Мұқағали ақынға тағы бір тағзым, немесе ақын жанына үңілу

Мұқағали ақынға тағы бір тағзым!

Өлең құдіреті!!! Оны сезінбеске амал жоқ, бір ақынның өлеңін оқисың да оның ар жағында бір ғаламат бір сезім бар екенін біліп тұрып, өлеңнің түпкі мағынасын түк-түсінбейтін кездерің болады екен. Достар, бауырлар мен бүгін тап сондай жағдайға тап болып отырмын. Сіздермен бөліссем айып етпейсіздер ғой деп ойлаймын, тіпті кімге айтарымды білмей отырмын… Мұқағалидың мына өлеңін талай рет оқыдым, әдемі жазылған, тамаша өлең екен деп ойлаймын да кете берем ғой, байқасам бұл ақынның жан жарасымен, тіпті қасық қанымен жазылған өлең екен:
Үнсіздік
Бәрі де үнсіз.
Үнсіз аспан, үнсіз жер,
Үнсіз орман, үнсіз таулар, үнсіз көл.
Мен де үнсізбін, дәрменім жоқ күрсінер.
Үнсіз кеуде…
Үнсіз жүрек дүрсілдер.
Бәрі де үнсіз…
Бәрінде бір сұрақ бар,
Үнсіз ауыл.
Үнсіз жанып тұр оттар.
Үнсіз зират ұйықтап үнсіз қыратта,
Үнсіз ағып бара жатыр бұлақтар.
Неге үнсіз?!
He көрінген бұл маңға?
Үнсіз күзде үнсіз тірлік тынған ба?
… Бір машина үнсіз аңыз үстімен,
Үнсіз заулап бара жатыр қырманға…

Бар-жоғы 17 жол-ақ… осы өлеңнен не түсіндіңіз? Бұл неғылған үнсіздік? Аспан неге күркіремейді, Жер ана неғып ыңырсынбайды, Таулар күңіреніп, көлдер неғып толқымайды, шынменен бұл маңайға не көрінген…
Бұл өлеңді мүмкін түсінбей өтер ме едім, егер кешегі желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасы болмаса, егер Парламент сайлауы әділ өтсе, әрқайсымыздың берген дауысымыз, шырылдап айтқан жан айқайымыз діттеген жеріне жетіп, қорытынды шығып жатырса немесе кешегі ақпанда қазақ интернетіне балта шабылмаса… ия мүмкін түсінбес едім.
Айқайлағым келеді, дауысым шықпайды… айқайламақ түгілі КҮРСІНУГЕ ДӘРМЕН ЖОҚ, жылағым келеді жасым шықпайды… ҮНСІЗ ЖҮРЕК ДҮРСІЛДЕЙДІ ДЕ ҚОЯДЫ. Мына жолдар өз заманының, қоғамының бар қайғы-қасіретін арқалап, «ақылдың азабын» кешіп өткен ақынның түңілгені: «ҮНСІЗ ЗИРАТ ҰЙЫҚТАП ҮНСІЗ ҚЫРАТТА, ҮНСІЗ АҒЫП БАРА ЖАТЫР БҰЛАҚТАР» (әділетсіздіктің барлығын көріп отырып айта алмау – ақын үшін азаптың ең қиыны болар)…

Мүмкін ақын жанын аздап болса да түсіну деген осы болар, Мұқағали қазірден де жаман, басыбайлы заманда өткен ғой, Қазақстанның бар байлығы Мәскеуге кетіп, тың игеру науқаны дәуірлеп тұрған заман ғой:
«HE КӨРІНГЕН БҰЛ МАҢҒА?
ҮНСІЗ КҮЗДЕ ҮНСІЗ ТІРЛІК ТЫНҒАН БА?
… БІР МАШИНА ҮНСІЗ АҢЫЗ ҮСТІМЕН,
ҮНСІЗ ЗАУЛАП БАРА ЖАТЫР ҚЫРМАНҒА...»
Қазір мүмкін айтармыз: «Үнсіз зулап бара жатыр мұнайға», — деп… Мәскеуге болмаса да басқа жаққа кетіп жатыр ғой…

P.S. Кешірерсіздер, кейде маған осындай оңбаған ойлар келіп қалады. Қазір шүкір тәуелсіз елміз ғой, Егемендіктің 20 жылын тойладық. Елімізге тыныштық бергей… бәрі жақсы ғой бізде…

7 пікір

Korkem
Міне, тағы да үнсіздік!!! Ғажапсыз!!!
Adilgerey
Үнсіздік… Айтарға сөзім жок!!! Керемет жазыпсыз
Baha_07
Ой тереңіне салып жібердіңіз кәдімгі… сіздің айтып отырғаныңыз дұрыс, тамаша өлең!
rauan
Керемеееет… Айтарға сөзім жоқ
VVVWWW
Рахмет бәріңе! Жәй бір үзік ойлар ғой…
Auyldan
Мұқағали заманындағы үнсіздікті түсінуге болатын шығар, ол кез қатып қалған социализм, коммунизм, моральдық кодекс т.с.с. Қазіргі кездегі үнсіздікті қалай түсінеміз?! 20 жылдан бері өткен сайлаулар бәрі өтірік, экономикамыз қарыштап дамып жатыр деп алдаймыз, мұнай сатудан түскен ақшамыз құпия, демократиямыз қағаз жүзінде, бас көтергендерді қамап жатырмыз, ауыл халқы босып кетті, айта берсек — жетеді ғой. Осының бәрін көріп-біліп отырған зиялы қауым, азаматтық өз ойы бар адамдар неге үнсіздікке салынады екен?!
Madiash
сіз түсіндіріп жазбағаныңызда мен де түсенбес пе ем… мүмкін мен әлі сіз сезінгенді сезіне алмай жүрген болармын.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.