Абай Қалшабектің өлеңдері(жалғасы)

Мендегі үміт өзгеше

Жанарымнан от ұшты.
Көңіл мен нәпсі соғысты.
Мен тұрған жер от үсті,
Жүректен әсем тоты ұшты,
Тоты көлден от ішті.

Жанарыма қайрат бер,
Тотым көлден сайрап кел.

Күн көңілге із салды,
Мұң жүрекке мұз салды.

Әлем күлді мысқылмен
Ызғарлы леп ұшты үннен.
Санадағы сары уайым
Сергелдеңге түстім мен.

Құлағыма келді үнің,
Маған медет бер бүгін.
Көңіліммен шерлімін,
Жүрегіммен зерлімін.

Талайыма таң болман,
Мен бір жан ем паң болған.
Алыстағы сағымнан
Арманымды аңғарғам.

Қалауыңды айт арман,
Меселіңді қайтарман.
Сағым түсті сары уайым
Жалқындайын жайқалған.

Құшағыңды аш арман,
Қара жерден ас алған.
Жанарымда мөлдір жас
Қай мұңымды баса алған?!
Мендегі үміт өзгеше.
*****

Тамирисім — таңда ашылған ақ гүлім,
Мөлдіреген тамсандырар пәктігің.
Дүниенің бар қайғысын бүркейді,
Менің үшін сенің жалғыз шаттығың.

Асыл айым, бал қызығым, балғыным,
Адалдыққа толы болсын тағдырың.
Өміріңді басқа арнаға бұрмашы,
Әділет пен ар тұрғанда жарқыным.

Тамирисім – жан – жүрегім езілген.
Дөңгеленген айналдым нұр көзіңнен.
Дүниеге өзің келген күннен-ақ
Әкеліктің не екенін сезінгем.

Асыл айым, аппақ гүлім ардағым,
Ниетіңді жамандыққа салмағын.
Адалдық пен арамдықтың жолынан
Адамдықты таңдағын.

Еркелеген, «көке» деген алтыным,
Жүрегімді елжіретті бал тілің.
Ақиқатты менсінбейтін білмейтін
Адамдарға ере көрме жарқыным.

Гүлім менің үлбіреген балғыным,
Ақиқатқа толы болсын тағдырың.
*****

Күз

Сурет – күңгірт,
Әуен – жым-жырт.
Күз бен дала
Сәнсіз сұрғылт.
Сурет- сәнсіз,
Әуен — әнсіз.
Түссіз бояу,
Мұңсыз, мәнсіз.

Қыз да – арман,
Сезім жанған.
Әлсіз үміт
Нәр сыза алған.
Арман, арман,
Дүние жалған.
Бал бала шақ
Артта қалған.

Үмітті үзбе,
Күдікті үз де.
Жан, тәнді апар
Келер күзге.

Әлем-әуе.
Күн — дүр сәуе.
Жанға бір жан
Мыңнан мәуе.
Күлкі- жеңіл,
Сыңай- көңіл.
Сізді, бізді,
Сынайды өмір.

Алыс – арман,
Жақын- жалған.

Жым-жырт- күңгірт,
Шу да сұрғылт.
Күңгірт күнді,
Қара түн құрт.

Әуен баяу,
Қара жаяу.
Қараша. Күз.
Қысқа таяу.
*****

Жаныма менің мұң болып,
Қонғаны бар-ды жырымның.
Жүрекке ащы сыр толып,
Өзегі болды ғұмырымның.

Өксікке толы күндерім,
Өмірімнің отты парағы.
Білмеймін қандай күйдемін.
Күйдірді өмір алауы.

Шындықты іздеп шарқ ұрып,
Жыладым үнсіз егіліп,
Әлім келгенше талпынып,
Іздедім хақты желігіп.

Досыңмын сенің мен, үміт,
Айрылман сенен өлгенше.
Қара жерге көміліп,
Тәнім мұздап семгенше.
*****

Басыма қонған сұр бұлтсың,
Жабасың күнді жасырып.
Қасымда қазір сен жоқсың,
Аспаным қалды ашылып.

Көңлімді шарпып өрт алған,
Тамшы жоқ себер маңымда.
Кеудеме сыймай дерт алған,
Тулайды қаным тамырда.
*****
Сағындым

Сағындым жаным, сағындым сені сағындым,
Аллаға сені аман болса деп жалындым.
Өзгелік емес, өзімдік болса деп тілеп,
Көзіммен жасқа жүрекпен мұңға малындым.

Жыладым жаным сағынып сені жыладым,
Алладан сені мендік болса деп сұрадым.
Әлдебір күдік әлімді менің құртса да,
Өзіңсіз мүлде келмейді менің құлағым.

Аңсадым сені сағынып жаным аңсадым,
Басымда менің торлаған бұлттай қанша мұң.
Үміттер арай күндерге қарай шақырса,
Күдіктер жатыр сезімге сұғып саусағын.

