Бір өлең...

Поэзия, менімен егіз бе едің?! /
Жыр мендiк жанға жүдеген
Болмайды демеу рас, шын,
Сонда да жаздым бiр өлең,
Тыңдашы, аздап сыр ашсын!

Өңi пәс мына мезеттiң,
Қоп-қоңыр кiлем күз жайды…
Өзiмдi, сенi сөз еттiм,
Бұл өлең жалпы бiз жайлы…

Өзiңсiз қалсам жайдым мұң,
Ойымды жүндей түтетiн,
Сен аққу болсаң, айдынмын
Оралғаныңды күтетiн…

Дестелеп жиып барамын,
Сағыныш құрап бүгiннен,
Жауқазын болсаң, арамын
Ұдайы саған үңiлген…

Санама үмiт толтырдың,
Боларсың бәлкiм байқаған,
Аймысың? Онда толқынмын
Сәулеңдi үнсiз шайқаған…

Күнсiң бе күлген аспаннан,
Әлемдi әркез әрлеген,
Шуағың жетсе жасқанған
Түнек түнмiн бе әлде мен?!

Арайың жанға жайылсын,
Сол нәзiк нұрға сыңармын,
Сен сiра, сұлу қайыңсың,
Мен… Көлеңкең ғана шығармын…

Көп сөйлеп кеттiм, доғардым,
Мәнсiз жыр тiзе берем бе?
Жеткiзе алман, жоқ, Арлым,
Сыймаймыз бiз бiр өлеңге!

Жағыну деме сөзiмдi,
Жүрегiм ғана мақтасын,
Ажарлым, арлым өзiңдi
Тiл-көзден Алла сақтасын!

Әлегiн салып әлi күз,
Тоналып жатыр бағымыз,
Таусылмай күйбең шағымыз,
Жолықпай қойдық тағы бiз…
Аман бол әсте «сары қыз»!

4 пікір

mairosh
Керемет өлен! Ұнады!
Kan
Бір өлең" дегеннен көрі «Біз жайлы» деген дұрыс секілді.
Өңi пәс мына мезеттiң,
Қоп-қоңыр кiлем күз жайды…
Өзiмдi, сенi сөз еттiм,
Бұл өлең жалпы бiз жайлы…

керемет емес пе?
Jako
Жеткiзе алман, жоқ, Арлым,
Сыймаймыз бiз бiр өлеңге!

«Бұл бір өлең ғана, оған симаспыз,әлі талайы жазылар»-деген оймен аты солай аталған болар.
Jako
Дестелеп жиып барамын,
Сағыныш құрап бүгiннен,
Жауқазын болсаң, арамын
Ұдайы саған үңiлген…

Мына жері керемет екен.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.