Жанарым менің жасыды...

Шарасыз көңіл мұңайды,
Жанарым менің жасыды.
Қиналып тұрмын, бір жайды
Айтуым керек, асылым.

Жарам бар менің жазылмас,
Салар ол қайғы саған да.
Гүлің ем – бір мін табылмас,
Ойлан да, енді жол таңда.

Гүл едім аппақ, үлбірек,
Үзілдім бір күні жаңбырлы.
Күйіктің орны күлбіреп,
Әлі тұр, қайтем тағдырды.

Жаңбыр боп жауған, күйдірген –
Бейтаныс жанның сезімі.
Үзуге үнсіз көндірген –
Тағдырға деген сенімім…

Жанарым менің жасыды,
Айттым-ау саған бұл жайды.
Кетерсің енді, асылым,
Ақырын қолды бұлғайын…

… Жанарым менің жасиды,
Жазықсыз жаным мұң сызып.
Көңілі оның тасиды,
Тағы бір аппақ гүлді үзіп…
(31.10.2012)

6 пікір

qyrmyzy
Қыздар, жыламаңдаршы!
Жылатпаңдаршы қыздарды!
87788093659
ДУРЫС АЙТЫЛГАН ПИКИР
Kan
Керемет өлең екен!
erke_kyz
кейде жан дүниеңді, сезімдеріңді сырлас досыңа да дәл жеткізе алмайтын кездерім болады. Осындай өлеңді оқыған кезде менің айта алмай жүрген сырымның дәл өзі екенін түсіндім. «Тағы бір аппақ гүлді үзіп, көңілі тасып жүретіндер» тым көбейіп кеткен сияқты ма қалай?
salam4ik
керемет жазылған сөздер
maulen
Жанарына жас тұнған жас сулулардың жанына жылу сыйлар сыйлы азаматтардың қатары сиреп бара жатқан сыңайлы. Себебі жастардың көбі керісінше жылату үшін әрекет ететін сияқты…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.