Дегенмен жаным өзіңді сүйдім жүрекпен,
Өмір сүремін сен мендік деген тілекпен.
Сағынтсаң сағынт, әйтеуір бір күн алдыма,
Естіртші келіп жүрегің үнін дір еткен.
*****

Жүрегім ауырып жүргенде,
Жаным-ау сағындым өзіңді.
Түсіме нұр болып енгенде,
Ояттың ұйықтаған сезімді.

Айналып, толғанып, сағынып,
Аймалай алмадым өзіңді.
Еркектік намысқа бағынып,
Өшірдім бір кезде сезімді.

Ол күндер айналып келмейді,
Білемін, сеземін жүрекпен.
Өзіңді ұмытқым келмейді,
Аңсаймын шын асық тілекпен.

Бағым ба ең, білмеймін сорым ба ең?!
Құс болып биіктен көрінген.
Өзіңді ұмыту керекпін
Өйткені жолымыз бөлінген.

Оралмас күндерді аңсаудан,
Пайда жоқ сезеді жүрегім.
Сезімге түссем де қанша алуан,
Адамдық керегін білемін.

Өзіңді аңсадым, жарығым,
Жарқырап нұр шашқан еңселім.
Жүректің лаулатқан жалынын
*****
Күту сәттері

Күтумен өткен сәттерім,
Өкінішім, әттеңім.
Өртенген жүрек от болып,
Шоқ болып,
Жоқ болып кетсін деп пе едің?
Күтумен өтті сағаттар,
Таусылды төзім, тағат та.
Жүректен шыққан сезімді,
Жаһанға жайсам ағат па?
Күтумен өткен сәттер-ай,
Жолықтың неге әттең-ай,
Куә бол жанды өртеген
Мұңыма менің көктегі Ай.
Жолықтым екен өзіңе,
Жолықтым неге әттең-ай.
Куә бол күн де, жұлдыз да,
Ғашықпын жұмбақ бір қызға.
Тәнімді қарып барады-ай,
Жанымды қарып түнгі ызғар.
Сүйемін сені жүрекпен,
Жүрекпен сен деп дір еткен.
Сәттерім бірге сырғиды,
Өзің деп еткен тілекпен.
Жүрегің неткен тас еді,
Жанымның қайтты меселі.
Жүректің тілін үйірген
Сезімнің қайда әселі.
Жүрегің қандай темірден,
Мұңым бар жанды кемірген.
Ғашықтың бірі болмайын,
Өкініп өткен өмірден.
Сағынып өткен сәттер-ай,
Сағыныш неткен ащы ең-ай,
Сағыныш неткен тәтті ең-ай.
Куә бол жанды өртеген
Мұңыма менің көктегі Ай.
Күтумен өткен сәттерім,
Өкінішім, әттеңім.
Өртенген жүрек от болып,
Шоқ болып,
Жоқ болып кетсін деп пе едің?
*****

Қаламан жұрттың білгенін
Жанымның жұмбақ егесін.
Не сүйдім, нендей күйдемін,
Алла мен арым – төрешім.

Тек соған жүрек соған жүгінер,
Кешір деп сұрап айыбымды.
Жазасын, мейлі, сол берер,
Кім жаратса қайғымды.

Табасы жұрттың алқынған,
Жанымды әсте жылатпас.
Шуласын мейлі толқындар,
Тас жартасты құлатпас.

Сұлбасы жеткен аспанға,
Екі әлемнің ол тұрғыны.
Дауыл мен жайдан басқаға
Ұрлатпас қымбат шындығын.
*****

Қайтемін бұл іс жүректен,
Жүректе тұнған тілектен.
Бұрын да талай сезімді,
Егілтіп жанды жыр еткем.

Сағымдай өткен күндерім,
Өксікке толы мұң демім,
Өзіңді ойлап, аһ ұрып,
Ұйқысыз өтті түндерім.

Білмеймін сенің халіңді,
Білмеймін жұмбақ жаныңды.
Алыстап кеткен арман боп,
Өткен күн бейне сағым-ды.
*****

Сүйемін сені егіліп тұрып сүйемін,
Сүйемін сені отыңа нұрлы шарпылып тұрып күйемін.
Шарқ ұрып сосын жылаймын сені сұраймын сеніп Қуатына,
Жаратқан әрі сүйетін құлын махаббатына Ұлы Иенің.
Мына күй қандай тәтті еді балдай жанымның тілін қарыған,
Сүйемін сені жаныммен менің ғаламнан да асқақ мағынам.
Мына дірілдеп қалғыш жүрекпен сені балғыным қатты сағынам.
Жаныма жаққан арманым едің, ерке гүл,
Алыстап кеттің амалым жоқ қой сағынбай қайтем, көркемім.
Елесің мені елітіп жүр ғой, егілтіп,
Бір күні шынға айналар ма екенсің, есімді алған ертегім.
Жарығым менің, сағымым ба едің, біле алмай соны дерттемін,
Өзіңсіз маған жалғанда мына шынайы бақыт жоқ, күнім
*****

Томаға тұйықпын,
Мен өзі жүректің түбінен өртеніп шыққан күйікпін.
Талықсып барып, талмай қалған жайым бар,
Солай, мен сондаймын сүйіктім.

