Абай Қалшабектің өлеңдері

Абай Батырұлы Қалшабек 1980 жылы 1 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Рабат аулында дүниеге келген. 2003 жылы «Қайнар» университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп шықты.
2001 жылы қараша айында өткен Республикалық жас ақын-жазушылардың кеңесіне қатысты. Өлеңдері облыстық «Оңтүстік Қазақстан», «Шымкент келбеті», республикалық «Жас қазақ», «Жас алаш» газеттерінде, сондай-ақ «Аңсар», «Шапағат нұры», «Мұсылман», «Жалын», «Жұлдыз» журналдарында бірнеше рет жарық көрді.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің 2004 жылғы жас дарындарға арналған стипендиясының иегері.
Діни-хикметтік проза жазумен, орыс-батыс классиктерін аударумен айналысады. Қазіргі таңда Л.Н. Толстойдың «Тәубе» («Исповедь») атты шығармасын, сондай-ақ «Адамға көп жер керек пе?!» («Много ли земли нужно человеку?!») атты әңгімесін аударып шықты.
Сондай-ақ В.Гюгоның «Имансыз адам » атты әңгімесін қазақ тіліне аударды. М.Ю. Лермонтов өлеңдері бойынша жасаған аудармасы «Жас алаш» газетінде жарияланып, бірқатар сыншылар тарапынан жоғары бағаланды.
Негізгі шығармашылық арнасы – поэзия.
Қазақ әдебиетінде үлгі тұтып, қадірлейтін тұлғалары Абай, Махамбет, Мұқағали, орыс әдебиетінен –Л.Н.Толстой, М.Ю.Лермонтов, батыс әдебиетінен –И.В.Гете.
Өлеңді 13 жасынан бастап жаза бастады. Орыс, түрік тілдерін меңгерген.
Қазіргі кезде Шымкент қаласында мектепте ұстаздық қызметте жүр.

Өлеңдері:
Түнгі жол
(Лермонтовтан)
Шықтым мен түнде жолға жалғыз өзім,
Тұман бүрккен жылтырақ көрінді жол.
Жазық жер айтып Хаққа соңғы сөзін,
Жұлдызға қол бұлғайды: «Хош, есен бол!»

Аспаннан көрдім ғажап салтанатты,
Көгілдір нұрға бөгіп мүлгиді жер.
Ауырдым да қиналдым сондай қатты,
Күтем бе? Тілеймін бе? Білмеймін мен.

Енді ештеңе күтпеймін мен өмірден,
Өткеніме өкініш білдірмеймін.
Іздедім еркіндікті шын көңілмен,
Ұмытылсам, енді тек өлсем деймін.

Бірақ көрдің емес ол ұйқысы анық,
Былай мәңгі ұйықтауды қалар ем мен:
Кеудемде өмір күші мият тауып,
Дем алып, рахаттанса тыныш кеудем.

Күн-түні дамыл таппай үнім нәзік,
Махаббатқа елітіп сыңғырласа.
Кеудеме ақ, ақиқат сырын жазып жазып,
Ақ қайың басын иіп, сыбырласа.
Аударған: Абай Қалшабек
*****

ЖАЛҒЫЗДЫҚ
(ЛЕРМОНТОВТАН)
Өмірдің сұмдық расында
Жалғыз өткізген сәттері.
Қуансаң бәрі қасыңда,
Қайғырсаң досың жоқ тегі.

Жалқымын мұнда мен зарлы,
Қайғы, мұң қысқан жанымды.
Тағдырға мойын ұсынған
Өткен күн бейне сағым-ды.

Келеді қайтып сол жылдар
Алтындай ескі арманмен.
Қазулы көрім алдымда
Не табам жерде қалғанмен.

Ол үшін ешкім құлазып,
Жыламас кәміл сенімім.
Туылғанымнан да әрі асып,
Қуантар менің өлімім.
Аударған: Абай Қалшабек
*****

Болашаққа қорқынышпен қараймын
(Лермонтовтан)
Болашаққа қорқынышпен қараймын,
Өткен күнім қайғы-мұңға малынған.
Өзімді-өзім қарақшыға балаймын,
Мойынына дар тұзағы салынған,
(Жаны ашитын бір жан іздеп тарынған.)

Жан- тәнімен берілудің мысалын,
Ұқтыратын жан бар ма екен қасымда?!
Өтіп кеткен өміріме құсамын,
Үмітімді өшіргесін жасымда.

Мен фәниге бердім қиып барлығын,
Зұлымдықты, ізгілік пен мейірдің,
Енді өткеннің жиып барлық зар-мұңын,
Жаңа өмірді бастауға шын бейілмін.

