Сені іздейді жүрегім

Әсем әнің сағындырды,
Сағынбаспын деген ем.
Бүгін солай – жаным мұңды,
Бақыттымын дегенмен…

Ойлағым да келмес, бірақ,
Көз алдыма келдің сен,
Жыламаймын бүгін де ұзақ,
Өткенді ойлап егілсем.

Жыламаймын, болғам жылап.
Еске аламын жай ғана.
Сол сүреңсіз уақытты ойлап,
Көңіл текке лайланар.

Байқаусызда жолығысқан,
Біз – екі елдің өкілі.
Кезіміз де жоқ ұғысқан,
Сезім солай кетілді…

Жара қалды жанда жалғыз,
Өзге белгі жоғалған.
Енді екеуміз армандамыз,
Күндер үшін тоналған.

Армандамыз сезім үшін,
Жүрек үшін жаралы.
Мен жылаймын кезім үшін,
Күндер кешкен қаралы…

Аязындай суық жаным,
Сен кезіккен сол қыстың.
Тұрмын қазір құрып әлім,
Уысында бір күштің.

Дәрменсізбін, амал қанша,
Мықтымын ғой десем де.
Жанды ұғар жан таба алғанша,
Осылай күн кешем бе?

Ұғысар жан таба алмастан,
Сені іздейді жүрегім.
Кеткен өзің жаза алмастан
Мұңдарыммен біргемін…
(05.12.2012. Сағ.: 00.40)

8 пікір

nurbanu_KAMAL
Шынайы сезіммен жазған едім. Пікірлеріңізді білгім келеді.
Kan
Байқаусызда жолығысқан,
Біз – екі елдің өкілі.
Кезіміз де жоқ ұғысқан,
Сезім солай кетілді…" Неге екенін білмеймін осы жері керемет әсер етті. Өлең жақсы жазылған. Әдемі ұйқаспен сәтті өрілген. Тек кейбір сөздердің мағнасын дұрыс қоймағансыз. Мысал:«Аязындай суық жаным,» Аяздайын десеңіз дұрыстау болар ма еді

«Жанды ұғар жан таба алғанша,
Осылай күн кешем бе?»- депсіз сәттілік жанды ұғар жан жолықсын.
Jako
Кан мырза, тамаша пікір,қосыламын.
nurbanu_KAMAL
Пікір білдіргеніңіз үшін рахмет! Тағы да қарап, қателері болса түзеймін.
maulen
Ұғысалмай, ұғылмай,
Қияға құлап бағымыз.
Бір құлап қайта жығылмай,
Талпынған тапшы тағы біз…
akmaral_toktagulova
Oleniniz ote keremet, magan katti unadi winayi sezimmen jazilgandigi anik baikaladi. Talabinizga nur jausin
nurbanu_KAMAL
Рахмет. Иә, образ емес, өз сезімім ғой.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.