Сен менің асыл сәттерімнің куәсі,
Сен менің өртенген күндерімнің куәсі.
Жүрегіңмен жанымды түсін де жылашы,
Жүрегіңмен жанымды түсін де бәріне шыдашы.

Аяулым, сен менің айым ба едің,
Сен менің басымдағы уайым ба едің?
Мен мынау тасбауыр дүниенің тасбауыр перзентімін,
Болды осы, бары осы, дәл осы жайым менің.

Жанымның ішін жарып бір ызғарлы үн шықты,
Ызғарын шашып, ырқынан тасып ақыры тұншықты.
Дауылдың күші бар оның бойында,
Түсінбейсіңдер сендер жанымды дауылдай ауыр мұң сықты.

Тасып барады мұңым, тасып барады биік кемерінен асып,
Жүрегім менің тереңін жарып шыққан өнеріне ғашық.
Жанымның тереңінде алай-дүлей бір соғыс боп жатыр,
Жайқалар күні болады оның да желегін шашып.

Жайқалады ол әлі желегін шашады
Оқығандар жүрегінің желігін басады.
Өлеңім осы –Алланың сыйы, ұлы Алланың сыйы,
Болды енді тоқтайын көңілім босады.

Тарпаң бір мінез бар оның күшінде долы,
Жүрегінің ішінде өртеніп жүргендер түсінеді оны.
Асаулар ғана түсінеді оны, Алланың құлдары ғана түсінеді оны.
Әлемге дархан даладай бір сыйлық қой Алланың жолы.

Ақылдың нұрлы асын ішейік кел, досым, келші,
Сен менің өлеңімді оқып жүрегіме енші.
Жалындап барып, жалындап жанып, дамылдап та алам азырақ,
Өлген соң қайта жалындап жану немесе дамылдап бағу бар сен, досым, сенші.

Тасынып барып, талықсып қалам кейде мен,
Жүрегім жанбай еріннің сөзін сөйлемен.
Жалғанда мынау желігіп кетем кейде мен,
Жалғаннан мынау жерініп кетем кейде мен,
Жатырдан шығып жалаңаш күйде жалғанға
Кетем бе бір күн жалаң бір қабат жейдемен.
*****

Жүректі тербетерлік сөз қайда бар?
Соны іздеп, бас айналар, тіл байланар.
Көңілдегі зілден
Бұл жалғанда ауыр жоқ.
Сарсылдағы сабыл басым
Бәрін білген.
Оны сүйсең махаббаттан тәуір жоқ,
Қызға да емес, құзға да емес, құсқа да емес,
Сүйіп өтетін, құлап өлетін, ұшқым келетін,
Бұл басқа күй.
Сені Ол сүйген, сен де Оны сүй.
Жамал керек,
Бұл сөзім болса да көпке ерсі,
Амал керек
Өнегелі, шымырлатқан тамырдағы қанымды.
Мен тұнықтық іздесем де,
Бал ішінен шығу мендей әлсізге ауыр.
Қай сөзім бар мінімді ақтар?
Қай қылығым сүйінерлік,
Мүлде шашылғым жоқ,
Жинасам бір есімді.
Сусағаным бұл анық жай.
Бұлтарарлық сөзім де жоқ,
Бұлданарға тым көрбілте ем дей алман,
Күрсінемін, күрсінсем оттан да ыстық демім.
Қуарғым жоқ,қуанарлық жайға жетпей.
Күлкі өлтірсе қайғым сол болар.
Мұңым ғана балдай тәтті,
Бар жүрісім жанға батты,
Сыр осылай төгілді.
*****

Алысқа қанат қағасың, еркем,
Бағыңды бәлкім табасың, еркем.
Жаныңнан Хақтың нұры өшпесін,
Шындықты сонда табасың көркем.

Үлбіреп өскен гүлдейсің, еркем,
Өмірдің мәнін білгейсің, еркем.
Толқыған нұрлы Айдайсың әсем,
Нұр төккен жерге Күндейсің көркем.

Өзіңді қимай қаламын, еркем,
Сағынып әнге саламын көркем.
Жүрегім сен деп егілген кезде,
Іздесем қайдан табамын, Еркем?
Жазылған өлеңдердің авторы Абай Қалшабек

3 пікір

Albina97
«Сағындым» мен «Күту сәттері» қатты ұнады
yesbolat83
Тамаша жазылған дүниелер. Әсіресе, Томаға тұйықпын және Томириске (қателеспесем, кішкене қызы болуы керек) арнағаны ұнады.
MSHERIMBEK
Ооооу, әулие кісілер ғой):))))
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.