Мен бейне бір таусылған жан амалы,
Арасында қалып қойып сағымның.
Құтылатын келер ме екен хабары?!
Суық ұрған миуадай жанымның
Аударған: Абай Қалшабек
*****

ҮН
(Лермонтовтан)
Бұл қандай үн? Қимылсыз
Тостым құлақ тәтті үнге.
Мәңгілікті, өзімді-өзім
Ұмыттым да еліттім мен.

Жаратушым!
Бұл неткен үн түс пе, өң бе?
Жүрек ынтызар.
Жолаушыдай елсіз шөлде
Суға болған зар.

Тәтті елесін өткенімнің,
Оятты олар жанымда.
Ақ көйлегін дертті өмірдің
кигізбекші, бірақ өмір жоқ қой маңымда.

Осы үндер маған қымбат
Сұлу күйге енді.
Қоштасудың зарын тыңдап,
Жаным күйді енді.

Өткен күйге жиі енемін,
Уын сезіне.
Тағы ойша сүйенемін
Жұрттың сөзіне.
Аударған: Абай Қалшабек

*****
Айдың жарық нұрымен қою нұрланып,
Көк төсінде ағады бұлт ырғалып.
Қара ала көк аспанның аруы ақ Ай
Қара бұлт артынан қарайды ұрланып.

Көк төсінде барады алтын Күн ағып,
Алтын шуақ тарайды әлем нұрланып.
Балқып тәндер нұрымен жылиды жанжар,
Сәуле берген разы боп алтын Қүнге алып.

Көкжиек қас қарая күнді еңсереді,
Қараңғыға малынған жер теңселеді.
Көк аспанның төсінде үркер дірілдеп,
Жылт-жылт етіп сыланып ол белсенеді.

Дүние-ай мына әлем неткен сұлу ед.
Сұлулығы кез-келген жерден көрінед.
Бұл әлемді жаратқан Кім деп ойласам,
Ыстық жасым тамшылап жерге төгілед.
*****

Мені де жаратты бір Алла
Сені де жаратты бір Алла.
Ойымнан шығарған сөз емес,
Осылай жазылған Құранда.

Жарықты беретін бір Алла
Жүректі көретін бір Алла
Ойымнан шығарған сөз емес,
Осылай жазылған Құранда.

Адамды жаратқан бір Алла
Ғаламды жаратқан бір Алла.
Ойымнан шығарған сөз емес,
Осылай жазылған Құранда.

Тәнге жан салатын бір Алла,
Жаныңды алатын бір Алла.
Ойымнан шығарған сөз емес,
Осылай жазылған Құранда.

Жаныңды алатын бір Алла,
Сұрауды салатын бір Алла.
Ойымнан шығарған сөз емес,
Осылай жазылған Құранда.

Жәннатқа бастайтын бір Алла,
Тозаққа тастайтын бір Алла.
Сөзіме күмәнің болса егер,
Үңіліп қарашы Құранға.

Мені де жаратты бір Алла
Сені де жаратты бір Алла.
Ойымнан шығарған сөз емес,
Осылай жазылған Құранда.
*****
Әлем дұға оқиды

Хақ сәулесі төгіліп,
Аспаннан жарық сорғалар.
Түн көбесі сөгіліп,
Төбемде күн домалар.

Күн батар да, қайтадан,
Түн қаусырар әлемді.
Бар әлемді шайқаған,
Еске аламын Егемді.

Түн қабағы қатқанда,
Жұлдыз өрнек тоқиды.
Бар адамзат жатқанда,
Әлем дұға оқиды.

Үркер көктің жүрегі
Сияқтанып дірілдейд.
Бәрінің Хақ тілегі
Адамзатқа ол білінбейд.

Ай домалап барады,
Бетінде екі-үш дағы бар.
Екі-үш жұлдыз ағады,
Шығар-шықпас жаны бар.
*****

Өрнекті гүлзар аспанда,
Көрдім мен жұлдыз, Ай, Күнді,
Жүректі мұң, зар басқанда,
Кімге айтамын қайғымды.

Бір сызықтың бойына
Тізілген неткен сұлулық.
Жандүнием түсіп ойыма
Сөнді лезде ұлы үміт.

Жер бетінде шын бақ жоқ,
Бақидан таптым мағына.
Фәниде мәңгі тұрмақ жоқ,
Ұшқалы тұрған жаныма.
*****

Жаурадым жарық күн ішінде

Білмеймін кінәлап кімді,
Келеді кімге наз артқым.
Дей алман жүрегімді,
Күнәдан мүлде тазарттым.

Отымды ойымдағы өшкен,
Жүректе маздатып жақсам.
Алқынып арманмен тілдескен,
Қиялға қырындап бақсам.

Сонда мен ұмытып бәрін,
Түкірсем мына жалғанға.
Заманның жырламай зарын,
Жыласам жалғыз қалғанда.

