Шамшырақ

Әр адам өз ғұмырының кейбір шақтарында дана Абай айтқандай белгілі бір дүниеге есеп беретін кездері болады. Жүрегімнің түкпіріне ұмтылып, осынау биікке қол жеткізуіме, жетістіктерге ие болуыма септігін тигізеген, сол үшін аянбай еңбектенген өз ұстазыма деген ризашылығымды білдіргім келеді. Бабымен келген жүйрігінің бағын байламай, білім мен өнердің бәйгесіне тұлпарын баптаған менің ұстазымның ұлағаты өлшеусіз. Бүгінгі ұстамдылығым – ұстазымның арқасы. Таңдаған жолымның мәресіне жетпесем де, межелеген орнымды байқап, бағыт сілтеген бағдаршамнан адаспағанымды сеземін. Тек қана мен емес, көзі ашылған қаншама қызылқоғалық мөлдір бұлақтар, бүгінгі қалам тербеуіме себепші болған жайдары жанға қарыздар десеңші...
Қарабау – қақпақты қара қазан атанған Тайсойғанның кіндігі, бөлінбес бөлшегі.
Өткен күн… белес… өткелдер,
Өмір-ай, зулап өттің-ау.
Қызғалдақ терген көк белдер,
Қуарып күнге кеттің-ау.
… Төсіңде кетпес дақ бар-ау,
Шулаған тірлік, шулы әндер,
Төріңді сенің таптады-ау,
Тарпаңдар талай туған жер, — деп тайсойғандық ақын Қалыбек Құлмағамбетов жырлағандай, Қарабау талай тарланбоздардың табан ізі қалған киелі топырақ. Осы қасиетті мекенде өскен дарынды да, білімді ұлдардың бірі – Қарабау орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мақсот Саркенжиев.
Мақсот Саркенжиев өзі қызмет атқаратын мектепте «Ақ берен» жас ақындар үйірмесін ашып, талантты жастарға тәлімін берді. Ақындар мектебі 2006 жылы желтоқсан айынан бастап өз жұмысын атқарып келеді. Қызылқоға ауданында, жалпы облыс көлеміндегі ең іргелі саналған осы «Ақ береннің» басты ерекшелігі жазба ақындар мен айтыскер ақындарды өз ретінде бөлек, шайырлықтың шыңына өрлеуге тәрбиеледі. Жазба ақындар тек қана өлең шығаруды үйреніп қоймай, ұйқас үйлесімділгі, сонымен бірге шешендік өнерді де қоса меңгерді. Суырып салмалықты жаны сүйген оқушыларға алдымен даусына тән мақамды тауып берудің өзі үлкен еңбекті қажет ететіндей. Осының бәрін шәкірттерінің санасына ұялатуда тер төккен Мақсот Саркенжиевтің атқарған еңбегі өлшеусіз. Жалпы, «Ақ берен» сөзі ежелгі ауыз әдебиеттерін ақтарып отырсақ асыл болаттан жасалынған мылтықты сипаттайды. Мылтықтың оқпандары жарылмас үшін кезінде асыл болаттан соғылатын болған. Міне, тәрбиелеген оқушыларының — тағдырдың болсын, мейлі шығармашылықтың болсын сынағында сүрінбей, ақбереннің оғындай көздеген нысанасына айтар ойы дөп тисін деген ниетпен қойылған.
Сегіз қырлы бір сырлы Мақсот Саркенжиев тек қана мұғалім емес, жан жақты өнер иесі. Алғашқы еңбек жолын киномеханик болып бастаған ол, асабалық, домбырашылық, айтыскерлік, саазгерлікті шебер меңгеріп, осы өнер жолдарын қатар алып жүрді. Кейде, айтыс мектебінде жүргенімізде домбыраның қағысын түсінбей, мақамға ілесе алмаған сәттер де, қиынсынатынымыз бар тұғын. Сондай шақтарда ағай өзінің домбыра, баян, мандалин, гитара, тіпті заманауи эстрадалық аспаптардың еркін меңгергендігін тілге тиек етіп, біздің жалқалуыққа жол бермеуімізге, әлі де үйренеріміздің алда екендігін ескертіп отыратын. Үнемі жігерлену, жалындау, қайралу… Мұның барлығы біздің өнерлі шағын ұжымның ішінде болып жататын процестер.
Жалпы, Мақсот ағайымның шығармашылық жолын ақтарып отырсақ, алғашқы өнерге деген бастама жазба жырлардан басталғандай. Аудан, облыс көлемінде өткен жыр мүшайраларының талайғы мәрте жеңімпазы атанған. Махамбеттей өр ақынның ұстанымын, өлең шығару формасын бізге үлгі етуден еш жалыққан емес. Өзімнің бағамдауымша ер Махамбет — менің ағайымның саналы көкжиегіндегі ерекше образ.
«Қапы да кеттің, кеудеңде кетті мол арман,
Аманат болып ұрпаққа жетті жырларың.
Қос ғасыр өтті өзіңнен бастау, жол алған,
