Ұлы рухтың қаһарманы


«...Әу баста қандай жұмбақ болсақ, қазір де сол жұмбақ қалпындамыз. Ал өнер адамдары, дарын иелері, әсіресе ақындар — болмысынан бөлек, табиғатынан тылсым, қайталанбас құбылыс, уникум...» — деп марқұм Қадір Мырза Әлі бекер айтпаса керек. Ақындар қауымы қоршаған орта, қоғам жұмбақтарын шешіп түсіндіргенімен, өздерін өздері әлі де болса түсіндіре алмай келеді. Олардың өмірі үнемі жаңарып, жаңғыру үстінде.
Адамның ішкі дүниесінің сұлулығы, жан сезімінің байлығы, өмірге деген өзіндік көзқарасы ақынды қанаттандырып, поэзияны жандандыратыны хақ. Сол поэзияны қиыннан қиыстырып, жүректен тербеп, әрбір дүниеге әкелінген өлеңіне сәбидейін қарап, мәпелейтін бірден-бір тұлға – ақын.
Ақынның қай уақытта да дерті өзінде. Өзінің дертін де, халқының дертін де ол өзінде сақтайды. Сақтап қана қоймай, сол дертті өлеңге айналдыруға тырысады. Сөйтіп, халқына жақын ақын атанады.
Еліне абырой жинап, халқының қиын-қыстау күнін жырлаумен өткен ақындарымызды қилы заман аямады. Қадіріне жетпеді… Әттең!.. Сол тума таланттардың ішінде «Қара өлең Құлагері» атанған ұлт ақыны, қазақ поэзиясының асқар шыңына жеткен Мұқағали ақын да бар.
Мұқағали – өз заманының күрделі тұлғасы. Оны түсіну сол уақыттағы қоғамға оңайға соққан жоқ. Алайда ол, сол тұңғиық тұман арасында жүрсе де, өз бағытынан адаспай, жол тауып кете берді. Туған халқының арман-мақсатын терең түсініп, өмірді сүюдің ғажайып үлгісін көрсете білген Мұқағалидің елге еткен еңбегі өз уақытында бағаланбады, қайта жоққа шығарылып, жамандалды.
Бірақ уақыт өтті, заман өзгерді, Тәуелсіздік келді, саясат жаңарды, тарихқа, оның тұлғаларына жаңа көзқарас қалыптасты. Сөйтіп, ол еңбегінің нағыз бағасына көзінің тірісінде емес, дүниеден өткен соң ие болды. Ақын мұраларын жаңаша зерттеу кезеңі қолға алынып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Сонымен, түптеп келгенде, Тәуелсіздіктің арқасында ел үшін қызмет етіп, сол үшін жапа шеккен тұлғаның еңбегі баға тауып, еске түсіріліп, өмірі мен қызметі зерттелуде. Атқарған жұмыстары көрсетіліп, оның атына мектеп, көше аттары беріліп, кітаптар шығарылуда, ескерткіштер орнатылуда. Қазірде, барлығымызды Мұқағали сынды азамат есімінің қайта жаңғырғаны қуантады.
Өткен ғасырдың заңғар жазушыларының бірі Эрнест Хэмингуэйдің: «Қаламгердің қуанышы да, қасіреті де өзгелер көрген нәрселерді басқаша көре алып, ішіне үңіле алатындығында. Олай болмағанда, ол қаламгер бола алмас еді» — деген сөзі бар. Демек, Мұқағали да басқалар әлі көре алмаған тылсым бір дүниенің куәсі болып, өзгеге түсініксіз жұмбақтың шешімін тауып қойғаны ғой… Өз шығармаларында ол түрлі тақырыпты шарпыды. Бірінде ел сенімін қастерлеуді жырласа, енді бірінде тарихта есімі өшпес мөр болып қалатын тұлғалардың ерлігі мен батырлығын жырлады, ал келесі бір шығармасында сұлулықты сол жырына арқау етті. Сонау жұмыр жердің барлық мәселесіне араласқан Мұқағали поэзиясы – ел есінде мәңгі қалатұғын құндылық.
Мұқағали… Бұл есім менің балалық шағымның шам-шырағы іспеттес. Өмір сандығымды ақтарып, қайсы бір өмір кезеңіме көз жүгіртіп қарасам да, Мұқағали сол кезеңмен қатар жүретін көлеңке сияқты. Кішкене бүлдіршіндей кезімде, оның «Фантазиясынан» бастап, «Тиме намысыма», «Сәби-Анасын» нақышына келтіріп орындайтыным, «Аққулар ұйқтағанда» поэмасындағы перзенті үшін ақылынан адасқан ананың рөлін тұңғыш мектеп сахнасында сомдағаным, жас жеткіншекке айналып, алғашқы сезімге толы жүрегім лүпіл қағып, «Сен шынымен жоғалдың ба?», «Есіңе мені алғайсың!» — деп, оның кітабы қолымнан түспей, айлы түн астында оқып отыратыным әлі есімде. Күні бүгінге дейін оның туындылары көңілімнің ажары, жанымның жұбанышы болудан қалған емес! Қалмайды да!
Ол ақын болып туғаннан кейін, ақындық ғұмырдың барлық азабына көніп, өмірдің түрлі қайшылықтарына төтеп беріп, әділетсіздікпен соңғы демі біткенше күресті. Сол үшін де ол қазақ поэзиясында өзі нықтаған ерек орны бар, шыңдаған асқар биігі бар қаламгер болып қалады.
Мұқағали Мақатаевтың қазақ әдебиетіне алып келген жаңалығы мол. Өзі бақилық болғанымен де, Мұқағалидің екінші өмірі – шығармалары арқылы жалғасады. Пәк махаббатты, патриоттық пен отаншылдықты, қазақ жерінің жазира даласын үніне қосып жырлаған Мұқағалиді өмірден озды деуге қимаймын. Оның адамгершілік пен жақсылыққа үндейтін, ұлы гуманистік идеяларға толы шығармалары әрдайым адамзатпен бірге жасай беретіндігінде ешбір күмән жоқ.
Уақыт… Неткен өткінші десеңізші!.. Шоқтығы биік ақынның өмірден озғаны өткеннің еншісінде қалды. Бүгін көзі тірі болғанда ақиық ақын сексен екіге толар еді. Осындайда өкінішке толы қазақ қауымының есіне ақынның мына бір жыр-шумағы еске түсетінін қарашы!..
«Бүгін менің туған күнім,
Ой пәлі-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай,
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойған-ай!..»
Келешек ұрпаққа мұңын шағып, сол ұрпақпен сырын шерткісі келген Мұқағалиді бүгінде халқы терең түсінді, әрбір оқылған өлеңін жанына демеу етті. Мұқағалиді музасына айналдырған жас буынның бірегейі бола отырып, өксікке толы жас жүрегіммен, мен оның әруағына мың рет тағзым етем…

2 пікір

Jurman
Ия, Назгүл сөздеріңе қосылам. Мұқағалиді бағалау былай тұрсын. Оны жақсы білетін жастар қазір ілуде біреу ғана.Мұқағали кім? десең ол әнші дейтіндер де бар екен.
Ол қандай надандар екен өзі… Мейлі, уақыт өтер, барлығы да түзелер… уақыттың еншісіне қалдырайық!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.