Жаным-ай жарасы ашылған,
Жаурадым жарық күн ішінде.
Жүрекке зіл боп басылған,
Жырларым тулайды ішімде.
*****

Жараланып жатырмын жар басында
Жаратқан жалғыз Алла қолдасында
Таң келеді түнменен алмасуға
Түн келеді таңменен жалғасуға.

Арпалысып жатқанда дертімменен
Сыр қалмайды Аллаға шертілмеген.
Мейірімін ойласам Жаратқанның
Жас келеді көзіме мөлтілдеген.

Жараланып жатырмын жар басында
Сыйынсын жаны бар жан Алласына.
Тіріңде ізде Хақтың разылығын,
Кім кепіл ертең өліп қалмасыңа
Бәлкім менің өмірімнің ұсқыны,
Сай келмейді Жаратушы күшке ұлы.
Бірақ менің жүрегімнің ішінде
Сақтаулы тұр ақиқаттың ыстығы.

Менің кейпім ұқсамайды адамға,
Ұқсамайды және соқыр наданға.
Бірақ менің жүрегімнің ішінде,
Сақтаулы нұр жарық шашар ғаламға.

Қырағы бол шайтан салған сөзге ерме,
Адамдықты ту ғып ұста өзгерме.
Жалбарынғын Жаратушы Хаққа ұлы
Мидың ішін шайтан сөзі кезгенде.

Қырағы бол шайтан салған ойға ерме,
Надандыққа, жамандыққа бой берме.
Шынайылық, шынайы үміт жарығың,
Жаман ойды жарығыңмен жой демде.

Бірақ менің бар айтарым бұл емес,
Өмір деген- өтпелі сәт, ұлы егес.
Ақиқаттың шырмауына жармасқын,
Хақтан өзге ештеңе де шын емес.

Адалдықпен ақиқат һәм ар ұста,
Берілмегін жалған, соқыр намысқа.
Адамдықты қолдан келсе ұстап бақ,
Жамандықты шамаң келсе жанышта.

Қылығыңды құмарыңа құл қылма,
Онда жаным кетті дей құрдымға.
*****
Өрнекті аспан

Өрнекті гүлзар аспанда,
Көрдім мен жұлдыз, Ай, Күнді,
Жүректі мұң, зар басқанда,
Кімге айтамын қайғымды.

Бір сызықтың бойына
Тізілген неткен сұлулық.
Жандүнием түсіп ойыма
Сөнді лезде ұлы үміт.

Жер бетінде шын бақ жоқ,
Бақидан таптым мағына.
Фәниде мәңгі тұрмақ жоқ,
Ұшқалы тұрған жаныма.
*****
Қаусырымды

Қаусырымды, ұнымды,
Қалбағай сынды мұңымды.
Білтелеп сізге ұсынсам,
Ұғармысыз сырымды.

Саумала желдей есерге,
Сағыныш сазы кесел ме?
Ақ қайың шашты жапырағын
Мұң астына төсеуге.

Ақ қалқадай қайыңым,
Мұңымның түсін байыбын:
Махаббат менің айыбым,
Махаббат – менің уайымым.
*****
Дүние, сырың бар ма?

Дүние, мен ұқпаған сырың бар ма?
Айтатын сырың бар ма ұғынғанға.
Ақылым, жүрегім мен аласұрып,
Тиянақ таба алмай жүр шыбын жанға.

Өмірім барады өтіп арманменен,
Жанымды тонап жатыр жалған деген.
Жүректің қазынасы ортаймаса,
Өмірден көрерімді алдан көрем.

Өмірді көп ойладым, көп толғандым,
Жалыны да шарпиды отты арманның.
Иманымның жарығы сөнбесе екен,
Жүрегімнің дүрсілі тоқталған күн.

Бақыт іздеп, бақ іздеп тапқандаймын,
Арды былғап, арамға тапталмаймын.
Жүрегімді тербесе рахаттанам,
Тереңінде жанымның жатқан қайғым.

Ерте сөнбек үшін мен жанғаным жоқ,
Жарық шашсам маңыма арманым жоқ.
Жарық деген – атымның шыққаны емес,
Шын өмірдің үлгісі ол жалғаны жоқ.
*****

Шексіз жол жатыр алдымда,
Шектеліп өзім қалдым ба?
Шексіз бір ләззат татпақты
Жазған ба Хақ тағдырға?!
Өмірім баяу өтеді,
Ажалды таяу етеді.
Өлшеп бір берген өмірді,
Сүйіп те сүрсем нетеді.
Дариға-ай дәурен, мың бұрау,
Өтеді жылдар сырғыған.
Тәніме салмақ салғанда,
Сартап та болып тынды жан.
Әлемім менің шын көркем,
Қасыма дос қып кімді ертем.
Осылай сүрген өмірдің,
Түбінде рахат бір көрсем.
Өмірім баяу өтеді,
Өлімді таяу етеді.
Өткінші ғана өмірді
Шындықпен сүрсем нетеді?!
*****

