Жүректен шыққан тамшы жыр...

Ағаға

Жанарға қарама қапалы,
Ол да бір пенденің сүйгені.
Күтумен, аңсаумен атады,
Таңдар да беймаза күйдегі.

Іздеме ақ таңнан тұманды,
Өзгеге кеткен ол сыңар боп.
Қайтадан келуі күмәнді,
Есімі қалған тек тұмар боп.

Күндерден күй аңсап күйбелең,
Жат көңіл жаттығын танытқан.
Сен оны шүбәсіз сүйген ең,
Түндерге сыр айтып зар ұққан.

Ұмыт боп сезімнің тәттісі,
Көңілде қалды мұң дауасыз.
Сізді енді жұбатпас жат кісі,
Күй кешіп тұрса да шарасыз.

Еңсеңді ермін деп көтеріп,
Көктемге күлімдеп енші енді.
Жылаудың бәрі де бекер ұқ,
Өмірден алып ал еншіңді.

Күрісініс сендегі бағалы,
Арудың әдемі жүзінен.
Саркылар оның да амалы,
Сезімнің адасып ізінен.

Сондықтан жылама ағажан,
Армандар алысқа сермейді.
Із қалса жазылар жарадан,
Келер күн оны да емдейді.

***

Жүрекпен тілдесу

Таңдағы шұғыла шуаққа,
Түн үйір боп алды қараңғы.
Тірлігім тоғысып сұраққа,
Жауабы жаһаннан жоғалды.

Арманға арбалып аңсарым,
Күндерге сыр шертер өлеңім.
Тірліктен тынымсыз шаршадым,
Тынысым дем берер деп едім.

Шоқтанып қиялдың ұшқыны,
Таң ерген түніме тағы да.
Жүдеген жүректің ұсқыны,
Бағынар өмірдің заңына.

Кешегім, бүгінім, ертеңім,
Ұсынар сан түрлі сынағын.
Сонда да айтылар ертегім,
Сонда да жыр менің сыңарым.

Балалық бұлқынған жүректе,
Көрсемде сезімнің әлегін.
Жүрегім жылама, дір етпе,
Өлеңнен табармын бір емін.

***
Қиянды қиялдап қисынсыз,
Шексiздiк шерменде сыйлаған,
Өмірді өксiтiп мен сенсiз,
Жаныма бітпес мұң жинағам.

Көзiмнiң ұшына iлiнiп,
Шуақтың шырағы сөнгелi,
Көңiлiм күн сайын құбылып
«Сенсiздiк» зарына көнбедi.

Кұшағын қарбалас қармаған
Дүние дүрбелең дамылсыз
Мен ендi тiрлiкке алданам
Жүректе шоқ сөнген жалынсыз.

Өткенiм өзіме аян боп
Келешек түссізге боялған
Паналар ендiгi саям жоқ
Көленкем күн жаққа жоғалған.

Армандар алыстап санадан
Шалғайлап бақыттың бағынан
Аңсарым ауып кеп арадан
Мен сенi бәрiбiр сағынам.

Таңдарым тұманды жиi атар
Елес боп сәрiде кеткенiн
Жүректi өксіген жұбатар
Жыр жазып қалдырған дәптерiң…

***
Арманды айшықтап ғажаптардан
Кұтылғандай күй кештім азаптардан
Калған омір қуаныш сыйламаса
Өткен күннен шұғыла аз ақ қалған

Қаперіме кірмей өмір өлшемі
Өр кеудеге іліп қойғам еңсені
Қапаланып қауқарсыздық танытам
Көңілімнің көмусіз қап мұң шері

Ертегіге елігендей сана бір
Қиялымда қамалуда шала нұр
Тұрақтылық таппай тұтас әлемнен
Көңілімде көсілуде дала, гүл

Кiрiптармын бүгiн тағы күлкiме,
Майдандасып әлегiмен әлiмнiн,
Жұбатқанша жұбандырар жыр тiле,
Бар жiгерiн жиятұғын жанымның…

***

Артса да құштарлығым,
Оралмас құстар бүгін.
Кетсе де қайтып келер,
Мен дағы құс жандымын.

Іңкәрлік ізі суып,
Мен сені ұмытқанмын.
Өртенер сезімдерді
Сөндіріп суытқанмын.

