Шаршадым білем

Поэзия, менімен егіз бе едің?! /

Шаршадым білем,
Жантая кеткім келеді.
Миыңды жеген, құрысын бүйткен өлеңі!
Күйзеліп тапқан көңілімдегі көрікті ой,
Аузымнан түссе адыра қала береді.
Өлеңі құрсын,
Таппадым одан ұятты,
Жазбай-ақ қойдым,
Жазғаным енді ұят-ты.
Менсіз де мына ғаламат жырау-дүние,
Өзінен-өзі жырланып жатқан сияқты.
Өткізіп жылдар,
Өткізіп айлар,
Бекер күн,
Болғансып ақын,
Мұрнымды несін көтердім?!
Өлмей-ақ жүр ғой,
Өлең жазбаған адамдар,
Өлеңсіз мен де,
Өмірді бірдеңе етермін.
Жанды да жансыз,
Көрінген заттан сыр бағып,
Өлетін болдым,
Өзімнен-өзім ұрланып.
Шаршадым білем,
Жатпасам енді болмас-ты.
Жұрт кетіп жатқан
Қара теңізге бір барып…

Мұқағали МАҚАТАЕВ

10 пікір

Jolai
Менсіз де мына ғаламат жырау-дүние,
Өзінен-өзі жырланып жатқан сияқты.
Расыменде бізсіз…
maulen
Қара теңіз… батасында кетесің!
Delfina
Мұқағали атамыздың өлеңдерін қанша оқысақта тоймаймыз-ау осы)))
Jako
Шаршадым білем,
Жатпасам енді болмас-ты.
Жұрт кетіп жатқан
Қара теңізге бір барып
Қайран қарапайым өмірім-ай, қазір болса ғой Богем аралы немесе Гавай деп жазар едік те, Елбасымыздың бастамасымен сол жаққа тайып тұрар едік. Айтпақшы Елбасымыздың дана басшылығымен және бастауымен соғым сойсақ па деп отырмын.
VVVWWW
Соғымыңызды «Нұр Отан» партиясының жетекшілері қолдады ма, Жәке (оларсың сойып жүрмеңіз)
Соңғы өңделген уақыты:
Jako
Сойылды Мәке, енді еліміздегі дана партияның бастауымен(Алла өзі кешірсін) қуырдақ жерміз деп отырмын(((. Оларсыз қайда, теликті тыңдасаң әжетханаға да бара алмайтын сияқтысың ғой дана басшылықсыз.
Соңғы өңделген уақыты:
Jolai
Өлеңі құрсын,
Таппадым одан ұятты,
Жазбай-ақ қойдым,
Жазғаным енді ұят-ты.
Менсіз де мына ғаламат жырау-дүние,
Өзінен-өзі жырланып жатқан сияқты.
Керемет ақын ғой. қараңызшы Менсізде мына ғаламат жырау дүние өзінен өзііііі жырланып жатқан сияқты дейді… Ғажап…
Kan
Есіме Мұқағали ақын түссе жылағым келеді. Өлеңдерін оқысам тіптен нәшар халде қаламын.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.