Тәуелсіздік – Махамбеттің арманы,
Исатайдың қында кеткен қанжары.
Хан Кененің жортып өткен жолдары,
Сырым батыр айта алмаған жан зары.
Тәуелсіздік – Шолпан жұлдыз толқыған,
Сұлтанмахмұт көрмей кеткен таңдары.
Мұстафаның қол жетпеген әуесі,
Ахмет пен Міржақыптың мәуесі.
Мағжан ақын күңіренген құзар шың,
Жүсіпбектің қаламының сәуесі.
Тәуелсіздік – Махаңдардың арманы,
Қайраттардың көрмей өткен таңдары.
Мұқағали аңсап өткен бұл асыл –
Бабалардың кештеу жеткен мұрасы.
Тұрардың да шыға алмаған тұғыры,
Шәкәрімнің шорт үзілген ғұмыры.
Ұлы Абай да дәм татпаған бұл күннен,
Сом алтынның болса дағы сынығы.
Абай түгіл көрмеген ғой Құнекем,
Орта жүздің қайта тумас ұлығы.
Жүрегімен жыр арнаған бұл күнге
Қасымдайын қара өлеңнің тұнығы.
Момышұлы сыр арнаған бұл күнге,
Құрманғазы күй ғып қосқан күмбірге.
Асқарлар да арман болған бұл күнді,
Ел жанына қара сөзбен сіңдірді.
Тәуелсіздік – мен жырлаған осы жыр,
Кеудемдегі ұға білсең күмбірді.
Кетсе дағы келер күнге үн қатып,
Дінмұхаммед жете алмаған бұл бақыт.
*****

Дүние, мен ұқпаған сырың бар ма?
Айтатын сырың бар ма ұғынғанға.
Ақылым, жүрегім мен аласұрып,
Тиянақ таба алмай жүр шыбын жанға.

Өмірім барады өтіп арманменен,
Жанымды тонап жатыр жалған деген.
Жүректің қазынасы ортаймаса,
Өмірден көрерімді алдан көрем.

Өмірді көп ойладым, көп толғандым,
Жалыны да шарпиды отты арманның.
Иманымның жарығы сөнбесе екен,
Жүрегімнің дүрсілі тоқталған күн.

Бақыт іздеп, бақ іздеп тапқандаймын,
Арды былғап, арамға тапталмаймын.
Жүрегімді тербесе рахаттанам,
Тереңінде жанымның жатқан қайғым.

Ерте сөнбек үшін мен жанғаным жоқ,
Жарық шашсам маңыма арманым жоқ.
Жарық деген – атымның шыққаны емес,
Шын өмірдің үлгісі ол жалғаны жоқ.
*****

Сырым осы құбылған.

Суылдаған қоңыр құм,
Сыбырлаған қоңыр жел.
Сая таппай сандалған
Сабырсыз бір сорлы ер.
Сыңсу, сыңсу сыңсулар,
Сыңсуында мың сыр бар.
Сары уайым санамда,
Саялайды ол нені?
Сыбырлауық, жылауық сыр
Сыбырлайды. Өледі.
Сорлы күдік сызылып,
Сылаңдайды, жылайды,
Сау басына сақина
Сыбырымен сұрайды.
Солқылдаған көк шыбық
Солқылдайды солады.
Санадағы уайымды
Сыбырымен сорады.
Сайдың тасы домалап,
Сындырады, зырлайды.
Салдыр-салдыр даусымен,
Сайдың сырын ұрлаййды.
Сай жылайды, жылайды,
Сай сүйегі сырқырап.
Сайдың түбін қара тас
сүйемін деп ынтығад.
Самал ессе санама
Сыр сыйласа тұңғиық.
Сыр ұрлаған сорлылар
Сөйлер еді жымиып.
Мен- бүлінген бүлдіршін,
Солғын тартқан сұрша бұлт.
Сыбырлаған қоңыр жел,
Солқылдаған көк шыбық.
Солғын тартқан сұрша бұлт
Себелейді ақ жаңбыр.
Сіркіреген тамшыңмен,
Сорлыларды таңқалдыр.
Сая іздедім сабылып,
Зая кетті бар үміт.
Сүйенішім біл Аллаһ
Сені іздедім қамығып.
Субһаналлаһ, субһан,
Сырым осы құбылған.
Сандалмамен күн өтті-ау,
Субһаналлаһ, субһан.

Жазылған өлеңдердің авторы Абай Қалшабек

2 пікір

yesbolat83
Абай Қалшабек ағамыздың шығармаларын оқып отырып, иманжүзді жан екенін байқадым. Имандыдан шыққан сөз нұр іспеттес. Өзге де шығармаларын асыға күтеміз…
Albina97
керемет өлеңдері ұнады
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.