Таң сәрі тұнығына
Тұншығып қала берем
Таң балап кызығына
Шық тұнып барады өлен

Қиялдын қанаттарын
Тым ерте сермеп едім
Тынымсыз тағаттарым — Өлеңмен өрген едім

Сол қиял қайта келіп,
Бауырға тап бергелі
Шарпыған алауға еніп
Тәнімді өрт тербеді.

Көкейге күрмелген бір,
Күрсінткен осы қайғым.
Жанардан жас төккен жыр,
Мен енді оралмаймын……

***

Қара түн

Қаламының ұшынан қап талайдың,
Қап-қара түн бүгін тағы қарайдың.
Төңіректі тұмшаладың тағы да,
Сәулесіне сіңіп алып ақ айдың.

Қоңыр әуен, ауадағы қоңыр үн,
Саябырлап тыншып жатыр көңілім.
Қап қара түн құшағында маздады,
Көз ұшында ирелеңдеп өмірім.

Қап-қара түн хабарсызсың сен мүлде,
Қарбаластан ай ауғанда жанданар.
Тыныштыққа оранып ап мүлгі де,
Атар таңға алданбағын назданар.

Зарығуда болады екен жарықтан,
Күйбелеңнен ондағы бар жалыққам.
Қап-қара түн түндігіңді түре тұр,
Мен сендегі тыныштықтан тарыққам.

Өзегіңнен түртпесінде тіршілік,
Дүлей дауыл маза шырқын бұзбаған.
Ай жұлдызға жарық силар құлшынып,
Тыныштықты қарбаластан қызғанам.

Қап-қара түн сені ессіз сүйемін,
Тыныштықты тарту еткен үшінде.
Саған, маған жалғыз ғана ие-мұң,
Түн тербеген ай мен жұлдыз пішінде.

***

Әуен

Әуен…
Әсерлі әрі әдемі,
Болғансың сенде, бір пенденің әлегі.
Ырғағың баурап кеудеге жылу шарпыған,
Әсемдіктің тірлікте бар дәлелі.

Толқындардай сыңсыған теніз самалы,
Әдемі әуен жанымды баурап алады.
Шабыт боп шала, түртілген нота қағазда,
Заманға сарын естелік боп қалады.

Күмілжі көңіл қалауын тыңдап жүректің,
Санасын билеп, баурайды жанын бір екпін.
Замандардың заңғары боп ұлы әуен,
Жаршысына айналады түнектің.

Мың пенденің кеудесіне жол ашып,
Талай түннің тұманымен санасып.
Адамзатқа рухани күш сыйлайды,
Ғасырлардан ғасырларға ұласып.

Қаламынан қаша беріп мұң-сарын,
Ілінбеген қарашыққа көздегі.
Айта беріп қара түнге мың шағым,
Өріледі шексіз нота іздері.

Көкірегін тұмшалаған тұмандай,
Елітетін ағымына самалдың.
Бір жол жазса заманға қайта туардай,
Қалауына үңілдім деп адамның.

Сұлу сарын,
Шексіз сағым сыңары.
Шерлі мұңға шіреніп бас сұғады.
Санамызды билеп алып мәңгілік,
Жан ұқпаған сырымызды ұғады.

12 пікір

Manas
АВТОР ӨЗІҢІЗ БЕ)
araily15
ия озім
Manas
онда мәләдәс)ұнады)
araily15
ұнаса жақсы! жүрекпен оқысаңыз болды да!
pana
Еңсеңді ермін деп көтеріп,
Көктемге күлімдеп енші енді.
Жылаудың бәрі де бекер ұқ,
Өмірден алып ал еншіңді.
ұнады!
araily15
не айткыныз келеди тусынбедым? акшанын кандай катысы бар?????
araily15
катырдыныз ендеше
Zhanat
ақша үшін өлең жазатындар бұлай жаза алмайды ғой.
araily15
акшасы курысын! Журегымде ПОЭЗИЯ!
pari
Жәрәйсің! Өлеңді жақсы жазады екенсің! маған ұнады
Manas
surak-zhauap.kz/chat-мында жаман өлеңдер болып атыр
pari
ондай бет табылмады:)
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.