Жырыңды жаттап келеді өсіп ұлдарың», — деп, батырдың рухына тағзым айтып, артынан өршіл ұрпағының өсіп келетіндігін жырлайды, шумақтарында.
2004 жылы киелі Қызылқоға ауданының құрылғанына 60 жылдық мерейлі тойы дүркіреп өткізілген болатын. Атаулы ауданның топырағында аунап өскен арда ұлдардың басы қосылып, бір марқайып қалған кезі еді. Әсіресе, ақындар… Олардың жаны осындай мәдени-рухани шараларға құштар емес пе?! Міне, осы аталған торқалы тойда Мақсот Саркенжиев:
«Ойласам түк емес қой теңелуде,
Бақ жанса абыройға бөленуде.
Туған жер сен алпысқа толған кезде,
Келіппін ердің жасы мен елуге.
Болған соң туған өлкем, ағалығың,
Өзіңде қалды еркелік, балалығым,
Жұрт мені «ұстаз, ақын, әнші» — дейді,
Туған жер мен сенімен бағалымын», — деп жырлап, өзінің жарты ғасыр көшіне енсе де, киелі өңірдің ерке ақыны екендігін тырнақшаға алып өтеді.
Өнер адамының жаны әсемдікке, сұлуллыққа, әдемілікке, саф тазалыққа құштар болып келеді емес пе?! Кейде қайсарлық пен асқақ мінездерімен және де аса өктем тәкаппар, өршілдіктерімен дараланып жатады. Олар сүйенетін музаны тек қана көңілдің ауанымен өлшеуге әсте болмас. Сап-сары жапырақтарымен дараланатын – күз мезгілі ақын жанына ерекше әсер беретіні анық.
«Жалғыз үй. Ақ жауын. Атырап…
Ақ тұман табандап жатып-ап.
«Аһ, ұрып» түсуде қалтырап,
Жер құшып, жаншылып жапырақ». Төрт жолдан құралған осы бір шумақ, байқасаңыздар өзінше күздік галерияны, ерекше картинаны алдыңа ой ауанымен суреттейді. Бұл да ақынның лирикаға бір табан жақын екендігін меңзеп тұрғандай.
Кәдірбай Жолаев, Құлынтай Дәулетов, Шынарбек Қабиев, Салауат Исақаев.Бұл тізімде әнші, жыршы-термеші, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиевте бар. Айтыстың аламанында осы мықтылармен сөз қағыстырып, үнемі алдыңғы лектен көріну Мақсот Саркенжиевтің алғырлығы мен табандылығын айқындайды. Өткен ғасрыдың 80 жылдарында айтыскерлік қырынан танылып, ауданның бетке ұстар азаматтарының біріне айналды.
Ұстаздың мерейі – шәкіртінің жеңісі. Ерболат Қарақойшиев аудандық, облыстық, респубилкалық додалардан көрініп жүрген, Мақсот Саркенжиевтің, тіптен қала берді күллі қызылқоғаның бәйгеге қосқан баптаулы тұлпары. Респубилкалық телебағдарлама «Жастар жырлайдыдан» жарық етіп көрінді, өз кезегінде. Әзірге үкілеген үмітті үзбей келеді, дарабозымыз. Біздің оған тілеріміз, тек биіктік. Айтыстың аламанында шабытың шау тартпасын!
«Кездеспей кеткен бір бейне». «Аңсау». «Туған жер туралы толғау». Бұл сазгерлік қырынан халыққа танылған ақынның өз тыңдармандарына ұсынған әндері. Қарабаудың халқы ерке ұлының сазды әндерін өткізген кештерінде, туған күн, думандарында айтудан еш жалықпайтын...
Бүгінде елу жасты еңсеріп, алпысқа таяп қалған ағайым жиі-жиі сырқаттанып жүр. Жанға жабысқан кеселді дерттің өз шипасы табылар, иншаллах! Дегенмен, мен танитын, біз білетін Мақсоттай ағайымызға дос-жаран тілеген ақ тілек, ағайын білдірген ризашылық, шәкірттер ақтарған шынайы лебіздер жанына дәру болатына сенімдімін. Қашанда аман болып, көрінген ұрпағыңыз бен тәлім арнаған шәкірттер мерейіңізді тасытып, көңіліңізге нұр сепсін!

Шарболаттай көрігіне жырдың шыңдаған,
Шумақты ойлар арнасын әсте бұрмаған.
Сазыңа бөліп, өлеңге дәйім қосатын,
Көңілдік сендей сарғайып жатыр құм далам.

Мақтанады: «ұлым бар»-деп, ел сендей,
Артқа тастап талай жасты еңсергей.
Кесек сөзің ағылатын көмейден,
Махамбеттер сермелеген семсердей.

Шәкірттерден талай лебіз жолданар,
Жаратқаным саулығыңды оңғарар.
Қарабаудың құмындағы білетін — Өзің болдың алтынымыз қолда бар.

Бірде нөсер, бірде жауған тамшылап,
Өлең-жырдың найзасымен шаншылап.
Адасқанда бір өзіңсің бағдарым,
Елеусіз де жанып тұрған ШАМШЫРАҚ.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.