Жайлаубай Қазиев-Өлеңім өнерім

Поэзия, менімен егіз бе едің?! /
Қоздатып ойды тереңнен,
Ағытып сөзді көгеннен.
Өнермен бірге аттанып,
Арманды іздеп келем мен.

Алаулап сезім көгімде,
Мөлдіреп тұнған көңілде.
Жүрекпен қызу қаныммен,
Ынтықпын ізгі өмірге.

Өріліп өлең шумағы,
Кеудемде шабыт туады.
Өлеңнің сәуір шапағы
Жанымды менің нұрлады.

Самғай бер, самға өренім,
Өлеңім қымбат өнерім.
Сен жүзген мұхит кеменің,
Ескегін есіп келемін.

Тербеліп жаным өлеңмен,
Нұрларын күннің өбем мен.
Бұлбұлым сайра ғарышқа!
Еңбегім сонда еленген.

Өнерсіз болсам не етермін,
Тексіз босқа өтер күн.
Шалқып келіп шабытым,
Дүниеге симай кетемін.

Сезімді ойға берілем,
Адалдық сырмен көрінем.
Соға түс жүрек толассыз,
Тіл қатам жырдың елінен.

Бұлағын жырдың бастадым,
Шығам деп биік асқарым.
Теңіздей тасып телегей,
Шабыттың жалын ұстадым.

Ер тұрман салып көрейін,
Өзіңе тұлпар өлеңім.
Ұстаусыз асау болсаң да,
Қайратым барда сенемін.

Өмірді жырлап өлеңмен,
Сыр берем әрбір кезеңнен.
Жақсы да жаман кезігер,
Пенде ғой адам дегенмен.

1 пікір

Kan
Осы кісінің өлеңдерінің қазақылығымен маңызды.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.