақ қайда бастамақ бұл қадамың.
Егер Пушкин тірі болса,
Саған іңкәр жандардың бірі болса,
170 сантиметр келмейді екен бойы деп,
Қайсар екен мінезі деп,
Тым қызба екен ойы деп,
Кемшілігі деп ұғынып жүрек жарған алауын,
Мүмкін еді менсінбестен қарауың.
Егер қазір қайта туса ұлы Абай,
Олда саған қалар еді ұнамай.
Ойлан, қалқам, ертең жердің кіндігін
Ұстайтындар саған жақын жүр бүгін.
Қасыңда жүрайтпағанмен хабарын,
Ашылмаған Эйнштейн, танылмаған Гагарин.
Ойлан, жуас жан іздеген, жар іздеген, жас талап,
Бірақ олар сен іздеген еркектерден басқарақ.
Көппен бірге дауыс қосқан ағымға,
Жалтақ, көнбіс телпектердің өнер ашқан шағында,
Сол қулардан зиян келіп жатқан кезде қоғамға,
Ойға тартып талайды олар,
Өз көзімен қарайды олар ғаламға.
Мысал үшін, кенет шығып тасадан,
Жазықсызды жәбірлесе мас адам,
Бір пәлеге қалмайық деп ұрынып,
Телпектердің кетері хақ бұрылып.
Еркектер ше?
Жоқ тәңірім сақтасын,
Телпектердей кері бұрмай ат басын,
Ер жігітке тән мінезбен баяғы,
Бұзақыны өз орнына қояды.
Бәлкім жаға жыртылуы,
Дей көрме оны тентектік,
Тентектік боп көрінеді кейде нағыз еркектік.
Отырарда бір қадірлі қарияның қанатты,
Тұлпар тектес аты бопты сүйсінткен бар алапты.
Мінезі сәл жайсыз екеншодыр бала іспетті,-
Шаршап-шалып шөлдесе де арықтан су ішпепті.
Жек көргені жақын келсе қуып-теуіп тістепті,
Содан аяқ шідерленіп, бастан жүген түпепті.
Бозбалалар сымбатына көз тастайтын табына,
Қарияның ай дидарлы қызы бопты тағы да.
Сол жас ару, әкесіне былай депті бір күні:
— Әке, сенің дарқандығың шақырады күлкіні,
Қиқар, тентек мына атыңды мәпелеуіңді қоймайсың,
Айырбастап, сатып, сойып неге көзін жоймайсың?
— Рас, қызым, сөзіңнің жоқ қатесі,
Аттың қиқар мінезі бар, — деп күрсінді әкесі,-
Тек бұл бейбақ ат біткеннің зерегі,
Түскен кезде бәйгелерге жарысқа,
Жаралғандай шабу үшін алысқа,
Арын салып, терін, қанын төгеді,
Бірақ сөзсіз бірінші боп келеді.
Әйгілеген елге күшін,
Сол ғаламат еңбегі үшін,
Қиқарлығын кешіруге болмай ма?!
Кешірмесек бетте таңба қалмай ма?!
Аз ба елде, тұлпарды асқан бағы бар,
Жуас, көнбіс, моп-момақан жабылар.
Қасиетін сезбесе де тәлім алар, табынар,
Жуасты әркез мақтайтын жұрт табылар.
Бәлкім, тұлпар сол үшінде ызалы.
Ызалыны бағалайға шабандаумыз біз әлі.
Нағыз еркек тұлпарға ұқсас, айнам-ау,
Саған қылмыс ол жайында ойламау.
Толғағы кем талғамыңа бар таңым,
Басыңа бақ қонбай ма деп қорқамын…
Дұрыс шығып әкесінің есебі,
Қыздың жолы болмай қапты деседі.

Ойлан, жуас жан іздеген, жар іздеген, жас талап,
Өмір сенің күткеніңнен әлде қайда басқарақ,
Еркек сұлу көрінбейме еркімен,
Еркіндіктің нұры ойнаған көркімен.
Жалғандыққа күрес ашқан ісімен,
Сүйгеніне берген қайсар сертімен,
Және соны қорғай білген күшімен.
Ойлы әлемнің, әйелдерсіз күні бар ма көктеген,
Әйтсе де мен, әйелге ұқсас еркектерді жек көрем!
Еркектерге еліктеген әйелдің де аз табары,
Иә, әр жыныс өз мінезін сақтауымен бағалы.
Жігіт, жігіт санала ма бұғып жүрсе тасада,
Өз пікірі жоқ еркектен қорқу керек қашанда!
Қанаттыны кері тартып табандап,
Ұшар кезде ұша алмайтын шабандап,
Өз пікірі жоқ еркектер ел басқарса не болмақ?!
Тоқтамайды еркектер мен телпектердің жарысы,
Ойлан, қалқам, еркектерді еркек еткен — намысы.
Мықты кім бар намыс атты батырдан,
Бір сөз үшін қаншама еркек тіршіліктен жан кешті.
Бір сөз үшін жекпе-жекке шақырған
Қайсар Пушкин Дантесті.
Ар – намыстың құрбандығы
Аз болмапты, қайраулы әлі әділеттің балтасы.
Жердің аман тұрғандығы
Сол намысқой еркектердің арқасы.
Әр кез нұрлы үміт сеуіп алдымызда таң жатсын,
Қайғы келсе жеңілмейтін,
Бақыт келсе семірмейтін,
Ер мінезін қадірлейтін,
Еркектердің даңқы артсын!

Ал, қарағым, тұрмайды ешкім жолыңда,
Өз тағдырың, әрине, өз қолыңда.
Бақаныңда әніне сай бағы бар,
Іздегенің жабы болса табылар.
Нағыз бақыт тұяғымен тұлпардың,
Қиялымен сұңқардың,
Өлшенетін мына ұшқыр заманда
Бірте-бірте құнсызданар бағыңда.
Мен сенемін, шын еркектің алдында
Қызаратын күн туады сағанда…

Авторы: Мұхтар Шаханов

3 пікір

Jako
Мұхтар ағаныкі емес па, сілтеме қойған дұрыс болар еді.
naimankyzi
Өлең мазмұнды, мағыналы екен.Қателеспесем Мұхтар ағаның мұндай өлеңі жоқ, өлеңнің стилі солай… Тамаша жазылған, әсіресе нағыз ер мінезін дөп таныта білген…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.