Театрға барғым келед сенімен

Театрға барғым келед сенімен,
Жылу алып махаббаттың лебінен.
Жүрсек деймін бірге барлық мекенде,
Бөлек кетіп шулы қала «желінен».

Театрға барсам деймін өзіңмен,
Қуат алып сенің әрбір сөзіңнен.
Сеніменен сахнаға зер салып,
Көрсем деймін ғашықтардың көзімен.

Пьесаны көрсек деймін бірге біз,
Қатарласып іргемізге іргеміз.
Қараушы едік әлемге де бір көзбен,
Айырылмас ек сонда жаным, мүлде біз.

Сезсек деймін бірге отырып әсерін,
Десек деймін сонда мен де «мас едім».
Өзіңменен бақыттың нақ теңізін,
Аққудай боп армансыз-ақ кешемін.

Шыққан соң да жүрейік біз шаттанып,
Шынымызды, сырымызды ақтарып.
Кештер бізді сақтап қалсын есінде,
Іздеріміз асфальттарда жатталып.

Қатар жүрсек құшағымыз ашылмай,
Мұңаюға, сәл қайғыға бас ұрмай.
Көшелердің мың көздерін қаратсақ
Бойда тулар от сезімді жасырмай.

Қиял-көңіл қаласа да мұндайды,
Тағдыр, шіркін, тілегенді қылмайды.
Театрға қол ұстасып бара алмай,
Ғашық қыздың жүрегінде жүр қайғы.

13 пікір

maulen
Сөз жоқ Арай жақсы екен! Жүрегіндегі сезіміңді, қайғы, мұңынды театр арқылы жеткізу деген… бірақ???
kazakh_kyzy
Әрине, жеткізу үшін соны сезіну жетіп жатыр ғой… Бірағыңды түсінбедім?!
maulen
Бірағым саған қойған сұрағым… Мен білсем осы өлеңнің шыққанына бір уақыт болып қалды! Егер осы өлеңді оқыған болса, театрға апардыма дегем ғой!
kazakh_kyzy
Мәулен, ауыз ашып айта алатын тілегім емес еді ғой бұл, сол үшін де жыр боп төгілді… ол жан өзі туралы өлеңді білмейді де, білсе, бәлкім…
maulen
Менің де меңзегенім сол емес пе, мұндай жырдан тысқары қалуға болмас оған!
followme_alik
Кеттік.Билетті қай күнге алайын?
kazakh_kyzy
Рахмет, билет алатындар көп қой… Керегі біреу-ақ…
jalyn
Әдемі шыққан өлең, Әсіресе,
Кештер бізді сақтап қалсын есінде,
Іздеріміз асфальттарда жатталып.
деген тіркес маған қатты ұнады.
gulmyra
айтар жок керемет,
Қиял-көңіл қаласа да мұндайды,
Тағдыр, шіркін, тілегенді қылмайды.
Театрға қол ұстасып бара алмай,
Ғашық қыздың жүрегінде жүр қайғы.
шын-шын, ар кыздын арманыго бул...)))))) +1
kazakh_kyzy
Мүмкін… Менің де арманым…
assiya_nurlybaeva
Жақсы жазылған, Арай… Өз арманыңды, қалауыңды өлеңмен өрнектепсің. Жарайсың!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.