ЕСКІ ЖҰРТ

ЕСКІ ЖҰРТ

Омбының бергі бетінде,
Көкшенің арғы шетінде.
Бар еді біздің ескі ауыл
Жар еді жесір-жетімге.

Өлтірер жан жоқ о, мені,
(Көзіне ілмес көнені).
Келдім бүгін еске түсіп ескі жұрт,
Келмей-ақ қойған жөн еді.

Құрғыр-ай, құрғыр, кім білген,
Құбылады деп күн мүлдем.
Құрдымға кеткен күнді ойлап қырдың басында
Құлпытас құсап тұрмын мен.

Шертеді шеңгел бір күйді,
Шау тартқан шалғын мүлгиді.
Жусаған жуас жылқыдай
Жусан шөп басын шұлғиды.

Аяқ астында жаншылып,
Арманда кетті-ай қанша үміт.
Жолаушы көзін шұқиды
Жолда өскен жалғыз тал шыбық.

«Орны бар нәрсе оңалар»,
Оңалар, сонсоң, жоғалар…
Орнына киіз үйлердің
Орнапты кірпіш молалар.

Омбының бергі бетінде,
Көкшенің арғы шетінде.
… Бар еді біздің ескі ауыл
Жоқ қазір жердің бетінде…

Алмас ТЕМІРБАЙ

2 пікір

maulen
«Орны бар нәрсе оңалар»,
Оңалар, сонсоң, жоғалар…
Орнына киіз үйлердің
Орнапты кірпіш молалар.
осы шумақ қатты ұналы, керемет!
Jako
… Бар еді біздің ескі ауыл
Жоқ қазір жердің бетінде…

Қаншама қазақ ауылдары жойылып орнына егін егіліп, тас қамалдар салынып кетті десеңші…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.