Сағыныш

Поэзия, менімен егіз бе едің?! /
Сағыныш… Жыр болған талайға,
Дәрменсiз еркiме қарай ма?!
Ұмытам десем де қалайда,
Ұласып барады әр айға…

Қаңтардың
Ақ қары қонақтап әр талдың,
Бұтағын басқаны секiлдi,
Сағыныш жеп-жеңiл артар мұң…
Көңiлсiз күндерден
күрсiнiп жалтардым…

Ақпанда…
Маңайды ақ ұлпа жапқанда,
Арада алшақтық өлшемге,
Шамданып, шағынған шақтарда,
Сағыныш сезiмдi сақтар ма?!

Наурыз…
Паң қыстан қырларда қалып iз,
Шатырдан «жылайды» әлi мұз…
Көктемдей көңiлiм лайсаң,
Санамда сары қыз…

Ай-сәуiр…
Айып па, алдыңа жайса гүл?!
Малданып құраққа майса бiр…
Бұл менiң халiм деп бiлгейсiң,
Тамаша сол шақтан тайса нұр…

Мамырдың
Өзiңсiз таңына таңылдым,
Бұлдамас тағдырдан бағын кiм?!
Жеңгенде шерменде жанын мұң,
Қайтейiн бағындым…

Маусымды
Қарсы алып кұлпырған бау сынды,
Күлгендей кейiптi танытам,
Дегенмен, дәметiп даусыңды,
Тағатым таусылды…

Шiлде… Жаз…
Болам ба мәнi жоқ күнге мәз?!
Сыйлашы, сыңғырлап күл де наз…
Ерiксiз аттанам ертеңге,
Үмiтiм мүлдем аз…

Тамыз… Мен
Күлкіңнен күдерім тағы үзгем,
Уақыт болатын тәрізді ем…
Өткеннің ақтарам парағын,
Өзіңді табардай әр ізден…

Қыркүйек…
Күрең күз көңiлге сыр түймек,
Орнаған сұрықсыз бiр күй кеп…
Маталдым мазасыз ойларға,
Ағыта алмастан жыр-тиек…

Қазанның
Әр таңы әкелсе мазаң-мұң,
Жүректің жарасын жазар кім?!
Гүл шағын мұнша мін түгескен
Баққа ұқсап сазардым…

Қараша
Еске сап сәттердi тамаша,
Сананы сансыз ой таласа…
Өлеңнен табам ба араша?!
Ай, қайдам бұл iсiм жараса…

Желтоқсан
Ызғары бет қарып, демдi осқан,
Сұп-суық кейпiне ендi аспан…
Торығу… Тым ауыр соны ұғу,
Жолығу, әлi алыс мен тосқан…

Сырғып күн, меңдеген «кеселім»,
Ақты айлар, таптырмас еш емін,
Өтті жыл, түгендеп есебін…
Жабығам, желкенiм жығылған,
Үмiттiң ескегiн есемiн…
Әлi де неше ай, неше күн,
Әредiк күйiмдi кешемiн?

16 пікір

AKA
Жап-жақсы өлең!
qyrmyzy
Қайдан шығады осының бәрі???
Jako
Шiлде… Жаз…
Болам ба мәнi жоқ күнге мәз?!
Сыйлашы, сыңғырлап күл де наз…
Ерiксiз аттанам ертеңге,
Үмiтiм мүлдем аз…

Тамаша айтылған…
m170785
өзіме, және басқаларына қайдам Жәке, бір екі жері ғана ұнады
Jako
Мәке, бұл өлеңнің еркшелігінің өзі әркімнің өз жасына,өз өміріне келер тұсы ғана ұнай ма дедім.Ал өлеңді тұтастай түсіну үшін біраз жасқа келіп, біраз өмір сүру керек сияқты.Мысалы өлеңдегі «Желтоқсан»айын жастар тұрмақ мен де елестетуге қорқамын.
Сырғып күн, меңдеген «кеселім»,
Ақты айлар, таптырмас еш емін,
Өтті жыл, түгендеп есебін…
Жабығам, желкенiм жығылған,
Үмiттiң ескегiн есемiн…
Әлi де неше ай, неше күн,
Әредiк күйiмдi кешемiн? 


Ал енді мына соңғы шумақ, ойлансаң ащы шындық емес пе? Қызық Талап қанша жаста екен?
Talap
21 жаста…
Jako
21-жастағы жігіт мынандай өлең жазады деп ойламаймын, копи болса сілтемесін қойғаның жөн болар еді.
Talap
Осы жылдың наурыз айында жазылған. Менен бұрын өзге біреу жариялап қоймаса… 21 жастағы жігіт сағына алмайды дейсің бе бұлай?
Jako
Мен ойымды айттым ғой,өзің жазсаң тамаша.
Talap
Кешіріңіз(дер)!!!
AyKoN
ия, Талап 21 жаста екені рас! Өмір адамды ерте есейтетін кездері болады ғой
Talap
Есейіп нені(кімді) жетістіріппіз?!
Jako
Біз оқыған өлеңдеріңнің өзі де аз істелген шаруа емес, оқылмағандары әлі де бар шығар.Жарайсың.
Kan
Ызғары бет қарып, демдi осқан,
Сұп-суық кейпiне ендi аспан…
Торығу… Тым ауыр соны ұғу,
Жолығу, әлi алыс мен тосқан…
Айтқыш ақын екен. Авторы кім????????
mairosh
сағыну деген жәмән ғой((
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.