Боксер жігіт...

Поэзия, менімен егіз бе едің?! /
Боксер жігіт…
Кеудеңізде лаулайды-ақ дәмелі үміт.
Сіз – қаттылық, мен – жұмсақ кереғармыз,
(Тағдыр да еріккен-ау),
Екі әлемді тоғытып бір сезімге,
Осыны айтсам қаласыз үнсіз күліп.

Сөзге ғашық жанымнан бейхабарсыз,
Сіз де сүйген кәсіптен ұғарым аз.
Түсіміз де – сіз ақсыз, мен қара қыз,
Сізде қолғап, менікі қалам-қағаз.

Қолға алып кітап тіпті оқымайсыз,
Жаттығу дегендерді жасамаймын.
Түндерде шабыт қысып отырмайсыз.
Салмақ емес өлең боп баса қайғым.

Жырымнан жасап алам сырлап мүсін,
Білекті сөздерімді қайдан ұқсын.
Шабытым үшін сізді бағаласам,
Рингтей- деп күлесіз – қымбаттымсың!

Сіз секілді ел көріп, жер бармаппын,
Мен сияқты қайыңға сыр айтпайсыз.
Ақ жауынмен шайылса қылтанақ мұң,
Жаңбыр асты қалғанды жаратпайсыз.

Тақырып та, біз айтар сөз де бөлек,
Қандай тілде, білмеймін, ұғысамыз.
Қымбаттыңа ендігі балай берші,
Ханзада етуге «біз» тырысамыз…
20/06/2012ж

2 пікір

Jako
Мүдделер кереғарлығы.
Kan
Тақырыбымен, мағнасын керемет таңдағансыз. тек жеткізе алмағансыз. өлең ауыр оқылады. бірақ үнады өз басыма
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.