ЕҢ ӘДЕМІ ФОТОСУРЕТ

ЕҢ ӘДЕМІ ФОТОСУРЕТ

(Баллада)

...Қайшы. Желім. Қағаз. Сурет. Ескі альбом.
Ескі альбомда – өткен ғасыр… жас дәурен.
Мына сурет – ең бақытты кезім-ау,
Бірге жүрген Алматылық достармен…

Мына сурет – табиғатсыз, аспансыз,
Мына сурет – мағынасыз, астарсыз.
Мына сурет – ең бақытсыз кезім-ау,
Жалғыз жүрген… сенсіз және достарсыз…

Мынау – менмін, он бес жасар «жігітпін»,
Мынау – кім, ей?! Кім екенін ұмыттым.
Мынау – әлгі, сен қызғанған сурет пе,
Сұлуымен сүйістің деп түріктің…

Мынау – сені күткен кезім сарылып,
Мынау – сені жүрген кезім сағынып.
Сағыныштан сарғаяды-ау сурет те,
Сосын, ол да қараяды-ау қамығып…

Сурет, сурет, сурет, сурет – айналам,
Мынау сенсің – шашыңа гүл байлаған.
Мынау да сен – айна алдында боянған,
Кімге қарап тұр екенсің айнадан?!

Бөлек түскен суретіміз көп екен,
Бірге түскен суретіміз жоқ екен.
Бірге түскен бір суретке зар қылған,
«Өмір-жалған» деген осы, о, көкем?!

Сурет, сурет, бір қап сурет – айналам,
Суреттерді шыр-көбелек айналам.
Бірге түскен суретің не, ол кезде
Бірге өмір сүрерміз деп ойлағам…

Сенің бейнең – жанарымда сақталған,
Сенің бейнең – жан-дүниемді ақтарған.
Сенің бейнең – өң мен түстей бір әлем,
Ащы естелік, қышқыл сезім, тәтті арман…

Көргенімде кейде сені сыртыңнан,
Көз дірілдеп, қарашыққа мұң тұнған.
Екеуіміз – екі бөлек суретпіз,
Абайсызда ортасынан жыртылған…

Барлығы бар, фотограф бар, ақша бар,
Тек сен жоқсың… жоқ ешқандай хат-хабар.
Бізді бірге түсірмеді-ау суретке
Өмір дейтін фотограф, пәтшағар…

Тағдырымды бір Құдайға тапсырып,
Тілейінші жақсы тілек, жақсы үміт!
… Қиып алып бір жігіттің қасынан,
Қойдым сені өз бейнеме жапсырып…

Қиып алдым бір жігіттің қасынан,
Несі ұят?! Несіне оны жасырам?!
Дәл осылай қиған мені Тағдыр да,
Ол ешкімнің сипамайды-ау басынан…

Қос суретті бір қағазға желімдеп,
Жүрегімнен жан салғандай дем үрлеп.
Суретіңді сүйдім-сүйдім сүйсініп,
«Сүйіктім-ау, сүйіктім-ау менің!», деп…

Жаңа сурет – жарты бақыт, жарты бақ,
Жанарымнан Күн шыққандай жарқырап.
… Дүниедегі ең әдемі суретті
Ұстап тұрдым екі қолым қалтырап…

29 қыркүйек 2009 жыл.
Алмас ТЕМІРБАЙ

5 пікір

yesbolat83
Иәәә, бұл өмірдегі ең жаман нәрсе ол сен сүйген адам сені сүймегені.
Көргенімде кейде сені сыртыңнан,
Көз дірілдеп, қарашыққа мұң тұнған.
кейде, осының өзі бақыт-ау деп ойлайсың.
maulen
Керемет, әсіресе мына жері:
Бізді бірге түсірмеді-ау суретке
Өмір дейтін фотограф, пәтшағар
Jako
Алмас ТЕМІРБАЙ, керемет ақын, ақындардың ішіндегі ақиығы десе де болғандай.Өлеңдерін оқысам бір жасап қаламын.
muktybek
Алмастың өлеңдерін іздеп жүріп оқимын мен
Kan
керемет. бұдан артық сөз айтудың өзі артықтау
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.