АҚ ҚАР ЖАУЫП ЖАТҚАНДА...

АҚ ҚАР ЖАУЫП ЖАТҚАНДА…

Ақ қар жауып,
Ақ қар жауып жатқанда…
Ақбозат пен Көкбозат жусап жатқан шақтарда.
Ақырғы өлең жазғандай мұңаямын мен неге,
Ақ қайыңдар ауырып, ауыр ойға батқанда?!..

Ақ жаялық. Ақ көрпе. Ақыр-соңы – Ақ кебін…
Ақ жаялық үстінде – іңгәлаған сәттерім.
Ақ көрпенің астында – аймаласқан айлы түн,
Ақ кебіннің ішінде – әлдилеген тәтті өлім…

Ақ үмітім үзілді, ақ жүрегім кірледі,
Ақ періштем бәйек боп, мен қиналған түндері.
Ақ безер де көк безер болдым кейде өмірден,
Ақыл жетіп бәріне, ақшам жетпей жүргені…

Ақ сүйектің баласы болмағанға өкінбен,
Ақсаңдаған жетімек қозыдай боп жетілгем.
Ақ жусаны аңқыған Сары Арқаның жерінде,
Ақ бораннан басқа ешкім қаққан емес бетімнен!

Аққа ─ Құдай жақ деген, қайран көңіл, қайғырма,
Ақ жолынан Аллаһтың табанымды тайдырма.
Ақиқаттан адасып, бір-бірімен таласып,
Ақырзаман баласы айналуда маймылға!

Аққу құстай жаралы жан-жүрегім не білдің?!
Ақылдыны жеңіп ең, ақымақтан жеңілдің!
Ақ тарыдай шашылған ойларымды теріп жеп,
Ақылым да бұл күні ақ тауықтай семірдің.

Ақтоқтыдай арудың ақ білегін жастанып,
Ақан сері бабамдай махаббатқа мастанып…
Ақ сағымға айналды-ау тілсіз, мұңсыз түндерім,
Ақ жастықтың шетіне тарам-тарам жас тамып.

Ақ некемді бұза алмай, өзімді-өзім шектедім,
Ақша төлеп бітірдім махаббаттың мектебін.
Ақ қояндай зымырап арман қашты алдымнан,
Ақсақ қасқыр секілді жете алмадым, жетпедім.

Ақ дидарлы Дүния-ай, кімге мойын бұрмақсың?
Ақ домбыра сияқты жырым саған тіл қатсын!
Ақ сәлделі атамның әзіліндей қымбатсың,
Ақ жаулықты әжемнің әжіміндей жұмбақсың…

Ақ қой мынау Дүния, ақ болған соң тартымды,
Ақ алтын деп мақтаймыз, алтын екеш алтынды.
Ақ жүрегі көрінген аша қалса ауызын,
Ақындардай баяғы, сүйсем, шіркін, халқымды!

Ақ сақалды шал көрсем, жолын кесіп өтпеп ем,
Ақ батасын олар да, аяп қалған жоқ менен!
Ақ түстінің бәріне қызығамын қыз құсап,
Ақ нәрсенің ішінде ақ арақты жек көрем!

Ақ пен қара астасқан арқан-тірлік ─ мойнымда,
Ақ сайтаным семіріп, асыр салды-ау қойнымда.
Ақ тілеулі жұртыма бөліп бердім мүшелеп,
Ақсарбас қой шалғандай, ойларымды сойдым да!

Ақырғы өлең, ақырғы… қойылмай қап нүктең де,
Ақ бұйрықты Ажалға сөз таба алмай түк дерге.
Ақырғы өлең жазылған ақ парақпен, сүйіктім,
Ақ жүзімді жабарсың, ақтық демім біткенде!

Ақ қар жауып жатқанда, енді 50 жылдан соң…

Алмас ТЕМІРБАЙ

4 пікір

Jako
Шіркін Алекең, жазғыш-ау, жазғыш, керемет дегеннен басқа айтарым жоқ.
Kan
Ақырып емес, асығып, бар ойларын асыл ғып осындай өлең жазған ақбоз аттай алқымы кең ақынан айналдым.
didi0393
akyl jetip barine,akwam jetpei jurgeni toshna aitylgan)))
yesbolat83
Ақ жаялық. Ақ көрпе. Ақыр-соңы – Ақ кебін…
Ақ жаялық үстінде – іңгәлаған сәттерім.
Ақ көрпенің астында – аймаласқан айлы түн,
Ақ кебіннің ішінде – әлдилеген тәтті өлім…
Өлеңнің осы жолдары қатты ұнады.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.